Алаш арыстары қамалып, бертін Қайрат Рысқұлбеков қаза болған Семейдегі түрме туралы

(Дауыстар: 1)
  • 24 қаңтар 2014, 12:50 |
  • Пікірлер: 7
Алаш арыстары қамалып,  бертін Қайрат Рысқұлбеков қаза болған Семейдегі түрме туралы

Семейліктер шаһар орталығындағы көне түрменің тағдырына алаңдаулы. Апатты жағдайда деп танылған ғимарат 2006 жылы қалалық прокуратураның шешімімен жабылған болатын. Ендігі арада орнынан сүріле ме, әлде қорғауға алынған нысан ретінде тізімделе ме, нақты шешімін таппай отыр.

Деректерге сүйенсек, бұл тарихи нысан 1773 жылы Ресей патшайымы Екатерина ІІ-нің бұйрығы бойынша салынған. Ғимараттың төбесінен қарағандағы пішіні Е үлгісінде болуы бұл деректі нақтылай түседі.

Ерекшелігі сол, соңғы жылдары тергеу изоляторы болған қос қабатты ғимарат алғашқы келбетін сақтаған. Кейбір бөліктерінің қабырғасына жарықшақ түскені болмаса, әлі де еңселі. Тек құқыққорғаушылардың пікірінше, мұндағы камераларға қамау – тұтқындар құқығын бұзу әрі халықаралық стандартқа сай келмейді екен. Жабылуына бұл да себеп болған-ды.

Мекемеде 1990 жылдары басшылық қызмет атқарған полиция полковнигі Әлихан Омарбеков оның қазақ тарихындағы орны ерекше екенін айтады. Сол себептен қолданыстан қалған нысанды сүріп тастамай, кейінгі ұрпаққа ескерткіш ретінде қалдыруды ойластырған жөн. Бірақ қалай? Бұл мәселе көне түрмеге алаңдайтын көпшіліктің алдынан да көлденеңдейді.

- Айтылып, жазылып келген деректер бойынша осы түрмеде өткен ғасыр басында ақын-композитор Мәди Бапиұлы қамалған. Ал сталиндік репрессия жылдары алашорда арыстарының уақытша тұрағы болды. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновтың осы тергеу изоляторында НКВД тергеуінде болғаны туралы мұрағат деректері бар. Ғимараттың құпиясы да мол. Мәселен, 1930 жылдары Абыралы көтерілісіне қатысқан шаруаларды осында қамағаны жайлы құжатты ҰҚК мұрағатынан кездестірдік. Алайда, олардың босатылғаны немесе Сібірге айдалғаны жайлы мәлімет табылмады. Кірген із бар да, шыққан із жоқ. Барлығының дәм-тұзы осы түрмеде таусылуы мүмкін деп топшылаймыз. Бір бұл емес, түрме тарихындағы ең құпия қылмыс 1988 жылы мамырдың 21 күні орын алды. Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков осындағы 21-ші камерада қаза болды. Сол себептен көне оқшаулағышты қазақтың қанмен жазылған тарихының бүгінге жеткен куәгері деп санаймыз, – дейді отставкадағы полковник.

Бұл орайда, халықаралық «Абай» қорының президенті, Абайдың жиені, зерттеуші, ардагер журналист Балтабек Ерсәлімовтің де айтары көп.

- Мұндай тарихи маңыздылығы жоғары ғимарат қазақ елінде некен-саяқ. Осындағы тар қапаста алаштың талай маңдайалды тұлғалары өмірінің ақырғы күндерін өткізді. Мәселен, Шәкәрімнің Ғафур есімді ұлы азаптауға шыдамай өзіне қол жұмсағаны әлі ұмытылған жоқ. Сол себептен мемлекет тарапынан қамқорлыққа алу қарастырылса, – деген пікірде.

«Батыс елдерінде ұлы адамдарының бір түстеніп кеткен жеріне де ескерткіш белгі орнатады. Осындай ерекше нысандарды келешекке жеткізу арқылы тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеп отырамыз» дейді қаладағы зиялы қауым.

Дегенмен бұл орайда Семейдің бас архитекторы Қалдыбек Қоқилановтың пікірі өзгеше.

- Жалпы, көне нысандар екіге бөлінеді. Тарихи ескерткіш және тарихи архитектура. Ал тергеу изоляторы болған ғимарат мұның екеуіне де жатпайды. Бір себебі, түрменің ішкі бөлмелері әр жылдары ауыстырылған. Сондай-ақ, нысанды сүріп тастау туралы мәселе Кеңес дәуірінде де көтерілген. Мәселен, 1971 жылы Семейдің жаңа бас жоспары бекітілген шақта бұл оқшаулағышты бұзып, орнына 9 қабатты тұрғын үй салу көзделген еді. Бірақ, белгісіз себептермен жүзеге аспай қалды, – дейді Семей әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы.

Бүгінде өңір өлкетанушылары көне ғимаратты сақтап қалудың жолдарын ойластыруда. Осы орайда, бұл жерден абақты ботқасының дәмін татқысы келетіндер үшін түрме сипатындағы қонақүй ашу көзделген-ді. «Мұражайға айналдырайық» деушілер де табылды. Алайда, ескі үй кез-келген сәтте құлап, үйіндіге айналуы мүмкін деген уәжбен ұсыныстар құзырлы орындар тарапынан құпталмады.

Семейде осыған дейін тарихи маңызы болғанмен, шаһар шырайын бұзатын бірқатар ескі ғимараттар бұзылды. Олардың орнына сәулеті келіскен банк, кәсіпкерлік нысандары бой көтеріп жатыр. Демек, еденіне қан мен көз жасы сіңіген көне түрмеге де кезек келген тәрізді.

Қуаныш Шәкенұлы
Мәлімет көзі: Munara.kz
Айдар: Семей, Қоғам

Пікірлер:

Айзере | 24 қаңтар 2014 13:26
Бұл түрме қазір жұмыс істеп тұр ма соншалықты алаңдайтындай? Түрмеден құдай сақтасын құласа құлай берсін нелеірің бар онда
Баке | 24 қаңтар 2014 13:31
Түрменің құлап қалғаны жақсы. Бұрындары қазақ даласында түрме деген аты затымен жоқ болған орыстардың келуімен пайда болған мына түрме дегеніңіз сондықтан түрме құласа құлдық санадан арыламыз. Адамдарды түрмеге жапай оданда басқалай жазалау керек
АнАнДи | 24 қаңтар 2014 13:33
Алаш арыстары қамалып, бертін Қайрат Рысқұлбеков қаза болған Семейдегі түрмеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізейік, кезінде алаштың азаматтарын аман сақтап қала алмасақта олар жатқан түрмені сақтайық ағайын
Маржан Народныйдан | 24 қаңтар 2014 13:36
Түрмені мұражай қылып қойыңдар))))хихихихи
Магнум | 24 қаңтар 2014 17:27
Жаңа көпірдің мағындағы шіркеу аялдамасының маңында орнадасқан бұл түрме әлі істеп тұр! Ол ол ма, көбі біле бермейтін құпия ақпарат, түрменің подвалынан да төмен түсетін бас-аяғы оқ түгіл дауыс естілмес қалыңдықтағы темір есіікпен бекітілген ұзын дәліз бар (коридор). Аяғына дейін жүрсең Ертіске бірақ шығасың, бұрынғы алаш арыстарымен басқа да адамдарды сол дәліздің түбінде атқан. Қабырғасына қанша ғасырдан қан мен қайғы сіңіп қалған бұл түрмені құрту керек! Оның ішіне адам түгіл жарық та түспейді!
Еркін | 24 қаңтар 2014 20:10
Мына түрмені кранмен траірмен барып өзім құлатып тастамасам))
Эврика | 24 қаңтар 2014 20:12
Қаз мына түрмеде отырған адам жоқ па негізі жаман ойлап қалмаңдар сұрайын дегенім ішінде ешкім жоқ болса бұны жарып жіберу керек бомбычкамен бырақта))))
Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар