Абай ауданында спорт кешені ашылды

(Дауыстар: 1)
Абай ауданында спорт кешені ашылды

Кейінгі жылдары Шығыс Қазақстан облысында спортты дамытуға айрықша ден қойылып, оның оң нәтижесін көре бастағанымыз рас. «Туған жерге - тағзым» акциясы аясында осындай ізгі мақсатқа қызмет ететін тағы бір заманауи спорт кешенінің тұсауы Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында кесілді. «Шыңғыстау» деген қасиетті атауды еншілеген зәулім сарайдың салтанатты ашылу рәсіміне ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Абайлық ағайындарды арқа-жарқа қылып, төбелерін көкке жеткізгендей күй кештірген қуанышты сәтті аймақ басшысымен бірге осы нысанды 120 млн. теңге өзінің қаражатына салдыртып, жерлестеріне сыйға тартқан атымтай азамат Шыңғыс Құлжанов отбасымен тамашалады.

Сонымен бірге, берісі облысқа, арысы республикаға аты мәшһүр спорт майталмандары мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері ұлылар мекеніндегі тарихи оқиғаның қуанышын жалпақ жұртпен бірге бөлісті.

- Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатындағы басты бағыттардың бірі - жастардың спортпен айналысуына, жақсы білім, тәрбие алуына барынша жағдай жасау. Осыған сәйкес мемлекеттік бағдарлама қабылдап, адамдарды бұқаралық спортқа тартуға баса көңіл бөлінуде. Бүгінгі жаңадан ашылған «Шыңғыстау» кешені де жастарымыздың спортқа жаппай бет бұрып, денсаулықтарын нығайтуларына зор мүмкіндік туғызады. Ертеңгі күні осы жерден тәрбиеленіп шыққан спортшылар ірі жарыстарда ауданның, облыс пен еліміздің абыройын асыратын болады, - деген облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев бес жыл бойына өңірімізде үзбей жалғасын тауып келе жатқан «Туған жерге - тағзым» акциясына ыждаһаттылықпен атсалысқан Құлжановтар әулетіне көпшілік атынан алғыс айтты.

Иә, баба қонысынан жырақта жүрсе де шыққан тегін, түп-төркінін әсте қаперінен шығармаған меценат Шыңғыс Құлжанов өзінде барды өзгемен бөліскісі келмейтін кейбір байшыкештерге үлгі боларлық іс жасады.

- 2012 жылы отбасыммен Жидебайға келгенде Лондонда жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатқан болатын. Сол кезде маған Қарауылдағы 30-шы жылдары салынған ескі бокс және күрес залын көрсетті. Дәл сонда маған Абай ауданына жаңадан бір спорт кешенін салу туралы ой келді. Артынша мамандарға кешеннің жобасын жасатып алып, облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлына көрсетіп, ақылдасуға бардым. Ол кісі менің бұл ұсынысымды құптап, барынша қолдау көрсетті. Нәтижесінде міне, өздеріңіз көріп отырғандай керемет нысан бой көтерді. Енді ауданның балалары уақыттарын босқа ысыраптамай спортпен шұғылданып, жоғары жетістіктерге жетсін, - деп ағынан жарылған меценат Шыңғыс Құлжанов көрсеткен қолдау-көмегі үшін облыстың, ауданның басшылығына ризашылығын білдірді.

Абай ауданында спорт кешені ашылды

Семейдің «Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған «Шыңғыстауда» бокс және күрес залдары, тоғызқұмалақ сыныбы, дене тәрбиесімен айналысатын орын, тіпті, жуынып-шайынатын моншасы да бар. Материалдық-техникалық базасы толық жарақталған, қажетті спорт жабдықтарының бәрі бар.

Осы күні жаңа кешеннің қос залында бокстан және қазақ күресінен турнирлер ұйымдастырылды. Облысымыздың құрама командасы өкілдеріне қарсы шаршы алаңда Абай ауданының былғары қолғап шеберлері өнер көрсетті. Ал екінші залда ерлер және әйелдердің қазақ күресінен облыстық чемпионаты жалауын көтерді. Бір ерекшелігі, республикалық біріншілікке қатысатын мықтыларды іріктеу мақсатында өткізілген бұл турнирде тұңғыш рет қазақ күресінен әйелдер сынға түсіп отыр.

- Спортқа осындай қамқорлық жасап жатқан азаматтарға шын ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл заманауи кешен ауыл балаларының күрес, бокс және өзге де спорт түрлерімен алаңсыз айналысуына мүмкіндік береді. «Алыптың бәрі ауылдан шыққан» дейміз ғой, шалғай елді мекендердегі қа-радомалақтарға осылайша жағдай жасап, көңіл бөлу өте дұрыс. Мұның жемісін ертең-ақ көреміз. Еліміздің атын дүбірлі додаларда танытатын талай балуандар, боксшылар шығады әлі осы өлкеден, - дейді қазақ күресінен білікті бапкер Шыңғыс Тұрсынов.

Абай ауданының басшылығы мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы ауылдық жердегі спортты жоғары деңгейге көтеруге мықтап кіріскенге ұқсайды. Облыс Әкімінің тапсырмасымен салынған әрбір елді мекендегі футбол алаңдарын, хоккей қораптарын айтпағанда Қарауылдың өзінде спортқа ден қойған балаларды орналастыратын интернат үйін қолға алыпты. Бұрынғы күрес-бокс залының ескі ғимаратын қайта қалпына келтіріп, жөндеп, 20-30 орынға шақталған интернат жасамақ. Аудан орталығына жақын маңдағы ауылдардың балалары тоқсанаралық, жазғы демалыс уақыттарында сол жерде тұрып, спорт кешенінде жаттығады, білікті мамандардан тәлім алады.

Серік Әбілхан
сурет Есімхан Орыбаевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар