Манарбек Мұхамеджанов: «Діни экстремизм бойынша сотталғандарды қатардағы жазасын өтеушілермен бірге отырғызбау керек»

(Дауыстар: 1)
Манарбек Мұхамеджанов: «Діни экстремизм бойынша сотталғандарды қатардағы жазасын өтеушілермен бірге отырғызбау керек»

Теріс бағыттағы діни ағымдармен күрес, экстремистік ұйымдардың әрекетіне тосқауыл қою, өңір жұртының діни сауатын арттыру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу секілді бүгінгі күні өзектілігін жоймай тұрған мәселелер туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджановпен әңгімелескен едік.

– Манарбек Әзімбекұлы, жасыратыны жоқ былтыр елімізде дінге қатысты біраз шулы оқиғалар болды. Бұл біздің облысқа қалай әсер етті? Жалпы, өңірдегі қазіргі діни ахуалды қалай бағалайсыз?

– Өткен жылы өңірдегі діни ахуал тұрақты болды. Қазір де солай. Облыс шеңберінде орналасқан діни бірлестіктер арасында қақтығыстар, шиеленісті жағдайлар тіркелген жоқ.

Осы жылдың басындағы жағдай бойынша аймағымызда барлығы үш жүздің үстінде діни бірлестік қызмет етуде. Олардың ішінде 193 ислам, 40 православие, 6 католиктік, 61 протестанттық, 2 дәстүрлі емес, 1 иудейлік діни ұйым бар. Аталған діни бірлестіктер мен филиалдарының қатарында біртіндеп өсу байқалады.

Кейбір діни бірлестіктердің іс-әрекетінде заңсыздықтар да жоқ емес. Өткен бір жылда заңсыз діни бірлестіктердің қызметін басқару және қатысу, діни әдебиетті тарату, миссионерлік қызмет фактілер бойынша 51 әкімшілік іс қозғалып, сот шешімдері шықты. 66 адам жауапкершілікке тартылды. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

– Деструктивті діни ағымдардың жолына тосқауыл қою бағытында біраз жұмыстар атқарылғанын айттыңыз, ал енді олардан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілуде?

– Қазір Өскемен мен Семей қалаларында деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсететін орталықтар бар. Атап айтсақ, облыс орталығында «Единство» қоғамдық бірлестігі жұмыс істесе, Семейде «Даналық» қоғамдық қоры жәрдемге мұқтаж жандарға психологиялық, құқықтық, ақпараттық көмектерін көрсетуде.

Мәселен, былтыр «Единствоға» 52 адам жүгінген. Олардың дені «Новая жизнь», Саентология шіркеуінің қызметіне қатысты шағынған. Бұл деректер бойынша құқық қорғау органдарына хабарланған. Сонымен қоса, бірлестік тарапынан теріс діни ағымдардың жолын кесуге бағытталған көптеген іс-шаралар өткізіліп, ақпараттық-танымдық мазмұндағы буклеттер, дискілер және басқа да материалдар жұрт арасында таратылды.

Дәл осындай жұмыстар Семейдегі «Даналық» қорымен де іске асуда. Ол жерде көбінесе ислам атын жамылған теріс ағымдардың кесіріне ұшырағандарға көмек көрсетіледі. «Даналық» былтыр сәуір айында құрылған, содан бастап жыл соңына дейін бірлестік отыздан астам адамға қол ұшын созған. Мұның сыртында халықпен болатын кездесулер, таратылатын ақпараттық-танымдық материалдар қаншама?!

Сондай-ақ, біраз аудандарда үкіметтік емес ұйымдармен конфессияаралық келісімді нығайтып, діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған жобалар қолға алынған. Айталық, Риддер қаласында «Комитет солдатских матерей», Шемонайха ауданында «ШАРМ и ДО» қоғамдық бірлестіктері, Зырян ауданында «Истоки» жастар ұйымы дінаралық және ұлтаралық келісімді нығайту, экстремизмнің алдын алу, ел ішінде діни сауаттылықты арттыру мақсатында жобаларды жүзеге асыруда.

Бүгінгі күні тәулік бойғы тегін «114 Қауырт желісі» бойынша діни мәселелер бойынша психологиялық, әдістемелік кеңестер және деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендер үшін діни және заңды тұрғыдағы жауаптар алуға болады.

Жалпы, зардап шеккендер осы бірлестіктердің кез келгеніне барып, тиісті көмектер алуына толық мүмкіндігі бар.

– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес ғибадатханалардан бөлек жерде құлшылық жасауға тыйым салынуы кейбір намазхан бауырларымыздың наразылығын туғызған. Бұл мәселе біздің өңірде қалай шешілген?

– Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға тиіспіз. Заңда құлшылық ету, діни жоралғылар жасау арнайы белгіленген орындарда ғана атқарылады деп көрсетілсе, соған жүгінеміз. Біздің өңірде бұл жағынан ешқандай проблема жоқ. Қазіргі күні облыстағы діни бірлестіктердің қарамағында 262 ғимарат бар. Сол секілді олардан (діни ғимараттардан) тыс жерлерде жоралғылар өткізуге арналған 31 орын (намазхана, часовня) қарастырылған. Бұл орындардың қызметі жергілікті атқару, құқық қорғау орындарымен жүйелі түрде ұдайы бақыланып, мониторинг жүргізіліп тұрады.

– Қазір бұрынғыдай көше кезіп жүріп діни кітаптар, парақшалар тарататын миссионерлер азайған секілді, тіпті, жоқ десе де болады. Бұл тиісті Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың нәтижесі ме?

– Әрине, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң 2011 жылы 25 қазанында күшіне енген сәттен бастап діни әдебиеттерді арнайы стационарлық ғимараттарда ғана таратуға рұқсат етілді. Соның арқасында көшеде кітап таратып, насихат айтып жүретін миссионерлердің қарасы жоғалды. Бұрынғыша үйді-үйдің есігін қағып, кітаптары мен кітапшаларын ұсынып адамдарды мазаламайтын болды.

Қазір облысымызда діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға арналған 78 стационарлық орын белгіленген. Сол жерлерде таратылады. Газет оқырмандарына да айтарым, егер діни мазмұндағы кітаптар іздесе, стационарлық ғимараттарға жүгінгені абзал.

Осыған дейін өңірдегі ресми түрде діни кітап таратушы нысандардағы жеке кәсіпкерлердің бәріне тыйым салынған әдебиеттер тізімі берілген. Олар дінтану сараптамасының оң және теріс қорытындысын алған кітаптардың тізімімен таныстырылған.

Бір айта кететін жайт, егер біреудің қолына қандай да бір дінді уағыздайтын әдебиет түсе қалса, оны міндетті түрде жақын жердегі діни бірлестік (мешіт немесе шіркеу) қызметкеріне көрсетіп, пайдалануға бола ма, жоқ па, біліп алғаны дұрыс.

– Теріс ағымдардың шырмауына түскендердің басымы жастар екені жасырын емес. Сонда бұл арам пиғылды ағымдар жүргізген үгіт-насихаттың мықтылығы ма, әлде, жастар тәрбиесін босаңсытып алған біздің кінәміз бе?

– Екеуі де бар. Тәуелсіздік алған жылдары заңның солқылдақтығын пайдаланып, елімізге ентелей енген деструктивті діни ағымдар үгіт-насихат жұмыстарында тартынып қалған жоқ. Енді қазір заңның талаптары күшейген соң олардың біразын бұғауладық. Дейтұрғанмен, мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Бұқара халықтың діни сауаты әлі де жеткіліксіз, оны көтеретін молдалар мен имамдар тапшы өңірімізде. Мәселен, біздің облыста ресми тіркелген ҚМДБ-нің 193 филиалы болса, олардың бәрінде діни ғимараттары бар. Алайда, осы ғимараттарда, яғни, мешіттерде қызмет ететін мамандардың жетіспеушілігі әлі күнге күрмеуі тарқатылмаған проблема. Егер жыл басында 21 мешітте тұрақты жұмыс істейтін имам болмаса, қазір олардың саны 27-ге жеткен. Атап айтсақ, Күршім, Зайсан, Бородулиха, Тарбағатай, Бесқарағай, Аягөз, Үржар аудандарында, тіпті, Семей қаласының өзінде имамдар жетіспейді. Оқу бітіріп келген жас мамандар шалғай ауылдарға молдалыққа барғысы жоқ. Өйткені, оларды тұрақты еңбекақымен, тұрғын үймен қамтамасыз ету жағы шешілмеген. Соған сәйкес ауылдарда білікті имамдардың жоқтығы жергілікті жұрттың діни сауатының таяздығына әкеліп соғады. Ал мұндай елді мекендердің жастары ертеңгі күні қалаға келгенде оң-солын танымай тұрып жат ағымдардың жетегіне ереді.

Алайда, бұл мәселе уақыты келгенде шешімін табар деген сенімдемін. Кадр тапшылығына қарамастан имамдарымыз облыстағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуда зор үлес қосып отырғанын да айта кеткен дұрыс. Олар ақпараттық-насихат жұмыстарына белсенді араласып, керек десеңіз темір тордың арғы жағындағы сотталған адамдармен де кездесулер өткізуде.

–Ол қандай кездесулер, онда не туралы айтылады?

– Өңірдегі мешіттер мен облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мекемелері арасында келісімшарт жасалған. Сол шарт негізінде жүйелі түрде дін ұстанушы сотталғандармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Түрмедегілер өздерін мазалаған діни сұрақтарға имамдардан және басқа да сала мамандарынан нақты жауаптар алып, қажетті мәліметтермен қамтамасыз етіледі. Бұл - түрмедегілер арасында деструктивті ағымдардың таралуын болдырмау мақсатын көздейтін алдын алу шаралары.

Мәселен, былтыр облыс Әкімінің шақыртуымен ҚМДБ-ның ақпараттық-насихат тобы аймағымызға ат басын байлап, бірсыпыра елді мекендерінде кездесулер өткізді. Өскемен мен Семейдің, Жарма ауданының түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан дін ұстанушылармен болған әңгімелесу арқылы сотталғандар өздеріне қажетті көптеген сұрақтарға жауаптар алды.

Реті келгенде айта кетейін, түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің дәстүрлі емес діни ағымдарға еру құбылысы әлі де бар сияқты. Сондықтан қатардағы жазасын өтеушілер мен терроризм немесе діни экстремизм бойынша сотталғандарды бөліп орналастыру өзекті мәселе болып отыр.

Жалпы алғанда, жүйелі жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары нәтижесінде тұрғындардың діни сауаттылығы артып, дәстүрлі емес діни бірлестіктердің заңсыз әрекеттері азайған. Нәтижесінде, облысымызда діни ахуал тұрақтылығы сақталып, шиеленісті жағдайлар туындаған жоқ.

Бұл жұмыстар ағымдағы жылы жаңа қырынан өз жалғасын тауып, бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырыла беретін болады.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар