Алыпсатарлар тауар бағасын негізсіз қымбаттауына қарсы шаралар жасалуда

(Дауыстар: 1)
Алыпсатарлар тауар бағасын негізсіз қымбаттауына қарсы шаралар жасалуда

Кеше ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен селекторлық бейнережимде өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша аппараттық кеңес болып өтті. Жиында бір ғана мәселе қаралды, ол – ұлттық валюта бағамының өзгеруіне байланысты туындаған халық тұтынатын тауарлардың негізсіз қымбаттауына жол бермеу мақсатында жұмыс топтарымен атқарылып жатқан шаралардың барысы, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жағдайды пайдаланып, қарапайым халықтың қалтасын қағу арқылы артық табыс тапқысы келген алыпсатарлардың әрекеттерінен көтерілген кейбір тауарлардың құнын айтпағанда, облыстағы жалпы жағдай қалыпты. Азық-түлікті қап-қабымен алып, сауда орындарын «көшіріп» әкетіп жатқан жұрт жоқ. Жанар-жағармай мен дәрідәрмек те, валюталар бағамдары да толық бақылауға алынған. Алайда, Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларында, Жарма, Көкпекті аудандарында ішінара қымбаттаушылық бар.

Шығыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевтың ұсынған деректеріне ден қойсақ, негізінен бағаның өсуі сырттан тасымалданатын импорттық тауарларда байқалған. Атап айтсақ, олар: қызанақ, қияр, алма, сары май, аздаған қой мен құс еті, шай. Ал өзімізде өндіретін ауыл шаруашылық өнімдерінің ешбірі қымбаттамаған.

Жұмыс тобының тексерулері нәтижесінде анықталғандай, Өскемен мен Семей қалаларында 33 тауар түрінің 28-інде бағаның өсіміне жол берілген. Сол сияқты Курчатовта азық-түліктің 14 түрі, Риддерде 24 түрі қымбаттаған.

Мәселен, көрші Қытайдан келетін қиярдың бір келісі кедендік алымсалықтарды қоса есептегенде 260270 теңгенің үстінде шығады екен, ал Өскеменнің сауда орындары бұл өнімді 600-700 теңгеден сатуда. Яғни, екі-екі жарым есеге көтерілген.

Бұған қоса, өңір басшысы осыдан үш-төрт жыл бұрын қол қойылған азық-түлік өнімдерінің үстеме бағасын 10 пайыздан асырмау жөніндегі меморандумдардың (ол құжаттар әлі күнге күшін жойған жоқ) шарттары неліктен орындалмай жатқанын, сауда орындарында сатылымға қойылған тауарлардың құны көрсетілген жөнелтпе құжаттардың болмауын сынады.

Жиында баяндама жасаған Өскемен қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Исақовтан облыс басшысы не себепті өзімізде өндірілетін тауарлардың құны көтеріліп кеткенін сұрады. Мәселен, ұнның бағасы – 50%, нан – 13%, макарон өнімдері – 29%, орамжапырақ – 40%, сәбіз – 20%, пияз – 21% қымбаттаған. Сырттан енгізілетін қызанақтың кедендік алым-салықтарды қосқандағы бағасы 227 теңгені құраса, қала базарларында бұл 560 теңгеден сатылады.

Бүгінгі күні облыс орталығында 2,5 мың тонна картоп, 890 тонна орамжапырақ, 1600 тонна сәбіз, 120 тонна пияз қоры бола тұра, аталған көкөністердің қымбаттауына жол берілген.

Оған қоса, «Өскемен қант» ЖШС қанттың келісін 135 теңгеден босатса, «Дина» базары оны бөлшек саудада 171 теңгеден сатуда. Сонда 30 теңге көлеміндегі үстеме қайдан келді? Өзі өндірмеген, артық шығын шығармаған базар қанттың құнына осынша үстеме қосуы қаншалықты қисынға келеді?

Сонымен қатар, облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев жиын барысында телефон арқылы Риддер қаласының, Зырян, Глубокое, Ұлан, Шемонайха, Тарбағатай аудандарының, Бородулихадағы Красный Яр және Глубокоедағы Ушанов ауылдық округтерінің әкімдерімен тікелей хабарласып, азық-түлік бағасына қатысты мәселелерді түсіндіріп беруді, жалпы жағдайды баяндауды талап етті. Туындаған бірқатар сауалдарға жауап алып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс тапсырмаларды нақтылады.

Жиынды қорытындылай келе, өңір басшысы бағаның өсуінің нақты себептерін анықтап, ұдайы талдау жүргізіп отыруды, жұмыс топтары бақылауды әрі қарай жалғастыра беруді, жергілікті жерде шығарылатын құрылыс материалдары бағасының негізсіз көтерілмеуін қатаң қадағалауды тапсырды. Бұқаралық ақпарат құралдарын назардан тыс қалдырмаған облыс Әкімі тұрғындарды босқа дүрліктірмеу үшін кез келген ақпаратты нақты деректерге сүйеніп, бұрмаламай шынайы түрде жеткізу қажеттігін айтты.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Экономика | Кілт сөдер: азық-түлік

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар