Шығыс Қазақстан облысының күндері Астанада басталды

(Дауыстар: 1)
 Шығыс Қазақстан облысының күндері Астанада басталды

Кеше Шығыс Қазақстан облысының күндері Астанада басталды. Аталған шара аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев елордада оқып жүрген шығысқазақстандық студенттер және спортшылармен кездесті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Сонымен қатар, осы күні Конгресс-холл сарайында біздің өңіріміздің өнерпаздарының қатысуымен «Шұғылалы Шығыстан – арайлы Астанаға» атты гала-концерт астаналықтардың назарына ұсынылды.

Туған жерге туын тіккен жас мамандар баспанасыз қалмайды


Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен аймақ басшысының жастармен кездесуіне бүгінде Астанада қызмет атқаратын, есімдері елге танымал Сейіт Қасқабасов, Кеңес Юсупов, Әлібек Асқаров, Тұрсын Жұртбаев, Несіпбек Айтұлы секілді Шығыстан шыққан зиялы қауым өкілдері де қатысты. Айта кетейік, бұл кездесуге аталған білім ордасымен қатар С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетте және осы қаладағы тағы басқа да оқу орындарында білім алып жатқан шығысқазақстандық студенттер арнайы келді.

Кездесуді аталған университет ректоры Ерлан Сыдықов салтанатты түрде ашқаннан кейін сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ең әуелі биыл аймақта әлеуметтік-экономикалық және мәдени бағытта атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, биылғы он екі айда Шығыс Қазақстан облысы 2 трлн. теңгенің ішкі өнімін өндірген. Өңірде 1 млн. тонна астық жиналған. Бұл – облыста бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сонымен қатар, аймақта құс өнімдерінің 150 түрін өңдеп, экспортқа шығара алатын құны 15 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыт іске қосылған. Облыс елімізде мал шаруашылығы дамыған облыстардың алғашқы үштігіне енген. Әсіресе, аймақта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

– Бүгінде республикамыздың өзге аймақтарындағыдай біздің облысымызда да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл аяғына дейін облыста 276 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріледі. Әсіресе, жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге көп көңіл бөліп жатырмыз, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысының аузынан осындай жағымды жаңалықты естіген кездесуге келген студенттер қол соғып, ризашылықтарын білдірді.

Сонымен қатар, облыс әкімі бүгінде өңірде жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлініп, биылдың өзінде ғана 70 жетім баланың бас-паналы болғанын айтты. «Мейірім» атты арнайы акцияның қолға алынып, аталған шара аясында қалталы азаматтар банктен әрбір жетім баланың атына шот ашып, ай сайын соған ақша аударып отырғанын, нәтижесінде бала ер жетіп, оқу бітіргенде баспанасы да-йын тұратынын жеткізді.

Аймақ басшысының сөзінен кейін кездесуге келген студенттер мен спортшылар өздерін толғандырған һәм қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Сауалдардың дені жұмыс орындары мен облыстың экологиясына қатысты болды. Облыс әкімі жастардың әр сауалына тұщымды жауап қайтарып, бүгінде елордада білім алып жүрген жастарды оқуларын бітіргеннен кейін туған жерлеріне оралып, елге қызмет етуге шақырды. Қазірде облысқа 200 мұғалім мен 400 медицина маманының жетіспейтінін жеткізген аймақ басшысы диплом алған бойда облысқа оралған жас мамандарға баспана жағынан көмек болатынын айтты.

Бұл кездесуге дзюдодан халықаралық және ел ішіндегі жарыстардың жүлдегері, өскемендік Нариман Адамбек те арнайы келіпті. Еуразия ұлттық университетінің бірінші курсында оқитын спортшы жігіт облыс Әкімінің оқуды тамамдаған соң ел жаққа қайту туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Алайда, туған жерге бармастан бұрын, жүзеге асырғысы келетін өзінің алға қойған мақсаттарының бар екенін жеткізді.

– Бірінші кезекте Олимпиада чемпионы болсам деймін. Қазірде соған күш салып жүрмін. Бұйырса, сол мақсатыма жеткеннен кейін Өскеменге қайтамын деп ойлаймын. Неге десеңіз, мен үлкен белесті бағындырсам, тәрбиелейтін шәкірттерім де талай асуларды оңай бағындыратын болады, – дейді Нариман.
Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың атынан Астанада білім алып жатқан шығысқазақстандық 30 студентке арнайы сыйақы табыстады. Сонымен қатар, осы кездесуді ұйымдастыруға ұйтқы болған Еуразия ұлттық университетіне микроавтобус сыйға тартылды.

Төр Алтайдың өнерпаздары алып шаһарды әнге бөледі


Осы күні кешкісін астаналықтар мен Астана қонақтары Конгресс-холл сарайында Шығыс Қазақстан облысының Астанадағы күндері аясында ұйымдастырылған «Шұғылалы Шығыстан – арайлы Астанаға» атты гала-концертті тамашалады. Айта кетейік, бұл гала-концертке облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев пен Парламенттің бірқатар депутаттары қатысты.
Залға жиналған өнерсүйер қауым ең алдымен «Бабалар үні» атты этнографиялық композицияны тамашалады. Асқақ Алтай десе, алаш баласының жүрегі елжіреп тұрады. Өйткені, Алтай – бұл ежелгі түркілердің атақонысы. От жаққан отаны да осы – Отүкен.
Ал шығысқазақстандық өнерпаз-дардың залда отырған көрерменнің көңіл түпкіріндегі Алтайға деген сағынышты түртіп оятып жібергенін қайтерсің. Өнердің құдіреті деген де осы болса керек. Қашан да өнердің бесігі болған киелі Шығыс өңірінің өнерпаздары бұл жолы да жұртшылықты таңғалдырып, тамсандырды дерсің.
«Мәдениет саласының үздігі», дәстүрлі әнші Берік Омаров Әсет Найманбаевтың «Інжу-маржанын» аңыратқанда, залда «па, шіркін!» деп шапалақ ұрған көрерменнің де қарасы көп болды. Ал Шығыстың жас әншісі Елизавета Минулина Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлауын» тамылжыта салғанда, залда сүйсінбеген жан қалмады. Евгения Ложкина Ескендір ағамыздың «Аңсағаным» әнін қазақтың әншісінен кем орындаған жоқ. Халықаралық конкурстардың жеңімпазы Евгений Выблов «Алға, қазақ жігіттері» деп ән салғандағы залдағы көрермендердің алған әсері тіпті бөлек. Қазақтың жігіттерінің жігерін жанитын рухты әнді Евгений де ерекше бір сезіммен шырқады.
Сонымен қатар, мәдениет саласының үздігі Гүлдана Ноғайбаева, Шәмші Қалды-
аяқов атындағы халықаралық конкурстың жүлдегері Нұргүл Қабдоллаева, республика-лық байқаулардың лауреаты Медет Қали-қайдар, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, мәдениет қайраткері Ғибрат Азубаев, тағы басқа да өнерпаздардың салған әндері де көрермен көңілінен шықты.
Осылайша көрермен қауым өздеріне рухани нәр мен қуаныш сыйлаған төр Алтайлық өнерпаздарға риза болып тарасты.
Айта кетейік, облыстың Астанадағы күндері бүгін де өз жалғасын табады.
Бүгін астаналық тұрғындар үшін арнайы
ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Шығыстың бал мен панты секілді брендтік өнімдері саудаға түсетін болады.

Олжас Әбілұлы

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар