Путинмен күрескен ҚАЗАҚ ПАЛУАНЫ Семейде тұрады

(Дауыстар: 1)
«Путинмен күрескен палуан Семейде тұрады» дегенді естігенде кездескенше тағат таппағаным рас. «Кім болды екен, қалай кездесті, қашан күресті, қандай адам болды екен?» деген сауалдар санаға тыным бермей, Семейге жол тартқанмын. Есікті алпысты алқымдаған ел ағасы ашқан. Қарапайым. Орта бойлы, мығым денелі, жайдары жүзді жанмен әңгімеміз бірден жарасып жүре берген.

Үшкемпіров спорттық жолын Семейден бастаған

– 1968 жылы қараша айында әскерге шақырылдым, – деп бастады әңгімесін Мұрат Керімбаев. – Бара салысымен спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындадым. Көп ұзамай мені спорттық ротаға қабылдады. Әрине, әуелі физикалық даяр-лығымды, күш-қуатымды тексеріп көрді. Расында мен спорттан қара жаяу емес едім. Семейдің педагогикалық институты жанындағы денешынықтыру курсында бір жыл оқығаным бар. Содан не керек, мен өзіміздің әскери бөлімнің стратегиялық ракеталар полкінің жаттықтырушысы болып жұмыс істей бастадым. Түрлі жарыстарға қатыстық. Әуелі дивизияны жеңдік, одан кейін бүкіл армияны тізе бүктірдік. Командалық есепте де, жекелей сында да. 58 келі салмақ дәрежесінде Забайкалье әскери аймағының чемпионы болдым. Ол кезде самбо күресінде ең жеңіл салмақ 58 келі болатын. Сондай жарыстардың бірінде Ресейдің бүгінгі Премьер-министрі Владимир Путинмен жолым түйісті. Екеуміз бір топқа түсіппіз. Путин ол кезде студент. Ленинградтың заң факультетінде оқып жүрген кезі екен. Бірақ ол кезде мен оның заң факультетінде оқитынын білген жоқпын. Кейін өмірбаянын оқығаннан соң ғана білдім ғой. Сол күні бір топта төрт адаммен күрестім. Соның бірі – Путин болды. Шынымды айтсам, мен ол кезде оның Путин екенін білген емеспін. Әскери борышымды өтеп, елге оралғаннан кейін 1972 жылы Томскіде Сергей Вицеманның жүлдесі үшін самбодан бүкілодақтық турнир өтті. Сол жолы Семейден Керей Қойшыбеков, Серік Тоқтарғазин секілді жігіттерді
бастап, мен де бардым жарысқа. Сол кезде бір салмақта 66 адам күрестік. Бір қызығы, бұл жарысқа Путин де келіпті. Бірақ басқа топта күресті. Қарап қоям, түрі таныс секілді. Айтпақшы, сол күні онымен жақынырақ танысудың сәті түсті. Таныстырған, әскерде бірге борышымызды өтеген челябілік Анатолий Бондаренко деген жігіт. Путинді біледі екен. Бұрын бірге күрескен бе, әлде бір жерде бірге болған ба, әйтеуір бірін-бірі жақсы біледі екен. Сол көргеннен кейін Путинді 28 жылдан кейін бірақ көрдім ғой. Өз үйімде. Теледидардан. Жеңгең екеуміз теледидар көріп отырмыз. Теледидардан Ресейдегі Президент сайлауында жеңіске жеткен Президенттің ұлықтау рәсімі көрсетіліп жатты. Президент келе жатыр. Қараймын, түрі таныс. Әйеліме айтамын: «Мен мынаны танимын ғой. Менімен күрескен палуан» деймін. Міне, осылайша, Путинмен күрескенімді 28 жылдан кейін есіме түсірдім.
– Путинмен арадағы күрес қалайша өрбіді? Қайсыларыңыз басымдық таныттыңыздар...
– Мен ол кезде жиырма жастамын. Путин – 18 жаста. Екі жас үлкендігім бар. Соған қарамастан Путин жақсы өнер көрсетті. Бірақ мен ұпай санымен жеңіске жеттім.
1968 жылы мамыр айында Қызылжарда «Қайрат» ерікті спорт қоғамының ауыл-село спортшылары арасындағы біріншілігі өтті. Мен сол жарыста самбошы болсам да еркін күрестен үшінші орын алдым. Сол кезде Роллан Сейсенбаев мен туралы «Сапар жайлы сыр шертсек» деген тақырыппен очерк жазған болатын. Сол жарыстан кейін өзі күресті мүлде қойып кетті.

Сейсенбаевтың сағын сындырған кім?

– Роллан Сейсенбаевтың танымал жазушы екенін білеміз. Бірақ ол кісінің күрескені жайлы алғаш естіп отырмын.
– Күрескенде қандай! Сол жарыста мен 52 келі салмақта, Роллан 70 келі салмақта күресті. Жарыстың бас төрешісі Әбілсейіт Айханов ағамыз болды. Роллан осы дүбірлі додада қарсылас шақ келтірмей финалға дейін еркін жетті. Финалда да басымдық танытты. Алайда төреші жеңіп тұрса да, жеңісті бермеді. Ол кезде «Қайрат» спорт қоғамының жүлдегері болу үлкен мәртебе болатын. Спорт шебері деген атақ берілетін. Ролланмен финалда күрескен палуан көптен бері спорт шеберлігін орындай алмай жүр еді деп Әбілсейіт Айханов ағамыз бұрмалап жіберді. Кейін Рекең айтады: «Әлгі жарыстан кейін жиын өтті. Маған бапкерлер: «Сені құрамаға қалдырамыз, әлі жассың, болашағың алда, спорт шеберлігін қорғайсың» деді. «Ренжіме. Кішкене бұрмалап жібердік» деді Әбілсейіт Айханов. Сол кезде Рекең «Ой, Әбіл аға, спорт шеберлігінде тұрған бақыттың ... ұрайын» деп шығып кетіпті. Содан кейін күресті мүлде тастап кетті ғой. Реті келгенде айта кетейін, Рекең өз салмағында мықты палуандардың бірі болды. Талай мәрте чемпион атанды. Ролланның ерекшелігі сол, ол өте сұлу күресуші еді. Еркін күрестен қазақта осы Рекең мен Аманжол Бұғыбаевтай әдемі күресетін палуанды өз басым көргем жоқ. Семейде дәл осындай өнер көрсететін малдәрігерлік институтында екі жігіт бар еді. Олар – Намазбек Сайдомаров пен Әбікенов деген азаматтар еді. Бұл жігіттер Ролланның салмағында 70 келіде күресетін. Осы палуандардың күресін көруге бүкіл Семей қаласының жастары жиналушы еді. Бұл 1968–1972 жылдар шамасы. Ол кезде Рекең Семей мемлекеттік технологиялық институтында оқитын. Кейін обком комсомолда қызмет істеді. Осы ретте кезінде самбо күресінен талай мәрте чемпион атанып, талай шәкірт тәрбиелеген Бекежан Жұмажа-
нов ағамыздың есімі қай кезде де құрмет-теуге лайық екенін айта кеткім келеді.
– Естуімше, грек-рим күресі бойынша Алаш баласы арасынан алғашқылардың бірі болып Олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіров ағамыз спорттық жолын Семейден бастаған көрінеді. Рас па осы?
– 1967 жылы мен Семейдегі педагогикалық институт жанындағы денешынықтыру тәрбиесі пәнінен сабақ беретін ұстаздарды даярлайтын бір жылдық курсқа түстім. Оқуға түскеннен кейін Ақсуаттан келген үш жігіт – мен, Әнеш Демеубаев және Паша Гривков бар үшеумізді сол кездегі «Цементник» футбол командасының қосалқы тобына алды. Владимир Киселов деген бапкеріміз болды. Есімде, біз қосалқы топта ойнап жүргенде Өскеменнің «Восток» командасының капитаны болған Радионов, Евдокимов, Караваев, Ионкин, Чернов деген жігіттермен бірге жаттығып жүрдік. Ұмытпасам, 1967 жылы қараша айында Семейдегі қазіргі «Спартак» стадионын пайдалануға берді. Жаттығудың көбін сол жерде өткіземіз. Содан аяқ астынан бір күні бапкер ауысып, Әнеш екеумізді қосалқы құрамнан шығарып жіберді. Гривков волейболға кетті. Сөйтіп Әнеш екеуміз сол кездегі малдәрігерлік институтындағы самбо күресіне жазылдық. Міне, сол кезде біз жаттығуды енді бастап жүргенде Жақсылық Үшкемпіров те келіп, осы оқу орнына түсіп, еркін күреске қатысып жүрді.
Былайша айтқанда, ол кісі күрес жолын
Семейден бастады. Сосын оны негізгі бап-кері Ғали Ильматовтың рұқсатымен Лю Вин Хай деген қытай бапкері еркін күрестен грек-римге ауыстырды. Спорттағы жарқын сәттері сол кезден басталды ғой. Студенттер арасында Одақ чемпионы болды. Мен әскерден келгенде Жақсылықтың атағы дүрілдеп тұрды.
– Әкеңіз Қабдолланың әйгілі Ба-уыржан Момышұлының сенімді серігі, ординареці, жұбайыңыздың әкесі Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің ұстазы болғанын білеміз. Өзіңіз облыстың әр аумағында 20 жылдай уақыт сот саласында қызмет атқардыңыз. Сөз соңында осы қызметіңіз жөнінде аз-кем айтып өтсеңіз...
– 20 жыл, 21 күн қызмет етіппін сот болып. 1978 жылы Алматыдағы М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің заң факультетін сырттай оқып, бітірдім. 1980 жылы маусым айында Ақсуатқа сот болып сайландым. Туған жерімде бес жыл қызмет істедім. Ерекше айта кетер жайт, Ақсуатта жұмыс істеген бес жыл ішінде бірде-бір үкімім бұзылған жоқ. Одан соң Жарма ауданында екі жыл аудандық соттың төрағасы, кейін Семейдегі әділет басқармасын алты
жылдай басқардым. 1992 жылы бас арбитр болып тағайындалдым. Төрт жыл Семей облысының төрелік сотының төрағасы қызметін атқардым. Сол уақытта жас құрылған мемлекеттің экономикалық жағдайына төрелік сот үлкен үлес қосты. Кейін облыстың Бесқарағай, Көкпекті, Зайсан аудандарында аудандық соттың төрағасы болдым. Бір сөзбен айтқанда, заң қызметінде отыз жылға жуық еңбек еттім.
Ақты ақ, қараны қара деп әділдіктің сө-зін айтуға тырыстым. Осы салада жүрген жастарға айтарым – әділдік жағына келгенде батылдық керек екендігін естен шығармаса екен деймін.

Азамат ҚАСЫМ
Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz
Айдар: Семей, Қоғам

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар