Суретші Олександр Махноның жеке көрмесі ашылды

(Дауыстар: 1)
Суретші Олександр Махноның жеке көрмесі ашылды

Өскемен Шығыс Қазақстан өнер мұражайында кескіндемеші, график, семейлік суретші Олександр Махноның украин халқының көрнекті ақыны, суретші Т.Г.Шевченконың 200 жылдық мерейтойына арнаған «Таразы ақынға арнау» деп аталатын жеке көрмесінің ашылуы өткізілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Автор туралы қысқаша айтар болсақ, Олександр Степанович Махно – Семей қаласының тумасы. Н. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін және Львов өнер академиясын бітірген. Ол - қалалық, облыстық, республикалық, шетелдердегі түрлі деңгейдегі халықаралық көрмелерге қатысып жүрген танымал суретші.

Қылқалам шебері өзінің көрмесін қазақ жерімен тығыз байланыста болған Тарас Шевченконың 200 жылдық мерейтойына арнап, «Таразы ақынға арнау» деп атапты.

1847-1857 жылдар аралығында Кіші жүз аймағында украиналық ұлы ақын және суретші Тарас Григорьевич Шевченконың айдауда болғандығы белгілі. Ол Қазақстанға өз еркімен келген жоқ, Ресейдің Николай І патшасының өкімімен мерзімі шектелмеген уақытқа Украинадан жер аударылып келді. Жер аударудың негізгі себебі Т.Шевченконың бостандық сүйгіш өлеңдері болды. Ұлы украин ақыны, дарынды суретші – саяси жер аударылушы және Россия империясының жай ғана солдаты болып қалды. Оған сурет салуға да тыйым салынған болатын.

Суретші Олександр Махноның жеке көрмесі ашылды

Солдаттық қызметі Орынборда, Орскіде, Маңғыстау түбегіндегі Новопетровск бекінісінде өтті. Т.Шевченко мен жергілікті қазақтар арасында жылы достық қарым-қатынас орнады. Қазақ кедейлерінің ауыр өміріне ол өзінің көптеген суреттері мен жазбаларын арнады.Шевченконың бейнелеу өнеріндегі барлық 450 жұмысының шамамен 350-і Қазақстанға, оның табиғатына, халқының өмірі мен тұрмысына арналған екен. Ақынның, суретшінің өздеріне деген ықыласы мен әділдігіне тәнті болған жергілікті қазақтар Тарас ақынды «Таразы ақын» деп құрметтей атап кеткен екен.

Өзінің қандас бабасы сияқты Олександр Махно да шығармаларында қазақтар тақырыбына көптеген суреттерін арнаған. Оның «Бесікке бөлеу», «Отқа май құю», «Сәбидің тұсауын кесу», «Ашамайға мінгізу», «Көкпар» сияқты еңбектері халқымыздың салт-дәстүрлерін паш етсе, «Қамшылы бала», «Қызыл малақайлы ұл», «Қалыңдық» сияқты көптеген портреттері салыну шеберлігімен, ашық та нақтылығымен, ойлылығымен көрерменді өзіне баурап алатындай әсерлі шыққан.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған өнертанушылар, мәдениет қызметкерлері мен суретшілер Олександр Степановичтің шығармашылығын жоғары бағалай келіп,жалпы, Өскемен мен Семей мұражайларының өнер туындылары көрмелерімен өзара алмасып тұру дәстүрінің қуанарлық та құптарлық жағдай екендігін атап көрсетті.

Қазір Шығыс Қазақстан өнер мұражайында Семейдегі Абайдың «Жидебай - Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени, әдеби мемориалдық қорық-мұражайының қорларынан әкелінген Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің графика көрмесі де өтіп жатқан болса, керісінше, Семейдегі Абай мұражайында Шығыс Қазақстан өнер мұражайының қорларынан алынған «Әйел. Көктем. Гүлдер» тақырыбындағы көрме, ал Невзоровтар отбасы атындағы мұражайда кеңестік кезең суретшілерінің жұмыстарынан жинақталған «Еңбек адамы» көрмесі семейлік көрермендер назарына ұсынылып отыр.

Айтмұхамбет Қасымов, журналист
сурет автордікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар