Мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетіледі

(Дауыстар: 1)
Мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетіледі

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Үкімет мәжілісін өткізіп, онда өңірлердегі мал шаруашылығын дамыту мәселесі қарастырылды. Үкімет мәжілісіне селекторлық режимде ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты, сообщает корреспондент Altaynews.kz.

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, «Сыбаға» бағдарламасы аясында биыл 50 мың бас ірі қара мал сатып алынады.

– Биылдан бастап мал басын сатып алуға фермерлерді қаржыландыруға «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдарымен қатар, екінші деңгейлі банктер мен несиелік серіктестіктер де тартылады. «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік бюджеттен несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 4 пайызға дейін субсидияланатын болады, – деді министр А.Мамытбеков.

Бұдан бөлек, министр бүгінгі таңда мал шаруашылығын дамытудың барлық салаларына мемлекеттен жеткілікті қолдаудың қарастырылғандығын атады.

Қазақстанның барлық аудандары арасында ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту бойынша рейтинг жүргізіледі. Онда фермерлік шаруашылықтардың аналық мал басын тұқымдық түрлендірумен қамту көрсеткіші бойынша 10 үздік және 10 нашар ауданның тізімі жасақталыпты. Министрдің айтуынша, үздік 10 ауданда тұқымдық түрлендіруге 21 пайыздан 34 пайызға дейін көрсеткіш қалыптасса, көрсеткіші төмен аудандарда небәрі 2 пайызға дейін ғана мал тартылған. Өкінішке қарай, біздің зырян ауданы министр баяндаған көрсеткіштері төмен он ауданның арасында жүр.

Үкімет басшысы Серік Ахметов өткен жылы да Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісіне мал шаруашылығымен айналысатын барлық аудан әкімдері шақырылғандығын, олардың алдына еттің экспорттық әлеуетін дамыту мәселесі нақты қойылғанын, мал шаруашылығын дамытуда сапалы ілгерілеу мақсаты жүктелгенін айта келе, неліктен екі жыл ішінде көрсеткіші нашар болып отырған он ауданда тиісті жұмыстар атқарылмағандығын сұрады. Сонымен қатар, министрдің баяндамасында айтылған көрсеткіштері төмен он аудан әкімін жұмысынан босату туралы мәселені облыс басшыларының алдына қойды.

Мәжілісте ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта аусылға қарсы екпелер, соған қатысты конкурстар уақтылы жүргізілсе, министрдің баяндамасында айтылғандай, облыстағы аусылға қатысты қойылған екі жыл шектеу тым көп уақыт, соны министрлікпен бірлесе жұмыс істей отырып, бір жылға дейін қысқартса, сол арқылы ет өнімдерін шығару бойынша кедергілер алынса деген ұсыныстарды жеткізді. Бұдан бөлек, өңірге Канададан әкелінген ірі қара малдарға қатысты мәселе туындауда. Соны бір жақты ету үшін құрамында министрліктің өкілдері, тиісті мамандар, сарапшылар бар республикалық комиссия облысқа жіберілсе деген ұсыныс айтылды. Премьер-Министр министрлікке мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Серік Ахметов қаралған мәселеге орай республикалық деңгейде арнайы жұмыс тобы құрылып, аудандарды тексеруге шығатындығын, алдағы бір жарым айдың ішінде оның қорытындысы Үкімет мәжілісінде қаралатынын, ал саланы дамыту үшін қаржылай қолдау болатындығын жеткізді. Бұл жөнінде облыс әкімдеріне, Ауыл шаруашылығы, Экономика және бюджетті жоспарлау министрліктеріне нақты тапсырмалар жүктелді.

Үкімет мәжілісінен соң ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы жиын өткізді.

– Ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуды талай мәрте айтсақ та, көрсеткіштер әлі мандымай келеді. Бұл атқарылған жұмыстың жеткіліксіздігін, мүмкіндіктердің толық пайдаланылмағандығын көрсетеді. Өңірдегі ет экспортына келер болсақ, сиыр мен қой етіне аусылға қатысты шектеу болғанымен, бізде жылқы мен құс еті бар емес пе? Керек болса, түйе де өсіріледі. Жолдарын табуға болады ғой. Зырян ауданы бойынша жоғарыға ақпарат дұрыс берілмеген. Онда кәсіпорын ет бағытында емес, сүт өндіру бойынша жұмыс істеп тұрған жоқ па? Бұл облыстық басқарманың жүйелі жұмыс істемегендігін байқатады, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылды жерде тұрып, мал ұстамаудың дұрыс еместігін тағы да атап өтті. Шаруа қожалықтарының жетекшілері жазғы алты айда ғана жұмыс істеп, қыста бос жатуды әдетке айналдырған. Бұл дұрыс емес, ауылды жерде мал басын көбейтіп, отарлы мал шаруашылығын жолға қоюымыз қажет. Семейдің ет өндіру бойынша бұрынғы әлеуетін қалпына келтіру керек. Субсидиялар беріле тұра, жемшөп базасы да жасақталмаған. Мал сою цехтары толық жұмыс істемейді. Сол себепті қолдағы малдың бәрі арзан бағамен шеттен келгендерге сатылуда. Аусыл үш ауданда ғана тіркелгенімен, басқа аудандар да шаруаны мандытпаған. Даму институттарымен жүйелі жұмыс жоқ. Осының салдарынан аймақтағы ет экспортының төмен деңгейде қалып отырған жайы бар.

Міне, осы мәселелерді қозғаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевқа, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Дәурен Аллабергенұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар