Спешиал Олимпикс бағдарламасының көмегімен Шығыс Қазақстанға 185 мың АҚШ доллары тартылды

(Дауыстар: 1)
  • 24 қаңтар 2014, 14:45 |
  • Пікірлер: 10
Спешиал Олимпикс бағдарламасының көмегімен Шығыс Қазақстанға 185 мың АҚШ доллары тартылды

Спешиал Олимпикс бағдарламасының көмегімен Шығыс Қазақстанға бір жылда 185 мың АҚШ доллары тартылды. Бұл жайында ЮНИСЭФ – Спешиал Олимпикс бағдарламасын таныстыру кезінде айтылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жиынға ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев, ЮНИСЭФ-тің Қазақстан Республикасындағы өкілі Джун Кукита, Спешиал Олимпикс қозғалысы жаһандық даму департаментінің вице-президенті Дэвид Евангелиста, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысты.

2012 жылдан бері осы халықаралық ұйымдармен бірлесе облыс аумағында жүзеге аса бастаған «Зияткерлік мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзивті қоғамды ілгерілету» жобасы биыл да жалғаспақ. Өткен бір жылдың ішінде түрлі демеушілер мен халықаралық ұйымдардың, жергілікті серіктестіктердің көмегімен жиыны 185 мың АҚШ долларын тартып, бес бірдей бағдарлама бойынша жұмыс істеген бұл жоба тек жарымжан балаларға көмек көрсетіп қана қоймай, волонтерлік қозғалыстың бұқаралық сипат алуына септігін тигізген.

Аймақ басшысы осындай маңызды жобаның тұсаукесері Шығыс жерінде өткізілуі көңіл қуантатынын атай келе, өңірде аталмыш бағдарламалардың көмегіне 4300 баланың мұқтаж екенін жеткізді.

– Жетім мен жесірді, мүгедек пен жарымжанды жебей жүру – қазақ халқының қанына сіңген қасиет. Облыстағы 11 мың мүгедек баланың үштен бір бөлігінен астамы жарымжандар болып саналады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл балалардың қоғам өміріне мейлінше еркін араласуына барлық жағдайлар жасалып жатыр. Сіздердің қызметтеріңізге мұқтаж балалар көбінесе Өскемен, Семей, Риддер, Зырян, Аягөз қалаларында шоғырланған. Олардың барлығы жобаның игілігін бүгінге дейін сезініп үлгерді. Ал Үржар ауданында облыстағы арнайы мамандандырылған екі мектеп-интернаттың бірі орналасқан. Тағдырдың сынағына тап болған кішкентай отандастарымызды спорттық шараларға қатыстырып, медициналық көмек көрсетумен ғана шектелмей, үйіне барып және қашықтан оқыту жүйесін жолға қойып отырмыз. Ал «Титан» ат фермасының базасында ашылған иппотерапиялық орталықтан жылына 50 бала емделіп шығуда. Оның құрылысына облыс бюджетінен 180 млн. теңге бөлінсе, ғимаратты ұстап тұруға жыл сайын 60 млн. теңге жұмсалып отыр, – деді Бердібек Сапарбаев.

Спешиал Олимпикс бағдарламасының көмегімен Шығыс Қазақстанға 185 мың АҚШ доллары тартылды

ЮНИСЭФ өкілі Джун Кукита Шығыс Қазақстан облысы ұйымның еліміз бойынша осы жобаны жүзеге асырудағы басты серіктесі екенін атады.

Ал Спешиал Олимпикс өкілі Дэвид Евангелиста дамушы елдердің көбінде бұл мәселенің шешімін таппаған тұстары бар екенін мәлім-деді. Әсіресе, мектеп білімінен шетте қалған жарымжандар өзгелерден қарағанда алдау мен арбауға әлдеқайда жиі ұшырайтынын айтады. Әйтсе де Шығыс Қазақстанның екі жыл ішінде жобаны өз ішіне сыналай енгізіп, жеткен жетістіктері елеулі екенін де атап өтті.

Жобаның облысымыздағы үйлестірушілері Ольга Свириденко мен Бьорн Кёлер өткен жылы атқарылған шаралардың қорытындысын жариялап, тап болған кедергілер мен биылғы іс-шаралар жоспарына тоқталды. Ольга Свириденконың айтуынша, бір жыл ішінде жоба аясында 245 медицина студенті мен 49 денешынықтыру мұғалімі жарымжандарға волонтерлік қызмет көрсету тәжірибесін жинақтаған. 400-ге жуық бала арнайы скринингтен өтіп, соның 42-сінен ауытқудың ауыр белгілері анықталған. Жарымжан балалары бар 75 отбасы денсаулық форумына қатысып, аталмыш балалардың тәрбиесі мен күтіміне байланысты кеңестер алған. Ең бастысы, осындай қиындыққа тап болған отбасылар мен жергілікті атқарушы орындар арасында диалог алаңы қалыптасса керек. Ал Бьорн Кёлер жобаны жүзеге асыру барасында кейбір атқарушы органдардың мәселеге енжар қарап, белсенділік танытпауы ең үлкен кедергі болғанын мәлімдеді. Биыл аталмыш бағдарламалардың барлығы ауылды жерлерге бағытталатыны да айтылды.

Депутат Зағипа Балиева алты баланың анасы ретінде де бұл мәселе оны қатты алаңдататынын жеткізе келе, зияткерлік мүгедектікпен күрестің негізгі жолы салауатты өмір салтын ұстану деп есептейтінін айтты. Сондай-ақ, Зағипа Балиева Өскемендегі «Үміт» балалар үйі мен кітапханаларды аралау барысында облыс басшылығының бұл бағытта қыруар істер тындырып жатқанына көз жеткізгенін ерекше атады.

Ал Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова облысымыздың бұл тұрғыдағы жетістігін өзге өңірлерге таратса деген ұсыныс айтты. Жиынды қорытындылаған облыс басшысы айтылған ұсыныстарды құптай келе, жобаны жүзеге асыруға селқос қараған атқарушы органдар мәселесін қарауды орынбасары Жақсылық Омарға тапсырды.

Есімжан Нақтыбайұлы
суреттерді түсірген: Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Жәния | 24 қаңтар 2014 18:28
Жақсы жаңалық екен
Диас | 24 қаңтар 2014 18:37
Мүгедек балдарды оңальу орталықтарына не болмаса арнайы емделетін санаторийлерге жіберу керек арнайы жолдамамен ен дурысы сол
Қуаныш | 24 қаңтар 2014 19:58
Үлкен спортта шекара жоқ екендігіне бүгінде көзіміз жетіп отыр. Жарымжан жандар да спорттан өз сыбағаларын алуға ұмтылуда. Ұлттың қуаты бұқаралық спортпен өлшенетін кезеңде мүгедек жандарға қаншалықты көңіл бөлінуде?
Ақнұр | 24 қаңтар 2014 19:59
Еліміздің қамкөңіл жандары үшін олимпиадаға жолдама алудың өзі үлкен мұң. Лондонға бірде-бір спортшымыз «билет» ала алмай, жанымыз жабырқап қалған-тұғын. Бұл жағдай билік тізгінін ұстағандарға ой салса игі. Мойындау керек, бізде әлі де болса, мүгедек спортшыларымызға жеткілікті жағдай жасалмай келеді. Негізгі олимпиадашылардың көлеңкесінде қалып қоймас үшін оларға мемлекеттен қажетті қамқорлық керек-ақ
Тілек | 24 қаңтар 2014 20:00
Қоғамнан оқшау күй кешіп жүрген мүгедектердің спорттық әрі интеллектуалдық әлеуеті өте күшті. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық ғимараттар көптеп ашылса деген тілегіміз бар.
Гүлдана | 24 қаңтар 2014 20:01
Мүгедектердің жағдайын түсінбеген адамның өзі мүгедек
АнАнДи | 24 қаңтар 2014 20:03
Иә, бір философия мұғалімі бар. машинаны айдайды, екі үлкен балдақты қолтық астында салып жүреді. иықтары мощный болып кетті содан. Диспетчерлер оған 1-ші этаждан аудитория беруге тырысады. бірақ әрқашан олай бола қоймайды
Аида | 24 қаңтар 2014 20:04
Қазақстан қалаларында мүгедек адамдар тұрмақ дені сау адамдардың еркін отырып тұруына жағдай жоқ. Бұныммен мүгедектерге жағдай жасалмасын деп тұрғаным жоқ, әрине.
Айзере | 24 қаңтар 2014 20:06
Мүгедек балалар да – қоғамның толыққанды мүшесі екенін ұмытпайық, ағайын!
Өмір толы ащы менен тұщыға да,

Кімдер келіп, кетпес өмір жолында
Ащысы мен тұщысы бірге жүрер,
Қуанып бір қайғырып өз жолында.
Өмір толқын ағып жатыр өзендей боп,
Талмайтын, тоқтамайтын толқындай боп.
Теңіз жатыр арнасынан асып – тасып,
Желменен қашып тұрып, ұшып – қонып.
Ақжайық | 24 қаңтар 2014 20:07
Мүгедектерге бүкіл халық атынан, әлем атынан үлкен қолдау қажет. Оларға деген сый-құрмет жоғары болғаны жөн. Өйткені олар нағыз өмірдің не екенін және қалай өмір сүру керектігін білетін, түсінетін адал да, ардақты жандар!!!
Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар