Өскемен Өскемен ауа райы +5 oC
Семей Семей ауа райы +6 oC

Тоқтар СЕРІКОВ, әнші-сазгер: «Мені өнерге өлердей ғашық еткен – имандылық»

(Дауыстар: 3)
  • 22 қараша 2012, 01:51 |
  • Пікірлер: 9
Тоқтар СЕРІКОВ, әнші-сазгер: «Мені өнерге өлердей ғашық еткен – имандылық»Бала кезінен бастап, қоңыр дауысымен бүкіл қазақтың жүрегінен орын алған жерлесіміз, әнші Тоқтар Серіков жуықта Өскеменнің сауықшыл жұртына арнайы концерт берген еді. Киелі өнер мен бабамыздың байырғы кәсібі – мал өсіруді бірге алып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы азаматпен әңгімелесудің сәті түскен еді сол жолы. Өнерде де, өмірде де өз биігін бағындырған тұлғамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ақбақай бір жазда төрт-бес көлік иеленді

– Ең әуелі шығарма-шылығыңызға тоқталсақ.
– Басты жаңалығымыз – Бейбітпен, шәкірттеріммен еліміздің барлық облыстарын аралап жүрміз. Гастрольдік сапарымның ерекшелігі сол, Қанат Үмбетов пен Жақсыбек есімді өнердегі ізбасарларымды халыққа кеңінен таныстырып жатқан жайым бар. Жеке шығармашылығымда әзірге айтарлықтай жаңалық жоқ. Бұрын орындаған әндерімді студияда қайта жазып, тыңдармандарыма жаңаша бағытта, өзгеше өңдеуде ұсынбақ ниеттемін.

– Былайғы жұрт сіздің әншілік, ақындық, сазгерлік қырларыңызды жақсы біле-ді. Ел біле бермейтін тағы қандай қырларыңыз бар?
– Жаман қырларым жоқ, тек жақсы қырларым бар. Соңғы уақытта концертте өзімнің тағы бір қырымды көрсетіп келемін. Мысалы, бүгін өскемендіктерге гитарамен ән салып бердім. Өзіңіз айтып өткен ақындық, әншілік, сазгерлік өнерден басқа, атбегілігім, құсбегілігім, итті жақсы көретінім бар. Бұлардың барлығы да қазақтың ата дәстүрінде бар ғой. Сондықтан мұның бәрі де халыққа ұнайды деген ойдамын.

– Кезінде жақсы айтыскер ақын болыпсыз. Айтыстан неге алшақтадыңыз?
– Иә, он жылға жуық аламан айтыстарда бақ сынағанмын. Кейін дүйім жұртшылыққа «әнші Тоқтар» болып танылғасын, айтыскерлік өнерімді сәл тоқтата тұруға тура келді. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген… Әйтсе де, көпшіліктің алдына айтысып шықпасам да, жазба ақындығымды назардан тыс қалдырғаным жоқ. Анда-санда, шабыт келгенде өлең жазамын.

– Ақын Тоқтарға енді кітап шығару ғана жетіспей тұрған сияқты. Ол жағын да ойластырып жүрген боларсыз?
– Кітап шығару ойымда бар. Алла қаласа, ол келесі жылдың еншісіне енетін шығар. Өйткені, оған дейін уақытым жоқ. Көбіне-көп жазған өлеңдеріме ән жазып, кейде өнердегі әріптестеріме ұсынатыным бар. Әйткенмен, көпшілігін Бейбіт екеуміз ғана шырқаймыз. Айта кетейін, биыл Алматы мен Астана қалаларында үлкен концертімді бермекпін. Одан кейін өзімнің туған елім, туған жеріме келуді ойластырып жүрмін. Өткен өміріме бұрылып қарасам, мен өнерге келгелі 20 жылдан асып кетіпті, тіпті, Бейбіт екеуміздің дуэт болып, жүргенімізге де тура он жыл толып отыр. Биыл осының бәрін атап өтпекшіміз. Осы жұмыстарды реттеп алған соң өзімнің бір жыр жинағымды шығарам ба деген ой бар.

– Сіз жылқымен, жылқы болғанда оның ең бір таза қанды тұлпарларымен айналысады деп естиміз. Баптап жүрген жүйріктеріңіз жүлде алып жүр ме? Қанша жүйрігіңіз бар?
– Санын айтпай-ақ қояйын. Бұл да қазақтың бір ырымы ғой. Десе де, біраз жүйріктерім бар. Алматыдағы Ақбақай атты атымды көп ел біледі. Бір жазда төрт-бес жеңіл көлік иеленген. Бірақ, айта кетейін, мен бапкер емеспін, арнайы атбегілерім бар, тек атқұмармын.

– Бұл жүйріктерді алуға қанша қаражат жұмсайсыз, қай елдерден аласыз?
– Бағасын айтпай-ақ қояйын. Өзіме ұнаса, қалтам көтергенге дейін сатып аламын. Оларды негізі Польша, Ресей сынды шетелдерден әкелемін. Қазір сол сырттан әкелген жылқыларымнан текті тұқымдар дайындап жатырмын.

– Туған жеріңіз туралы ән шығара алдыңыз ба?
– Туған жерім – Аягөз ауданына қарасты Көксала деген кішкентай ауыл. Менің «Үкілі қыз» әнімде:
«Көксаланың қасында қалың тоғай,
Сол тоғайды паналар қалың торғай.
Самал желмен тербелген үкілі қыз,
Өмір бойы айтатын әнім болғай» деген жолдар бар. Сол Көксала – менің ауылым. Ол:
«Ауылым көшіп барады Ұялыға,
Не жетеді баланың қиялына.
Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз,
Жиналған жұрт, көпшілік зиялыға» деп келеді. Осы әннің өлеңдерін қара өлең тектес қып, сөзін өзім жазған едім. Ұялы деген – әкемнің бала күні мал баққан жайлауы. Көксала – менің туған ауылым. Ұялы мен Көксаланың атын осы әннің ішіне әдейі қосқан едім. Мұндағы бар ойым, парызым аядай ауылымды тым құрығанда ән арқылы танытсам деген ниет еді. Әрине, бұл әнді өзімдікі дегеннен Алла сақтасын, әнді халықтық әннің ұйқасымен жазғанмын, сондықтан, бұл ән – халықтікі. Ел менікі, жер менікі, бірақ, ән – халықтікі. Осы әнді қай жаққа барсам да, той-томалақтарда: «Көксаланың қасында қалың тоғай…» деп, айғайлап айтып жатады. Сондайда ауылымның аты елдің аузында ән болып айтылып жатқанына өзім іштей масаттанып қаламын.

Клипсіз-ақ танылуға болады

– Қазіргі әншінің көбі жақсы әндеріне клип түсіруде. Ал сіз ше?
– Менде клип деген атымен жоқ. Кезінде, сахнаға енді шығып келе жатқан шағымда бір клип түсіргенмін. Бірақ, ол дұрыс шықпады. Әні әдемі болғанымен, сюжеті тартымсыз болды. Содан кейін клип түсіруге қызыққан да емеспін. Жалпы, клип адамның құлақ құрышын қандырып, көзін талдыратын дүние болуы керек сияқты.

– Клипсіз де әнші болуға болады дейсіз ғой…
– Қазіргі заманда клип болғаны дұрыс. Жыл сайын өнер өлкесіне ондаған қарындастарымыз бен інілеріміз келіп қосылуда. Кейде олардың даусын бір-бірінен ажырата алмай қалып жатамыз. Сол үшін, оларды бір-бірінен айыру үшін де клип керек. Біздің кезімізде тыңдарман қауым бізді клипсіз-ақ танитын еді, бәріміздің есімімізді жатқа білетін. Айталық, Саят Медеуов, Мейрамбек Беспаев, Ақбота Керімбекова, Гаухар Қаспақованың бәрі – клипсіз-ақ танылған азаматтар.

– Бір сұхбатыңызда «ансамбль құрғалы жүрмін» деп едіңіз. Құра алдыңыз ба?
– Ансамбль құрдым деуге болады, қазір дайын. Аманшылық болса, әртүрлі ұлттық аспаптардан құралған бұл өнер ұжымын биылғы концертімде көретін боласыздар.

– Қазір өзіңіз қатарлас жігіттердің барлығы шәкірт тәрбиелеуге кірісті. Ішінде сіз де барсыз...
– Біз ұстаздарымыздан көргенімізді істеп жатырмыз. Біздің ұстазымыз бүкіл халыққа сыйлы азамат – Алтынбек Қоразбаев. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Біз тек сол үрдісті жалғастырып жүрміз. Мен негізі шәкіртті баяғыдан бері дайындап жүрмін. Мысалы, Қанат Үмбетов бұрын «Алтын самұрық» деген квартеттің құрамында болды. Квартеттегі жігіттердің ішінен Қанаттың дауысы ұнап, «осы баламен жұмыс істесе болады екен» деп жүретінмін. Бір жолы Астанаға барғанымда жолымыз түсіп, Қанат екеуміз кезігіп қалдық. Ол жігіт маған бұрынғы топтан кеткенін айтқан соң, мен оның бетіне қарап тұрып: «Қанат, менімен бірге Алматыға барып, жұмыс істеуге келісесің бе?» деп едім, бірден келісе кетті. Содан әке-шешесінің алдынан өттім де, баланы алып кеттім. Содан бері ол менің үйімде тұрады, бірге жүріп, бірге тұрып, жұмыс істеп жатырмыз. Қазір бірнеше клиптер түсірдік. Ал Жақсыбек Халелбек деген бауырым маған келгенге дейін «Ғасыр» атты топтың әншісі болған. Сонда жүріп, еңбектерін әрбіреулер жей бастаған соң өзіме шақырдым. Ол домбырада, гитарада жақсы ойнайды. Содан осы жігіттердің басын құрап, бір ансамбль құрып, жұмыс істеп жатырмыз.

– Руслан Мамытов деген шәкіртіңіз де бар еді ғой...
– Руслан қазір бөлек жүр. Себебі, қоян да көжегіне: «қанжығада көрісейік» дейді екен. Сол сияқты ол да жеке жүргенді қалады. Содан ешқандай ұрыс-керіссіз, талассыз өзін бөлек шығарып салдық. Ол өзі сазгер, менен басқа да біраз аға-інілері бар. Қазір солармен бірге. Бірақ, кезінде оны сонау алыс ауылдан алып келіп, өнерге келуіне көп көмектестім. Десе де, ешқайсысына өкпем жоқ. Ертең бір-бір шаңырақтың иесі болып, өнердің өрінде жүрсе ол мен үшін – үлкен абырой.

Беколжастың соңынан көп Олжастар ерсе екен деймін

– Сіз өнерде де, өмірде де өз биігіңізді бағындырған адамсыз. Төрт түлігі сай деп бір кісіні айтса, сізді айту керек шығар. Осындай жетістіктерге жетуге қандай қасиеттеріңіз көмектесті?
– Мені өмірге, өнерге өлердей ғашық еткен, халықты сүюге үйреткен құдірет – имандылық. Өз басым Алла жолында жүрген адаммын. Біреудің ала жібін аттаған емеспін. Біреуге өтірік айтқанды ұнатпаймын. Барды қанағат етіп, жүре беремін. Мүмкін осы қасиеттерімнен болар.

– Бейбіт екеуіңіз қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосып жатырсыздар. Ал демографияға қосқан үлестеріңіз қандай? Беколжастың бауырлары бар ма?
– Иншалла, бұл жағын да көбейтудің жолында жүрміз. Мен оған шектеу қойып жүрген жоқпын. Алланың берген сыйын қабылдап жатырмыз. Мен де осы Беколжастың соңынан көп Олжастар ерсе екен деп тілеймін. Бірақ, анда-мұнда шапқылап, көп уақыт болмай жүр. Дегенмен барлығы өз уақытымен болады деген ойдамын.

– Беколжас сіздің жолыңызды қуатын сияқты ма?
– Өнерге аса жақын деп айта алмаймын. Есесіне атқа құмар. Қарап отырсам, атқа мініп, ит жүгіртіп, аңға шыққанды көбірек ұнататын сияқты.

– Беколжасты Ақбақай сынды жүйріктеріңізге мінгізіп, аламанға қосуға қалай қарайсыз?
– Оған әлі ертерек сияқты. Мектепке барған соң мінгізетін шығармын.

– Әншілік, ақындық, сазгерлік, аңшылық... Осыншама көп өнер тегіңізде бар болар, сірә?
– Менің әкемнің әкесі – Серік. Сол кісінің көзін көрдім. Мені қасынан қалдырмай, үнемі ертіп жүретін. Ол кісі суырып-салма әрі жазба ақын еді. Қазір өлеңдерін қарап отырсам, ұйқастары керемет. Бірақ, төте жазумен жазылған, қазір үйде сақтаулы тұр. Алла қаласа, сол өлеңдерді аудартып, кітап қып, жарыққа шығару ойымда бар. Әкемнің есімі – Қадыр, ол кісінің де аздап ақындығы бар. Әнді де жақсы айтады. Бірақ, сахнаға шыққан емес, той-думанда ғана қолына домбыра ұстайды. Ал анам Маруся – қара өлеңнің базары. Өзім айтып жүрген «Үкілі қыз» әнін алғаш анамнан естідім. Бейбіт те бүгінде орындап жүрген біраз әндерін анамнан үйренді. Анам қазір жасы егде тартып қалса да, дауысының әрі кеткен жоқ. Міне, маған біткен өнер осы кісілерден дарыған болуы керек.

– Шығыс туралы ойыңызды ортаға сала кетсеңіз.
– Мен Шығыста туғаныма мақтанамын. Осы елде өсіп-өнгеніме, осы елде өнердің биігіне самғағаныма қуанамын, бақыттымын. Өскеменде ел сүйінер еңселі мешіт салған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА да осы елдің перзенті болғаным үшін алғыс айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла әрдайым қалың елдің алдында өнер көрсетуді нәсіп етсін.

Мәлімет көзі: Мұратхан Кенжеханұлы
Аltaynews.kz

Пікірлер:

Құралай | 10 желтоқсан 2012 09:41
Тоқтар өнерің өрге өрлей берсін!Мен сені салмақты да, жан-жақты тұлға ретінде сыйлаймын!Алла сені қашанда демеп-жебеп жүрсін!
Ұлпан | 5 қаңтар 2013 12:13
Токтар ага омирдын белесысын. Токтар агамыздай асыл болыныз бир озыныз бир гасыр болыныз
Ардақ Ілиясов | 18 ақпан 2013 22:58
Тоқтар аға сіздің өнеріңіз маған қатты ұнайды бақытты болыңыз. Сізбен менде сұхбаттасуды армандап жүрмін. Астанаға келсеңіз мүмкін кездесіпте калармыз. Сізге сәттілік тілеймін!
Жулдыз Сандыбаева | 21 ақпан 2013 08:57
Токтар аға жанұяңызға баянды бақыт,шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын! Сіздей азаматтар елімізде көп болсын! Алланың сізге нұры жаусын!
Айгуль Серікханқызы | 27 ақпан 2013 23:20
Тоқтар бауырым Отбасыңа амандық, деніңе саулық тілеймін. Бейбіт екеуің теледидарға ән айтып шыққанда, менің мықты бауырым деп отбасыма мақтанып отырамын. Оның өзіндік себебі бар. Тоқтар бауырым,мен Шұбартаудың қызымын. Бала кезімде Калинин совхозында тұрдық. Әкемнің аты-Серікқан, шешемнің аты-Рымкен. Бірақ әке-шешем өмірден ерте кетті. Кезінде елге сыйлы қызметкер адамдар еді. Бұны айтып отырған себебім, өзіңнің әке-шешең менің ата -анамды жақсы тануы тиіс. Өзіңнің апайың Калининде интернатта тұрғанда менің мамам меңгеруші болып істеген. Ата-анаңа барғанда менің әке-шешемді сұрарсың. Ескі көздер ғой. Өзім отбасыммен Өскемен қаласында тұрамын. Сендерге деген апайлық ақ тілегім,тек қана өздеріңе бақыт тілеймін. Тіл көзден сақтасын.Жұптарың өмір бойы жазылмасын. Үйлеріңнен сәбидің күлкісі кетпесін.
Руслан | 8 сәуір 2013 23:40
Тоқтар. Өнеріңе шығармашылық табыс тілеймін. Шұбартауға әннен қашан шашу шашасын? Ол жақта да ел бар өнерді бағалайтын
АЙ | 31 шілде 2013 09:59
МашАллА!!!Алланын нуры жаусын сізге!жануянызга бакыт тілеймін.
кулпан | 6 желтоқсан 2013 17:20
Токтар, сізге және Бибітке ұзақ өмір денсаулық тілеимін. Беколжастың қызығын көріңдер. Апаларың Кулпан.
ляззат | 17 маусым 2014 02:01
Тоқтар аға, Мақатқа қашан келіп концерт қоясыз?
Сіздің пікіріңіз
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Қазан 2014    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031