Халықаралық туристік көрме және форум өтті

(Дауыстар: 1)
Халықаралық туристік көрме және форум өтті

Кеше Өскемендегі «Алтай» технопаркінде облыс Әкімі Бердібек СапарбаевТЫҢ қатысуымен «Өзіңе және әлемге Шығысты аш» атты халықаралық туристік көрме және форум болып өтті.

Көрмеде табиғаты таңдай қақтырған Катонқарағай, Үржар, Зырян, Көкпекті, Аягөз секілді аудандардан келген шипажайлар мен емдеу-сауықтыру кешендерінің, демалыс базаларының, тарихи-мәдени орындардың өкілдері құрметті қонақтарға өздері тарапынан көрсетілетін сан алуан қызмет түрлерін жан-жақты таныстырып, мол мағлұматтар ұсынды.

Халықаралық деңгейде өткізілген бұл шараға Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туризмді индустрияландыру комитетінің төрағасы Марат Иғалиев, Қазақстанның туристер қауымдастығының жетекшісі Рашида Шайкенова, сондай-ақ, еліміздің өзге өңірлерінен, Ресей, Қытай, Моңғолия, Корея, Словакия елдерінен ат шалдырған туристік компаниялардың жетекшілері қатысты.

Халықаралық туристік көрме және форум өтті

– Алакөлдің жағасында біздің «Керуен» атты демалыс үйіміз бар. Онда негізінен емдеу-сауықтыру қызметіне баса көңіл бөлінген. Бумен, шипалы батпақпен емдеу, массаж жасау арқылы сауықтырамыз. Алдағы уақытта Сібе, Марқакөл, Зайсан көлдерінің жағалауында осындай емдеу-сауықтыру, демалыс базаларын ашу жоспарда бар. Онда қазақстандықтармен қатар шетелдіктерді де тартсақ дейміз. Өйткені, елімізде бірінші болып біздің фирма виза жасатып, Қытай туристерін кіргіздік. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады, – деген «Меридиан» жеке кәсіпкерлігінің директоры Альмира Ертарғынқызы егер виза ресімдеудің машақатын жеңілдетер болса, іргедегі аспан асты елінен туристерді көптеп тартуға мүмкіндік барын атап өтті.

«Өзіңе және әлемге Шығысты аш» атты халықаралық көрме аясындағы пленарлық мәжілісте сөз алған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бұл форум біздің өңірдің мықты туристік әлеуетін паш етіп, жалпақ жұртқа әйгілеуге, насихаттауға тың серпін беретінін айтты.

– Шақыртуымызды қабыл алып, келгендеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Біздің Шығыста туризмнің барлық салаларын дамытуға мүмкіндік зор. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында атап көрсеткен медициналық туризмнен бастап, пантымен, батпақпен, балмен емдеу түрлері дұрыс жолға қойылған. Одан бөлек қысқы туризмге де үлкен мән беріліп отыр. Демалыс күндері қала сыртындағы демалыс базаларына жүретін пойыздар ұйымдастырып, облысішілік екі әуе тасымалын жандандырып жатырмыз. Келешекте автокөлік жолдарының сапасын көтеріп, инфрақұрылымдарды қолға аламыз, – деген облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың туристік мүмкіндіктерін насихаттау барысында өткізілетін әртүрлі фестивальдер мен форумдардың, іскерлік басқосулардың пайдасы орасан екенін жеткізді.

Халықаралық туристік көрме және форум өтті

Мәселен, жыл сайын біздің облыста өткізілетін тағылымы терең «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық форумының, Бал фестивалінің мәдени-тарихи маңызынан бөлек, туризмді төрге оздырудағы экономикалық тиімділігі бір төбе. Мұны аталмыш көрмеге қатысушылардың бәрі мойындап отыр.

– Бұл көрмені ұйымдастырған облыс әкімдігіне алғыс білдіремін. Мұндай іс-шаралар бізге қажет, әсіресе, ішкі туризмді өркендетуге, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалуға үлкен септігін тигізеді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында осы бағытта көптеген жақсы жобалар бар. Ол жобаларды «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен іске асыруға болады. Мемлекет тарапынан туризмді қолдауға жоғары көңіл бөлінуде, – деген комитет төрағасы Марат Иғалиев 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінде біздің облысқа өзінің туристік әлеуетін көрсетуіне мүмкіндік болатынын, соған осы бастан дайындала беру керектігін жеткізді.

Сондай-ақ, пленарлық мәжілісте сөз алған Қазақстанның туристер қауымдастығының жетекшісі Рашида Шайкенова еліміздегі туризм саласын дамытуда ұшырасатын мәселелер төңірегінде ой қозғаса, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстағы өкілі Зарина Амангелдинова осы салада кәсіптенуге ниетті кәсіпкерлерге қордың көмегімен мемлекеттік субсидияға қалай қол жеткізуге болатынын тәптіштеп тұрып түсіндірді. Ал Ресейден арнайы келген Алтай мемлекеттік университетінің қызметкері Ирина Ротанова трансшекаралық туризм тақырыбына кеңірек тоқталып, ауыл туризмінің мамандарын даярлау мәселесіне мән берді.

Халықаралық туристік көрме және форум өтті

Форум жұмысының аяғында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, туризм саласын дамыту бағытында шығысқазақстандық «Меридиан» ЖШС мен Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы, ауыл туризмін көтеру мақсатында облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен Еурокомиссия, Садыркөл жағалауында демалыс базаларын орналастыру жөнінде «Ертіс» ӘКК мен жеке кәсіпкер Ержан Қанапиянов, біздің облыс пен Моңғолия мемлекеті арасында туристік әуе қатынасын дамыту үшін «Шығыс Қазақстан облысының туристік ақпараттық орталығы» МКК мен «Zavhan» компаниясы өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойды.

Қазақ елінен бөлек бірқатар шет мемлекеттердің туристік және жарнамалық компаниялардың, қонақүй бизнесінің кәсіби мамандарын жинаған «Өзіңе және әлемге Шығысты аш» халықаралық көрмесі бұдан былай жыл сайын өткізіліп тұрмақ.

Пленарлық мәжілістен кейін жан-жақтан келген қонақтар секцияларға бөлініп іскерлік бағдарлама шеңберінде туризм мәселелері бойынша талқылаулар өткізіп, пікірталас өрбітті.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар