Риддер қаласында жекеменшік үйдің жер астына кетуіне не себеп болды?

(Дауыстар: 1)
Риддер қаласында жекеменшік үйдің жер астына кетуіне не себеп болды?

Риддер қаласындағы кеніште болған апаттық жағдайға орай қауіпсіз аумаққа көшірілген тұрғындар өз үйлеріне қайтып орала бастады. Тек қазаншұңқырға жақын маңдағы 14 үй ғана әзірге қоршаудың ішінде қалып отыр. Оқиға орнында Шығыс Қазақстан облыстық әкімдіктің арнайы штабы жұмыс істеуде, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Апаттың салдарын жоюға байланысты және әрі қарай жүргізілетін іс-әрекет жоспарын анықтау мақсатында ШҚО әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жедел жиын өткізді.

Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 4-і күні түскі сағат 14.30-да Риддер қаласындағы Боровая көшесі, №5-ші үйге жақын маңда жердің үстіңгі қабаты опырылып, диаметрі 70 метрге, тереңдігі 30 метрге дейін жететін үлкен қазаншұңқыр пайда болған. Бұл жайтты дер кезінде бағамдаған аулада жұмыс істеп жүрген әйел үйіндегі баласын сыртқа алып шығып үлгереді. Артынша тұрғын үйдің өзі де әлгі шұңқырға құлап түскен. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

Мамандардың айтуынша, бұл жағдай «Қазцинк» ЖШС-нің еншілес кәсіпорны «Altyn Tau – Vostok» компаниясына қарасты Риддер-Сокольный кенішінің 11 қабатындағы апаттан туындаған көрінеді. Дәлірек айтқанда, алдын ала тексеру жұмыстары анықтағандай, Быструшинка кенішіндегі камералардың бірінің төбесі құлап кеткен-ді.

Төтенше жағдайға байланысты 120 үйдің тұрғыны жедел қауіпсіз аумаққа: «Қазцинк» компаниясының емдеу-сауықтыру орнына және «Синегорье» демалыс базасына уақытша орналастырылды. Ыстық тамақпен қамту, медициналық қызмет көрсету ұйымдастырылды. Олардың иесіз қалған үйлеріне күзет қойылған. Алайда, тәуліктен астам уақыт тексеру жүргізіп, қазаншұңқырдың көлемі одан әрі ұлғая бере ме, жоқ па, осыны анықтауға тырысқан арнайы комиссия қауіп-қатердің деңгейін бағалап, шешім шығарды. Соған сәйкес, көшірілген адамдардың, 14 үйдің тұрғындарынан басқалары өздерінің баспаналарына қайта оралуға мүмкіндік алды.

Оқыс оқиғаға қатысты облыс прокурорының тапсырмасымен тергеу-жедел тобы құрылып, оқиғаның себеп-салдары тексерілуде. Риддер қаласының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 245-бабы, 2-тармағы – «Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде ауыр салдарға әкеліп соқтырған қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы» бойынша қылмыстық іс қозғады. Шаһарда техногендік сипаттағы төтенше жағдай тәртібі енгізілді.

Қазіргі уақытта «Қазцинк» ЖШС-нің жұмысшылары алып қазаншұңқырды бетон қоспамен бітеуге кіріскен. Бұған шамамен 14-15 тәулік жұмсалмақ. Себебі, бетон қоспа тәулігіне 850 текше метр көлемде құйылуда. Ал қазаншұңқырдың аумағы 12 мың текше метрді құрайды.

– Біздің компания апат салдарын жоюды және жапа шеккендердің материалдық шығындарын өтеуді толық міндетіне алады, – деді «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі вице-президенті Андрей Лазарев.

Сонымен қатар, аталған компания басшылығы егер қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін тұрғын үйлердің бірі апаттық деп танылып, тұруға жарамсыз болса, оның иесіне жаңа баспана алып беретінін мәлім етті. Ал шұңқыр толық бітелісімен, келешекте бұл аумақта жерасты жарылыс жұмыстарын жүргізу мүлдем тоқтатылады.

Төтенше жағдайды облыстық және Риддер қалалық әкімдіктері, Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «Қазцинк» ЖШС қатаң бақылауға алған. Кеше кеншілер қалалық әкімдіктің өкілдерімен бірге жұмыс тобын құрып, шағын және үлкен қауіпті аумақтарда орналасқан үйлерді аралап, тұрғындармен сөйлесті.


Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар