Ауған соғысы ардагерлерінің айтары көп

(Дауыстар: 3)
Ауған соғысы ардагерлерінің айтары көп

Биыл кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына - 25 жыл. ШҚО-да 2500-ден астам Ауған соғысының ардагері бар екен. Оның 700-ге жуығы Өскеменде, 500-ден астамы Семейде тұрады. Олардың ең жасы 45-те болса, алдыңғы буын ағалар жетпістегі ақсақалдарға айналған. Онымен қоса, өңірімізде майдан даласында қалған 88 боздақтың отбасы бар, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омармен кездесуде интернационалист жауынгерлер өз ойларын ортаға салды. Ардагерлердің айтуынша, олар ешкімнен көмек күтіп, қаржы сұрамай-ақ жас ұрпаққа әскери-патриоттық бағытта тәрбие беру жолында айтарлықтай жұмыс атқарып келеді. Дегенмен, ардагерлерге бүгінгі күні қажетінше қамқорлық көрсетіліп отырған жоқ. Кездесуде ардагер жауынгерлер осылай деді. Екі жарым сағатқа созылған қызу пікір-алмасу сәтінде көптеген түйткілді мәселелер қозғалды.

Ең алдымен, баспана мәселесі талқыланды. Ардагерлер қозғалысы белсенділерінің сөзіне қарағанда, сонау кеңес заманында алдыңғы кезекте тұрған жауынгерлер қазір кейін ысырылып қалған. Баспанадан мұқтаждық көріп, есік сағалап жүрген ардагерлер жетерлік.

– Солардың жеңілдікпен баспана алуына мүмкіндік жасауға болмас па екен? Жылына бір-екеуіне көмек көрсетсеңіздер да разы болар едік, – дейді Семейдегі Ауған соғысы ардагерлері бірлестігінің төрағасы Боранбай Бегатов. Мұнымен қоса, ардагерлерге бөлінетін сауықтыру орындарына жолдама, психологиялық оңалту жұмыстары, ауруханалардағы Ауған соғысына қатысқандарды кезексіз қабылдау, қоғамдық көлікпен жүрудегі жеңілдіктер мәселелері әлі күнге дейін өз шешімін таппай келе жатыр.

– Бізді жылына бір рет қана еске аласыздар. 15-ақпан күні бүкіл мектептер шақырады. Басқа күндерде де біз оқушыларға тәрбие беруге дайынбыз. Ұлы Отан соғысының ардагерлері қазір 90-ға келді. Біз солардан үлгі алдық. Ал қазіргі буын кімнен үлгі алады, кімге еліктейді? Оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстары мүлдем кемшін қалған. Кездесуге барғанда олар бізге: «соғыста неше неміс өлтірдіңіз»? немесе «Сталинмен кездестіңіз бе?» деген сияқты сұрақтар қояды. Жарма ауданында 22 мектеп бар, сол 22 мектептің біреуінде ғана оқуға арналған автомат бар десем сенесіздер ме? Бұдан кейін мектептердегі әскери рух туралы сөз айтудың өзі артық. Біз оқушыларды тәрбиелеуге дайынбыз, күш-қуатымызды пайдаланыңыздар, – деді Жарма ауданындағы Ауған соғысы ардагерлері бірлестігі төрағасының орынбасары Тілеухан Әнуәрбекұлы.

Жиынға қатысқан Шығыс Қазақстан басқарма басшылары ардагерлер көтерген мәселелердің мән-жайын түсіндірді. ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянниковтың айтуынша, Астана, Алматы қалаларындағы арнайы госпитальдарда емделу мақсатында биыл шығысқазақстандық ауған ардагерлеріне арнайы 170 жолдама бөлінген. Бірақ бұл жалпы республика деңгейінде бөлінеді екен.

Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ольга Кузовлеваның айтуынша, өңірімізде ардагерлерді жолдама арқылы сауықтыратын жалғыз мекеме бар, ол – «Уба» санаторийі. Бірақ аталмыш мекеме тек зейнет жасынан асқандар мен бірінші, екінші топтағы мүгедектерге ғана арналған.

Кездесуде ауған соғысы ардагерлері мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтатын үйлестіру кеңесінің қажет екендігі айтылды. Алдағы уақытта аймағымыздағы интернационалист-жауынгерлердің облыстық үйлестіру кеңесі құрылатын болды. Бұл туралы ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәлімдеді. Мұнымен қоса Жақсылық Омар биылғы 25 жылдық мерейтойды мейлінше атап өту керек екендігін, әр басқарма, аудандар мен қалалар өз өңірлерінде жыл көлемінде арнайы іс-шаралар ұйымдастыру керектігін жеткізді. Мәдениет басқармасына мерейтойлық кітап шығару жөнінде тапсырма берді. Кездесу соңында ардагерлерге белсенді азаматтық ұстанымы және әскери-патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін облыс Әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

Дарын Нұрсапаров
сурет
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Қоғам | Кілт сөдер: ауған соғысы

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар