Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар пікір алмасты

(Дауыстар: 1)
Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар пікір алмасты

Шығыс Қазақстан облысының саяси партиялар филиалдары, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар, қоғамдық кеңестердің жетекшілері және өкілдері кездес өткізді. Аталған жиынға сонымен қатар, қалалар мен аудандар әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары да қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Кездесуді ашқан ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы ішкі тұрақтылықты сақтау жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

– Ең негізгісі – өңірдегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Бұл салада алаңдайтын еш мәселе жоқ. Атқарушы билік органдары саяси партиялардың филиалдарымен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуде. Олармен түрлі өткір тақырыптар қаузалатын риясыз кездесулер ұдайы өткізіліп тұрады. Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері облыс, аудан-қала әкімдерінің есептеріне де белсенді қатысады, – деді Бердібек Сапарбаев. – Мемлекет басшысының бізге жүктеген ең негізгі тапсырмасы – экономиканың өсу қарқынын төмендетпеу, халықтың әл-ауқатын көтеру екенін жақсы білесіздер. Аталмыш міндеттерді біз лайықты түрде орындап келеміз. Айталық, осы жылдың алғашқы тоқсанындағы негізгі экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштеріміз былтырғы межеден кем болған жоқ.

Тағы бір атап өтерлік жайт, біздің облыста саяси партиялар жетекшілерінің клубы табысты жұмыс істеп келеді. Өткен жылы олар бес отырыс өткізген. Жалпы, былтыр қоғамдық тұрақтылықты нығайту мақсатында облыста 5 форум, 1 конференция, 12 дөңгелек үстел, 12 семинар, 5 кездесу және 18 баспасөз мәслихаты ұйымдастырылған.

– Осындай кездесулердің тигізер пайдасы өте зор, мұндай ашық пікір алмасулар барысында көкейкесті мәселелерді талқыға салуға, оларды шешу жолдарын іздестіруге болады. Жалпы, біздің зерттеулеріміз халықты қазіргі кезде әділет, коррупция және жалақы мәселесі мазалайтынын көрсетіп отыр. Тұрғындар ең алдымен, әлеуметтік әділдіктің орнағанын, жемқорлықтың тыйылғанын қалайды, – деді аталмыш басқосуға арнайы шақырылған Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті, белгілі саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов.

Жұмыссыздық проблемасы да көпшілікті алаңдатады. Тіпті, еңбекпен қамтылған адамдардың 30 пайызы өз ісін басқа жұмыс болмаған соң істейді екен. Сондай-ақ, 8,5 миллион еңбек етуші қазақстандықтың 2 миллионында біліктілік жоқ. Тағы бір мәселе, халықтың басым бөлігінде несие бар. Яғни, тұрғындардың дені еңбекақыларының жартысын қары-зын жабуға жұмсап, қалған қаржыға күн көруге мәжбүр. Өткір әлеуметтік мәсе-лелерді сөз еткен саясаттанушы, сонымен қатар, жұмыссыз жүрген азаматтарға еліміздің басқа өңірлеріне барып, еңбек етуге кеңес берді.

– Әлемді бөлшектеу әлі аяқталған жоқ. Біз бай елміз, алпауыт державалардың жерасты қазбаларымызға иелік етуге тырысары да анық. Әрине, дәл қазір еш қатер төніп тұрған жоқ. Айтпағым, еліміздің жетістіктерін көре алмайтындар бар, сондықтан қауіптің алдын алған жөн. Осы жағдайда бізге ең алдымен ішкі тұтастық, ауызбіршілік ауадай қажет. Алауыздықтың кесірінен даму бағытынан тайып, жерінен айырылып жатқан өзге елдердің тәжірибесінен сабақ алайық дегім келеді. Мәселен, отбасында кикілжің болуы мүмкін, бірақ ажырасу мәселені шешудің жолы емес. Сол секілді, пікір таластыру, көзқарастар қайшылығы қай кезде болсын орын алады, алайда, басты байлығымызды, яғни, бейбітшілік пен келісімді сақтауға күш салу қажет, – деді Нұрлан Ерімбетов.

Түрлі-түсті революциялар экспорты жайында талдамалы баяндама жасаған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ доценті Светлана Линок аталмыш төңкерістердің ұйымдастырылу механизмін түсіндіруге тырысты. Олардың бәрі де әйгілі «бөлшекте де, билей бер» принципіне негізделген. Облыстық мәслихаттың депутаты, Шығыс Қазақстан облысы Азаматтық Альянсының төрағасы Олег Чернышов үкіметтік емес ұйымдарға шетел қаржысы көп бөлінетінін тілге тиек етті. Оның ойынша, өзге елдер өз мүддесін көздейді, сол себепті мемлекет тарапынан қаржының мол берілгені дұрыс. Ал облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Лопаткин өз сөзінде жас ұрпақтың толеранттылық қасиеттерін дамытуға мән беру керектігін баса айтты.

Кездесу барысында саяси партия жетекшілері, қоғамдық бірлестіктер өкілдері ШҚО басшылығына өз талап-тілектерін жеткізді. Атап айтсақ, олардың тарапынан азық-түліктің, қалаішілік автобустар билеттерінің бағаларын қымбаттатпау, елді мекендерді күл-қоқыстан тазарту, жастар тәрбиесіне көңіл бөлу, қоғамдық тәртіпті күшейту, жалақыны көтеру сынды мәселелер көтерілді.

Аймақ басшысы кездесу соңында өңір экономикасының өсіп-өркендеуі үшін бізге ең алдымен тұрақтылық қажет екенін тағы бір мәрте атап өтті. Өйткені, Елбасымыз айтқандай, тұрақтылық болмаса, тыныштық та, бірлік те болмайды.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар