ШҚО әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бейнебайланысқа шықты

(Дауыстар: 1)
ШҚО әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бейнебайланысқа шықтыШығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бейнебайланысқа шықты. Тікелей байланыс кезінде өңір басшысы Қазақстан Президентіне Семей сынақ аймағын жапқаны үшін бүкіл шығысқазақстандықтардың атынан алғыс білдірді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы бұдан 22 жыл бұрын, тәуелсіздік таңы атқан сәтте алғаш рет жалпыұлттық Президент сайлауы өткенін және сондықтан өткен жылы еліміздің Парламенті 1 желтоқсанды Қазақстандағы мемлекеттік мереке ретінде бекіткенін атап өтті.

– Бүгінде біз қажырлы еңбек еткен жылдар ішінде елеулі нәтижелерге бірге жеттік деп айтуымызға болады. Міне, жыл аяқталып келеді, жалпы алғанда, көрсеткіштер жаман емес. Сіздерді құттықтаймын және жұмыста табыс тілеймін, – деді Президент.

«Нұр Отан» партиясы өңірлік филалдарының жетекшілері бейнебайланыс арқылы Мемлекет басшысына XV съезде жүктелген маңызды міндеттердің атқарылуы жайында есеп берді.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге Семей ядролық полигонын жабуға байланысты батыл қадамыңыз үшін барша шығысқазақстандықтар атынан шексіз алғыс білдіруге рұқсат етіңіз! Сіз полигон жабылған 29 тамызды «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні» деп жарияладыңыз, бұл бастамаға әлемдік қауымдастық бірауыздан қолдау білдірді. Сіздің сарабдал саясатыңыздың және қолдауыңыздың арқасында экономикалық дағдарыс кезеңінде, атап айтсақ, тіпті, әлемнің ең дамыған елдерінде жүздеген кәсіпорындар жабылып, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып жатқанда, жалақы мен зейнетақы мөлшері еселеп қысқарып жатқанда, Қазақстанда тұрақтылық сақталып қалды және халық дағдарыстың салқынын сезінген жоқ. Шығыс жұрты Тұңғыш Президент күнін ерекше ықыласпен қарсы алды. Егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуы және оның жарқын болашағы тек Сіздің есіміңізбен байланысты. Біз сізді және еліміздің бүкіл тұрғындарын осынау ұлық мерекемен құттықтаймыз, баршаларыңызға зор денсаулық, береке-бірлік, Отанымызға өсіп-өркендеу тілейміз! – деп атап өтті өз сөзінде Шығыс Қазақстанның әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстанның әрдайым көш басынан көрініп жүретінін және өзге өңірлер үшін көптеген салалар бойынша нағыз үлгі-өнеге болып табылатынын айрықша атап өтті.

– Аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жоғары бағаға лайық. Осы қарқынмен ел ертеңі үшін аянбай еңбек ете беріңіздер. Баршаларыңызды мейраммен құттықтаймын. Шығыс Қазақстан облысының барлық тұрғындарына игілік, амандық және бақ-береке тілеймін, – деп түйіндеді сөзін Елбасы.

Кездесу соңында «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесі Бюросының мүшесі, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымызға «Нұр Отанның» жаңа үлгідегі нөмірі бірінші партиялық билетін салтанатты түрде табыс етті.

Онлайн режиміндегі байланыс Астанадағы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жаңа ғимаратында іске қосылған «Электронды партия» жобасының негізінде жүзеге асты.

Аталмыш тың жоба тұрғындармен тікелей жүйе арқылы байланыс жасауға мүмкіндік бермек. Қоғамдық қабылдау халыққа «бір терезе» қағидаты бойынша және заманауи талаптарға сай қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, оның жеке ресми сайты да жұмыс істейді, кез келген азамат өзінің сауалын не болмаса өтініш-тілегін жолдап, білікті мамандардан толыққанды жауап ала алады.

Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі өзінің іс-шаралары туралы ақпаратты электронды түрде ұсынады.

Сонымен қатар, мұнда психологиялық оңалту шаралары да атқарылмақ. Азамат-тарға кеңес беру кезінде жанға жайлы жағ-дай жасалады. Ал ата-анасымен келген балалар үшін ойын алаңы жабдықталған.

Ержан Әбішұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар