Су тасқынына қапысыз даярланып отыр

(Дауыстар: 1)
Су тасқынына қапысыз даярланып отыр

ШҚО Күршім ауданы өзен-көлге бай болғандықтан, су тасқыны қатеріне ұшырау қаупі де аса зор аймақ. Сол себепті күн жылынып, қар ери бастаған сәттен-ақ бұл қауіпке қапысыз даярланбаса, кім-кімнің де оңбай опық жеуі әбден мүмкін. Соған орай мұнда көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы әзірлік шаралары қыс ортасынан қолға алына бастайды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Осы бір мазасыз кезеңге даярлық бүгінгі таңда қандай дәрежеде? Біз бұл сауалды аудан әкімінің орынбасары Қ.Әзімбаевқа қойған болатынбыз.

– Жалпы алғанда, әзірлік жаман емес, – дейді Қайрат Зейнолдабекұлы. – Үстіміздегі жылдың 12 ақпанында ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев «Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарын» құрып, оны тиісті қаулымен бекіткен болатын. Соған сәйкес 21-ақпан күні аудан әкімінің арнайы қаулысы қабылданып, онда аудан бойынша осы бағыттағы ісшаралар жоспары бекітілді. Осы құжаттың негізінде барлық ауылдық округтерге тасқынға қарсы іс-шаралар жоспарын үйлестіретін штабтар құру жөнінде нұсқаулар берілді.

Екі рет аудандық штаб отырысы, бір рет облыстық, іле-шала барлық дербес бөлімдердің қатысуымен аудандық оқужаттығу шаралары өткізілді. Бұл шараға ауылдық округтер телефон байланысы арқылы қатынасты.

Жақында Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінен, су шаруашылығы басқармасынан («Қазводхоз»), облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасынан арнайы комиссия келіп, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Қ.Әзімбаевтың бастауымен аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар жолдардағы көпірлерді, су өткізу құбырларын тексеріп шықты. Олардың мол су келген жағдайда оны толықтай өткізуге қаншалықты қабілетті екендігіне, тазартылуына баса көңіл аударды. Бұдан соң Теректідегі су қоймасының, ауыл ішіндегі арықтардың жағдайы, ауыл ішіндегі, сыртындағы қар мөлшері есепке алынды.

– Көктемгі су тасқыны орын алған жағдайда пайдалану үшін жанар-жағармай бөлінген, – дейді аудан әкімінің орынбасары. – Сонымен бірге құм салатын 24 мың қап әзір. Күршім, Теректі, Қалжыр, Ұранхай сияқты ауылдарда жанар-жағармайдың, басқа да қажетті материалдардың қоры жасалып, шоғырландырылды. 24 наурызда аудан әкімі А.Сейітов бөлім басшыларымен, құзырлы мекемелермен, ауылдық округтер әкімдерімен арнайы жиын өткізіп, онда жасалған жоспарлар пысықталды, тиісті адамдарға, мекемелерге қосымша тапсырмалар жүктелді. Ауылдық округтерде тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылды.

«Қамданған қапы қалмайды» дейді халық нақылы. Ендеше, аудан басшылығының осынау сын кезеңге жатпай-тұрмай даярлық жасап, ерте қамданғаны, шынымен, құптарлық жай деп білеміз. Бұл тынымсыз еңбектің, мұқият дайындықтың нәтижесі күні ертең күркіреп, сарқырап Алтайдың тауы мен қырынан құлаған мол су жеткен кезде білінетін болады.

Хасен Зәкәрия
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Қоғам | Кілт сөдер: су тасқыны

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар