«Алтай Альпісі» тау шаңғысы кешенінде қысқы демалыс маусымы ашылды

(Дауыстар: 1)
«Алтай Альпісі» тау шаңғысы кешенінде қысқы демалыс маусымы ашылды

«Алтай Альпісі» тау шаңғысы кешенінде қысқы демалыс маусымы ашылды. ШҚ облысы орталығынан 24 шақырым қашықтықта орналасқан кешеннің жаңа маусымының ашылуына мектеп және колледж оқушылары, студенттер мен жастар, Өскеменнің тұрғындары қатысып, көңілді демалды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Біздің кешендегі құрылғылар мен шаңғы жолдары барлық жағынан стандарттарға сай келеді. Әуесқойлар және кәсіпқойлар үшін сырғанау аумағы ұлғайтылып, жаңа беткейлер игерілді. Таудан төменге қарай спорттық құлдилау жолының есептік ұзындығы демалушылар мен спортшылардың жылдамдықты арттыруына мүмкіндік береді. Ал шаңғы тебуді үйренушілерге арналған ыңғайлы жолдар да бар, – деген нұсқаушы Александр Гладченко шаңғымен сырғанау жолдарын қысқаша таныстырып өтті.

Мұнда биіктігі бір мың метр болатын таудың басына жылдам көтерілу үшін салынған аспалы құрылғылы қанатты жол жұмыс істеп тұр. Демалушылар жалға беретін пункттен өздері қалаған тау шаңғылық керек жабдықтарды және жалпақтығы мен техникалық сырғанауы жағынан әртүрлі шаңғыны алып, көтергіш құрылғының жанына келді. Тәжірибелі нұсқаушылар оларға шаңғымен, сноубордпен қалай сырғанау жөнінде кеңес беріп, өздері де тынығушылармен бірге тау басына көтеріліп бара жатты.

– Бірінші рет біздің колледжден он бес оқушы келдік. Табиғаты көрікті, ауасы таза, таулы жер екен. Нұсқаушылардың көмегімен үйренушілерге арналған жайдақтау жолда таудан төмен сырғанап, шаңғы және сноуборд тептік. Шаңғыны мектепте жүргенде тебетінбіз. Атпен серуендедік. Бізге ұнады. Демалыс күндері тағы келеміз, – деді Құмаш Нұрғалиев атындағы колледждің оқушысы Жансая Заманбекова.

Осы кешенде тынығушыларға қолайлы жағдай жасалғанын айқын аңғаруға болады. Сондай-ақ, қысқы спорт түрлерінен республикалық, облыстық жарыстардың көпшілігі осы жерде өткізіледі. Облысымыздың спортшылары ірі жарыстарға қатысардың алдында оқу-жаттығу жиындарын да осында өткізетін болған.

– Біз спортшы фристайлшылармыз. Үш жылдан бері спорттың осы түрімен айналысудамын. Шаңғы жолымен қалай құлдиласаң да, ешкімге кедергі жасамайсың. Көз мөлшерімен қарасаң бірталай жер сияқ-ты көрінгенімен, тауға көтерілуге де соншалықты көп уақытың кетпейді. Республикалық жарыстарға қатысып жүрмін. Спорт шеберлігіне үміткер талабын орындадым. Арманым –
әлем чемпионы болу, – дейді Өскемендегі №40 орта мектептің оныншы сынып оқушысы Костя Горлачев.

Қысқы мерекеде ұйымдастырылған әртүрлі ойындар мен жарыстарда «Үміт» балалар үйінің тәрбие-ленушілері, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері және басқалары белсенділік көрсетті.

– Осында келетінімізді біліп, қуанған едім. Қыста тау ішінде демалғанды ұнатамыз. Бүгін шаңғы тептік. Демалысты өте жақсы өткіздік, – деді Өскемендегі №44 орта мектептің алтыншы сынып оқушысы Әнуар Кеңесбеков.

Таудың баурайында қар ерте түскен жылдары қараша айынан бастап, сәуір айына дейін шаңғымен сырғанауға болады. Әуесқой серуеншілер, шаңғышы туристер көп шоғырланатын кешенде автокөлік коятын арнайы орын жасақталыпты. Мұнда тау шаңғысына керекті жабдықтарды жалға беретін пункт, асхана, қонақ үйі бар. Тау шаңғышылары мен демалушылардың көңілді тынығуларына қолайлы жағдайлар жасалыпты.


Әлімжан Қадылбекұлы
суретті түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар