Риддер қаласында жаңа мешіт бой көтереді

(Дауыстар: 1)
Риддер қаласында жаңа мешіт бой көтереді

Риддер қаласында бір кездері Дінмұхаммед Қонаев сапарлап келгенінде арнайы ат байлаған шаңырақ бар. Бастапқы қожайыны «Казцинк» болған көрінеді. Сол үйді 1995 жылдары мұсылман қауымының игілігіне жаратуға, яғни, мешіт үйі ретінде пайдалануға беріпті. Қазір Риддердің жүзін құбылаға беріп, жайнамазға жығылатын жұртын іздесеңіз, сол үйден табасыз. Әрине, жыл санап қарасы көбейіп келе жатқан мұсылмандар үшін ол үйдің таршылық ететіндігі бесенеден белгілі.

Өзін «Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының тумасы боламын» деп таныстырған Риддер қалалық мешітінің бас имамы Мұратжан Ахметжанұлы негізгі діни сауатын Өзбекстанның Бұхара қаласынан алғандығын айтып өтті.

– Риддердегі мұсылман бауырлармен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқаныма жеті жылдай болып қалды. Өзіңіз білесіз, бұл жердің тұрғындарының 80-90 пайызы – өзге дін өкілдері. Жергілікті қазақтардың көпшілігі солармен некелесіп, солардың салт-дәстүрінің жетегінде кеткен. Дәтке қуат етерлігі, соңғы 7-8 жылда өңіріміздің қазақы аудандары – Күршім, Тарбағатай, Катонқарағайдан қоныс аударып, келіп жатқан мұсылман отбасылары баршылық, – дейді имам.

Алғашқыда аядай ғана мешіт үйіне бар болғаны алты-жеті-ақ адам келсе, қазір жұма намазына 60-70-тей адам тұрақты келетін көрінеді. Олардың көпшілігі жастар екен. Жастардың дінге бет бұрып, имандылыққа жақындай бастағаны қуантады әрине. Алайда, батпандап кірген аурудың, мысқалдап қана шығатындығын ескерсек, дін саласының қызметкерлеріне осы бағытта әлі де біраз жұмыстар атқаруы керек. Олай дейтініміз, ислам дініне жасалған шабуылдың түп төркіні тереңде жатыр. Дегенмен, мешіт қызметкерлері осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында халықпен жүйелі жұмыстар жүргізіп, мешітте шағын болса да діни білім беретін оқу курсын ашыпты.

Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жаңалық, Риддерде күмбезі көкті сүйген жаңа мешіттің құрылысы аяқталуға таяп қалыпты. Мінәжат үйінің іргетасын қалап, бой көтеруіне мұрындық болған Кентай Самарханұлы деген жергілікті азамат екен. Сол азаматтың Астана, Алматы қалаларында ірі кәсіпкерлікпен айналысатын ағайынды Елтай, Қанат Арбиев деген інілері бар көрінеді. Мешіттің іргетасы 2010 жылы сол азаматтардың қолдауымен қаланыпты.

Қаланың көрнекті жерлерінің бірінен бой көтеріп келе жатқан мешіттің сыртқы келбеті көздің жауын аларлықтай әдемі, бүгінгі заман талабына сай екендігі көрініп тұр. Мұнда бір мезетте 500 адам намазға жығылса, астыңғы қабатында 300 орындық асханасы бар. Алла қаласа, биыл құрылыс жұмыстары толық аяқталмақ.

Риддерде жыл өткен сайын құрбан шалушылардың да қатары көбейіп келеді екен. Өткен Құрбан айт мерекесінде төрт ірі қара, қырыққа жуық қой сойылып, құрбандыққа шалынған малдардың еті шариғатта уағыздалғандай, жетім-жесір, жоқжітіктерге, ауру-сырқау жандарға үлестіріліп беріліпті.

Көрер көзге сонадайдан менмұндалаған көк күмбезді мешіттің ішінде жұмыс қайнап жатыр. Жұмыскерлердің қол қусырып қарап тұрғаны жоқ. Біреулері жылу жүйесін жамап-жалғап жатса, енді бірі еденге линолеум төсеп, есік-терезелерді сырлап дегендей, жанталасып жатыр.

Мұсылман баласының Аллаға мінәжат ететін қасиетті шаңырағының қайтсек шырайын кіргіземіз деп ақ тер, көк тер болған жұмысшылардың жіті қимылдарына қарап тұрып: «Мынадай сегіз қырлы, іскер ұлдары бар, Алласына адал құлдары бар халық аза қоймас» деген ойға қалдық.

Серік Құсанбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар