Шығыстағы қала мен аудан әкімдері есеп беруді бастады

(Дауыстар: 1)
Шығыстағы қала мен аудан әкімдері есеп беруді бастады

Шығыс Қазақстанда қалалар мен аудандар әкімдері Үкімет басшысы Серік Ахметовтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы жөнінде есеп беруді бастады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығындағы комиссия екі күн бойы аймағымыздағы барлық аудан және қала әкімдерінің есептерін тыңдады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Құрамы негізгі басқармалар мен департаменттердің жетекшілерінен тұратын арнайы комиссия алдында есеп берген әкімдер бағдарламалардың жүзеге асырлуы туралы ғана емес, сондай-ақ өңірлердегі тез арада шешуді қажет ететін өткір проблемаларды да алға тартты.

Айталық, Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин Алакөл жағасын абаттандырумен және жазғы демалыс маусымында санитарлық тазалау жұмыстарымен айналысатын арнайы кәсіпорын құруды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Аймақ басшысы бұл бастамаға қолдау танытып, қазірдің өзінде жылына 200 мыңнан астам адам келетін Алакөл келешекте туристердің ең сүйікті мекеніне айналып, қырғыздың Ыстықкөлімен лайықты бәсекелесе алатынын да атап өтті. Ол үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет.

Ауданда пластикалық құбыр шығаратын зауыт және Қытай елімен бірлесіп шағын су-электр стансасын салу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар жүзеге асса, ауданның қазынасына қосымша салық түсері анық. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ауданда 77 жоба, ал «Тірек ауылдарды дамыту» бағдарламасы бойынша 89 жоба орындалыпты. «Ақбұлақ» бағдарламасы арқасында алдағы уақытта Таскескен, Қарабұлақ, Алтыншоқы және тағы да бірқатар ауылдарда ауызсу құбырлары тартылмақ. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ауданда биыл бар-жоғы 3 жұмыс орны ашылған. Бұл, әрине, аз. Облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды ширата түсу қажет екенін баса ескертті.

Ал, Күршім ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері алаңдаушылық туғызады, жыл соңына дейін бюджет қаржысы толық игеріле ме деген қауіп те жоқ емес. Мұнымен қоса, аудандағы ауылшаруашылық жерлердің тек 60 пайызы ғана пайдаланылуда. Облыс Әкімі тарапынан берілетін тапсырмалардың іске асырылу қарқыны да сылбыр, орындалғандары небәрі 76 пайызды құрайды. Аудан әкімі Алтайбек Сейітов осы бағытта қызу жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ауданның рейтингісі тұрақты болмаса да, нақты жетістіктер де жетерлік. Мәселен, болашағы жоқ елдімекендерден азаматтарды көшіру жоспары 140 пайызға орындалған, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы табысты іске асырылуда. Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ольга Кузовлева ауданда бірнеше қызықты жобалардың қолға алынғанын, ал қарыздардың қайтарылымы бойынша ешқандай мәселелердің жоқ екенін атап өтті.

Аягөз ауданының әкімі Нұрлан Нұрғалиев өз есебін осы жылғы жоғарғы көрсеткіштерден емес, керісінше төмен нәтиже көрсеткен салалардан бастады. Және олардың себептерін де нақты деректермен түсіндіріп берді. Аудандағы көкейтесті мәселелердің бірі – ауылдық жерлерде әлі күнге шекті дәрігерлердің жетіспеуі. Биыл ауыл ауруханаларына бір-ақ жас маман келіпті. Қылмыстық ахуал да оңалмай тұр. Ауданда сыртқы бейнебақылау камераларын орнатуға 58 миллион теңге қаржы бөлініпті, олар ең қауіпті деген учаскелерге қойылған. Бұл шара қылмыстардың санын қысқартып, олардың ашылу көрсеткішін жақсартуы тиіс. Халықтың суды тұтыну мөлшері төмендеген, бұл сумен қамтылу деңгейінің кемігенін білдірмейді. Себеп – есептегіш құралдардың жаппай орнатылуы, тұрғындар үнемшілдікке үйрене бастаған.

Есептерден белгілі болғандай, Көкпекті ауданында да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер төмендеген. Қаржының игерілуі мұнда 99,1 пайызды құрап отыр, жыл соңына дейін ол 99,8 пайызға жетіп, жалпы аудан бойынша 7 миллионнан астам теңге игерусіз қалады деп болжануда. Сондай-ақ, Көкпектіде «Терможаңғырту» бағдарламасы бойынша әлі бірде-бір жоба көзделмепті. Ал, ауданда жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер саны жетерлік.

– Бұл – ауданда аталмыш бағдарлама бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмейді деген сөз. Қаражат толығымен игерілуі керек. Елдімекендердің ауызсумен қамтылу деңгейі 40 пайызды ғана құрайды, облыстағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі – осы. Сондай-ақ, экономикаға тартылған инвестиция көлемі де көңіл көншітпейді, – деді облыс әкімі.

Келесі кезекте есептік баяндаманы Глубокое ауданының әкімі Нұрлыбек Шерубаев жасады. Облыс орталығының іргесінде орналасқан бұл өңір де өз әлеуетін толық көлемде пайдалана алмай келеді. «Терможаңғырту» бағдарламасы бұл ауданда да қолға алынбапты. Аудан әкімі тұрғындарды енді ғана осы бағдарламаға қатысуды көндіргенін айтады. Бірақ, жыл аяқталып қалды, жұмыстар енді келесі кезеңге қалып отыр. Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаға да осы ауданнан ешбір жоба енбеген.

Әкімдердің бұл есебі формасы жағынан емтихандарды еске түсірді. Комиссия мүшелері «талапкерлерді» сансыз сұрақтың астына алумен болды. Ал, әкімдердің өздері мұндай есептер ауданның ең басты мәселелерін кең көлемде және жоғары деңгейде талқылауға мүмкіндік беретінін жасырмады.

Облыс әкімі ең басты мәселе бюджетті барынша толық игеру, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша барлық міндеттемелерді және өз тарапынан берілген тапсырмаларды дер кезінде орындау болып қалатынын атап көрсетті.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар