Ауыл шаруашылығы саласы әмбебап кадрларға зәру

(Дауыстар: 1)
Ауыл шаруашылығы саласы әмбебап кадрларға зәру

Бүгінде ауыл шаруашылығына бірнеше мамандықты меңгерген жастар қажет. Шаруа қожалықтарының басшылары бір маманның бойынан жазда механизатор немесе комбайншыны, ал қыста осы техникаларды жөндейтін механикті көргісі келеді екен, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ұлан ауданына қарасты Саратов ауылындағы Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінде облыс кәсіпкерлері «Даму» палатасының ұйымдастыруымен жастарды агромамандықтарға тарту мәселелері талқыланған кездесу өтті. Ауданның шаруа қожалықтарының басшылары шақырылған басқосуда кезінде іргелі білім ошақтарының бірегейі болған колледждің беделін көтеру, дуальды оқыту жүйесіне көшу, колледж оқушыларының жағдайларын жақсарту сияқты мәселелер қаралды.

Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – жастардың ауыл шаруашылық мамандықтарын таңдауына ықпал ету. Қазір, техникумдар колледж болып қайта құрылғалы, біріншіден, оқушылар тегін тамақпен қамтамасыз етілмейтін болған. Шалғай елді мекендерден келген балалардың жолға, тамаққа қаражаты жетпейді. Екіншіден, олардың уақыттарын қызықты да тиімді өткізулеріне де ешқандай жағдай жасалмаған. Осындай келеңсіз факторлардың кесірінен жастар қалаға кетіп жатыр.

Жеткіншектердің кіндік кескен ауылдарында тұрақтап қалуына қол жеткізу үшін оларға мамандық таңдау кезінде дұрыс бағыт-бағдар беру қажет. Сол себепті облыс кәсіпкерлері «Даму» палатасы жұмыс берушілермен бірлесіп, түлектердің мамандық таңдауына септігін тигізетін игілікті шараларды өткізіп келеді.

– Біз облыс орталығындағы кәсіпорындармен тығыз байланыстамыз.

Мысалы, өндіріс орындарының суреттерін алып, оларда қандай мамандар жұмыс істейтінін, оларға қандай қолайлы жағдайлар жасалғанын анықтап, арнайы буклеттер дайындап, мектептерге тараттық. Өскемен қалалық білім бөлімінің бастамасымен кәсіпорын өкілдері облыс орталығындағы 23 білім ошағында болып, түлектердің ата-аналарымен кездесті, – деген облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Роза Бисекенова шаруашылық қожалықтарымен де осындай жұмыс жүргізбек ойлары бар екенін айтты. Бүгінгі басқосудың басты мақсаты жастардың агромамандықтарға қызығушылықтарын ояту үшін қандай шараларды бірлесіп қолға алу қажеттігін анықтау болды.

Колледж директоры Фархад Сақанұлы жиналғандарды оқу орнының бүгінгі таңдағы проблемаларынан хабардар етті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылық мамандарын даярлайтын бірегей оқу орнында жас оқытушылар аз, олардың орташа

жасы 55 жас шамасында. Биыл оқу орнын күрделі жөндеуден өткізуге 19 миллион теңге қаражат бөлініпті. Қазір №3 жатақхананы жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары толық әзірленген. Директор Украинка ауылында өздерінің жылыжайларын, ветеринарлық емханаларын ашпақ ойлары бар екенін айтады. Болашақта балық аулау, марал өсіру мамандарын даярлау да жоспарда бар көрінеді. Білім ордасы оқытудың дуальды жүйесіне көшуді жолға қойған. Аталмыш әдіс болашақ мамандардың оқудан қол үзбей-ақ кәсіпорындарда тәжірибеден өтуіне мүмкіндік бермек. Бұл жүйе Германия, Франция және Қытай сияқты өркениетті елдерде баяғыдан енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетіп келеді.

Жұмыс берушілер колледжде оқып жүрген жастардың шаруашылықтарға тәжірибеден өтуге барғылары келмейтініне алаңдаушылық білдірді. Бал шаруашылығы мамандығын таңдаған 10 оқушының тоғызының ата-анасы жекеменшік омарта ұстайды екен. Яғни, олар өздерінің отбасылық кәсібін өркендету үшін ғана оқып жатыр.

Кезінде механизация бөлімін менімен бірге бітірген 33 оқушының тек бесеуі ғана мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Қазірде мысалы, жеткіншектердің басым бөлігі ата-аналарының ықпалымен ғана колледждерге оқуға келеді де, артынан мамандықтары бойынша жұмыс істеуден бас тартады. Тағы бір проблема – қазір колледждің оқушылары «ауыл шаруашылығы машиналары» деген пәнді оқымағандықтан, болашақ механиктердің жүргізу куәліктері де жоқ, яғни, олар көлік құралдарын басқара алмайды. Ал бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына әмбебап мамандар қажет, – дейді аудандағы «Бережный» шаруа қожалығының басшысы Артем Бережный.

Жұмыс берушілер жас мамандардың қарашадан мамыр айына дейін тікелей өндірісте тәжірибеден өткендерін дұрыс деп санайды. Өйткені, қазір жұмысшылардың біліктіліктерін арттыратын жүйе жойылған. Соған орай ертеректе аталмыш техникумның негізінде жұмыс істеген біліктілікті арттыру курстары қазірде жоқ. Бұл жағдайда оқушылардың білікті маман болып шығуы тек жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатқанда ғана мүмкін болмақ.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар