Салидат Қайырбекова: Медицинада маман тапшылығы болмауы тиіс

(Дауыстар: 1)
Салидат Қайырбекова: Медицинада маман тапшылығы болмауы тиіс

Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова келді. Тұрғындарға Елбасы Жолдауын түсіндіру және алғашқы медициналық-әлеуметтік жәрдем көрсету мәселелерін дамыту мақсатымен келген министр аймағымыздағы денсаулық сақтау мекемелерін аралады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Іссапар барысында Салидат Қайырбекова Семей қаласында, Бесқарағай ауданында болды. Бұдан соң облыс орталығындағы медициналық мекемелерде қызмет ететін дәрігерлердің жұмыс жағдайларымен танысты. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Өскемендегі титан-магний комбинаты өз қаражатына тұрғызған жаңа емхананың ғимаратын аралап көрген министр өңіріміздегі кадр жетіспеушілік мәселелерін жылдамдатып шешу керектігін айтты.

Согра кентіндегі ескі емханада болған еліміздің бас дәрігері мұндағы халыққа қызмет көрсету сапасының, тұрғындарға жасалған жағдайдың төмен екендігін атап көрсетті.

– Мұндай жағдайда халықты қабылдау мүмкін емес, бұл жер ауыл немесе аудан орталығы болса, әңгіме басқаша болар еді. Облыс орталығында орналасқан 20 мың тұрғыны бар Сограда дәл мұндай жағдайда халықты қабылдау мүмкін емес, – деді Салидат Қайырбекова.

Министр мұндағы медицина саласындағы жаңа жобаларға жәрдемдесіп, жас мамандарды жіберуге күш салатынын айтты.

– Бізге алғашқы медициналық көмек көрсететін жоғары білікті терапевт мамандар мен учаскелік дәрігерлер керек. Ол үшін мамандарды оқытып, медицина университетіндегі студенттерден сапалы дәрігерлер дайындап шығаруымыз керек. Мәселен, өткен жылы Шығыс Қазақстанда 250 терапевт дәрігер дайындалды, биыл бұл көрсеткіш тағы да 158-ге ұлғайтылады. Жалпы, облыста қазір 737 учаскелік дәрігер еңбек етіп жүр. Медициналық мамандар қамтылымы 100 пайызды құрауы қажет. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өзінің халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласында алға қойылған мақсаттарды атап өтті. Онда 2050 жылға қарай қазақстандықтардың орташа жас ұзақтығын 80 жасқа дейін ұзарту жөнінде айтылған. Адам өлімі қарқынын төмендету нәтижесінде біз аталған көрсеткішті 84 жасқа дейін ұлғайта аламыз. Бұл біздің қолымыздан келеді. Ең бастысы, біз аурудың алдын алып, қатерлі дертті дер кезінде емдей білуіміз қажет. Ол үшін біліктілігі жоғары дәрігерлер керек. Шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесін қолданысқа енгізсек, жаман болмаймыз. Олар аурудың алғашқы белгілерін анықтай отырып, науқасты жылдам емдей алады. Сол үшін де олардың өлім көрсеткіштері төмен, – деді министр.

Салидат Қайырбекова: Медицинада маман тапшылығы болмауы тиіс

Салидат Қайырбекованың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері өткен жылы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Өңірімізде 11 медициналық мекеме ашылып, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламасының алғашқы кезеңі сәтті аяқталған. Мұнымен қоса, облыста ана өлімі 33 пайызға, бала шетінеуі 19 пайызға төмендеген. Қан айналымы жүйелерінің ауруы 5 пайызға, онкологиялық аурулар 3,6 пайызға азайған. Ал туберкулез ауруы 12,4 пайызға кеміп отыр. Облыстың денсаулық сақтау саласын дамытуға былтыр 57,2 миллиард теңге бөлініпті.

Облыстық онкология диспансерінің дәрігерлерімен кездескен министр медицина қызметкерлерінің жалпы жағдайы мен еңбекақылары жөнінде әңгіме қозғады, дәрігерлердің дәл бүгінгі күні қанша еңбекақы алып отырғандарын сұрап білді.

Дәрігерлердің айтуынша, жұмыс көлемі өте ауыр, ал білікті мамандар саны аз. Бір дәрігер күніне кем дегенде 4 күрделі операция жасайды екен. Ал білікті дәрігер Ербол Құсайыновтың айлық еңбекақысы – 53 мың теңге. Оған қосылатын кезекшілік және тағы басқа медициналық бонустармен ғана ол 100 мыңның айналасында жалақы алады.

Салидат Қайырбекова бұдан соң облыстық диагностика орталығында облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және аймақ дәрігерлері қатысқан келелі жиында сөз сөйледі. Әңгіме барысында ауруханаларға келгелі отырған медицина университеттері түлектерінің іс-тәжірибесі, кадр жетіспеушілігі, жас мамандардың баспанамен қамтылуы, онкологиялық аурулар туралы мәселелер көтерілді.

Салидат ҚайырбековаСалидат Қайырбекова

– Өлім көрсеткіштерін азайту үшін біз негізгі ауруларға көңіл аударуымыз қажет. Облыста ең жоғарғы өлім көрсеткіші қан айналымы жүйелері ауруынан болып тұр. Одан кейін онкология, травматизм болып әрі қарай кете береді. Мәселен, жол апаттарынан болатын өлім санын азайту үшін республикалық маңызы бар тасжолдардың бойына медпункттер салуымыз қажет. Облыста қазір осындай 6 пункт бар, олардың санын екі есеге көбейтеміз. Ол жерде отырған маман тек қана алғашқы медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, қажет болса, науқасқа күрделі ота жасай алуы керек. Қолда бар құралдармен де жұмыс істей білу керек. Мысал келтіре кетейін, дәрігерлер өздерімен бірге әсері күшті тромболитин дәрісін алып жүргеннен бері жәдел жәрдем көлігінде жүрек ауруынан көз жұмған науқастар саны азайып келе жатыр. Елбасымыз халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұзарту керек деген болатын. Біз бұл міндетті өткен жылы орындап қойдық. Өзге мақсаттарды жүзеге асыруға да шамамыз жетеді, – деді министр.

Салидат Қайырбекова Шығыс Қазақстан дәрігерлеріне биыл атқарылар шаруалардың көп екендігін, ең бастысы, халық денсаулығын сақтау жолында бірлесе жұмыс істеу керектігін жеткізді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар