Мұхтар Әуезовке мемориалдық тақта қойылды

(Дауыстар: 1)
  • 21 сәуір 2014, 10:01 |
  • Пікірлер: 2
Мұхтар Әуезовке мемориалдық тақта қойылды

Өскеменде көркем сөздің пірі атанған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке өзінің атымен аталатын даңғылдың қақ төрінен мемориал тақта қойылды. Көше мерекесі аясында лентасы қиылған еңселі стелланың салтанатты ашылу рәсіміне ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев және бірқатар мәртебелі меймандар қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Атап айтар болсақ, құрметті қонақтардың қатарында мәдениеттанушы-ғалым, публицист, мемлекет және қоғам қайраткері, әйгілі жазушының ұлы Мұрат Әуезов, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі Диар Қонаев, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан және басқалар бар.

- Қазақта мынандай бір сөз бар: «Әуезовті әлемге танытқан - Абай, Абайды әлемге әйгілеген - Әуезов» деген. Мұхтар Омарханұлы - қазақ әдебиетіне жаңа леп, тың серпін әкелген тұлға. Бәріміз оның туындыларын оқып, бойымызға нәр алдық. Біз осы тұлғалардың алдындағы борышымызды өтеу үшін, олардың есімдерін мәңгілік ардақтап, құрметтеуге тиіспіз. Даңғылға әйгілі жазушының атының берілуі, сол сияқты бүгінгі ашылған мемориал тақта, бәрі бекерден-бекер емес. Осындай тағылымды шаралардың арқасында кейінгі жас ұрпақ қазақта Мұхтардай ұлы тұлғаның болғанын, ол артына қандай мұра қалдырғанын, өзінің ұлтына, еліне не бергенін біліп жүреді, - деген облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев айтулы салтанатқа арнайы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.

Көше мерекесін ұйымдастыру мақсатына тоқталған аймақ басшысы дәстүрге айналған бұл шара адамдардың, оның ішінде бір шаңырақ астында тұрып жатқан көптеген ұлт өкілдерінің арасындағы өзара татулықты, достықты, береке-бірлікті нығайта түсетініне маңыз берді.

Ол рас. Кейінгі жылдары тың дүние, соны идеялардың бастамашысы болып әбден үйреніп қалған біздің өңірдің жұртшылығы көше мерекесін де көңілді қарсы алып, құлшына тойлауда. Мұны біз осыған дейін өз деңгейінде аталып өткен Қасым Қайсенов көшесі мен Гагарин бульвары мерекелері өскемендіктерді ғана емес, қала қонақтарын да баурап алғанынан, тіпті, бұл күнге орай облыс орталығына арнайы келетін жақын елді мекендер адамдарының қызығушылығын арттыра түскенін байқадық.

Мұхтар Әуезов, мемориалдық тақта, ӨскеменМұхтар Әуезов, мемориалдық тақта, Өскемен

Мемориалдық тақтаның ресми түрде ашылуынан кейін ШҚО әкімі бастаған мәртебелі меймандар көше мерекесін тамашалауды жалғастырды. Әуезов даңғылының бойы бұл күні саудасы қызған, думаны шалқыған, ән-жыры толастамаған күй кешті. Сауда орындары тұтынушыларға тауарларын жеңілдетілген бағамен ұсынса, он саусағынан өнер тамған зергерлер жасаған әсем бұйымдарын, әдемі базарлықтарын молынан жайып салды.

Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ұйымдастырған флешмоб, концерттік бағдарламалар, оның ішінде Абай ауданының өнерпаздары сахналаған Мұхтар Әуезовтің драмалық туындысынан шағын қойылым, белгілі әншілер шырқаған патриоттық әндер, бәрі-бәрі мерекенің мазмұнын арттырып, адамдардың рухын көтерді.

- Бүгінгі қуанышқа орай күннің көзі де елжіреп, жылы шуағын құйып тұр. Өскеменге келгелі екі күн болды, міне, оқу орындарында, кітапханаларда көптеген кездесулерге қатысып, жастармен сөйлестік. Қаланы аралап, көз тойдырар көркем жерлерін тамашаладық. Енді, міне, әкем Мұхтар Әуезовке арнап даңғылының төрінен мемориал тақта ашылып жатыр. Өте ризамын, - деп ағынан жарылған жазушының ұлы Мұрат Әуезов Өскеменнің жылдан-жылға рухани тұрғыдан кемелдене түскенін ерекше атап өтті.

«Бұл даңғыл Мұхтар Әуезовтің құрметіне арналған!» атты мерекенің аясында 150-дей велошабандоз қатысқан «Қуып жет - 2014» веложарысы, түрлі спорттық ойындар, картингистер өнері, электромобильдермен жүру, балалардың асфальтқа салған суреттерінің байқауы, ұтыс ойындары ұйымдасты-рылды.

Мұхтар Әуезовке мемориалдық тақта қойылды

Сонымен қатар, жиналған көпшілік фотосуреттердің көрмесін, оқушылар шығармашылық үйінің балалары жасаған түрлі экспонаттарды, конструкторлық жұмыстарды тамашалады, жәрмеңкені аралады.

Уәлихан Қалижан, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:

- Мұхтар Әуезов әлемге Абайды, Қазақстанды және қазақ ұлтын әйгіледі. Ол бүкіл адамзатқа қазақтың жан дүниесін ашып көрсетті, әлемдік мәдениеттегі қазақ әдебиетінің лайықты орын табуына қомақты үлесін қосты. Жер бетінде қазақтан басқа ауыз әдебиеті жүз томдық кітапқа жүк болатын халық жоқ. Ал осы біздің асыл мұрамыз - фольклорды жинауға, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруға Әуезовтің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Айта берсек, ұлы жазушының әдебиеттегі, мәдениеттегі, драматургиядағы еңбектері жетіп артылады. Мұхаңдай шоқтығы биік тұлғаны жастардың танып-білуіне, құрметтеуіне, үлгі тұтуына Өскеменде өткізіліп жатқан осындай мерекенің тигізер пайдасы көп. Бүгін мен осы жердегі жастардың көздерінен от көрдім, бойларынан патриоттық рухты сезіндім. Мұндай мерекелер қазақ жастарының бойын түзейді, ойын түзейді. Дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар береді. Сондықтан облыс басшылығының мұрындық болуымен өткізіліп отырған Мұхтар Әуезов даңғылының мерекесін, мемориал тақтаның ашылуын аса қуанышпен қабылдадым.

Диар Қонаев, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі:

- Өскемен маған бөтен қала емес. Әкем Асқар бұл қалаға талай мәрте келген, біздерге оның жақсы жақтары туралы үнемі айтып отыратын. Содан болар, менің Өскеменге деген қызығушылығым күшейіп, бір көрсем деп жүретінмін. Кейіннен Дәулет Серікбаевтан да Шығыс туралы көптеген мағлұматтарға қанықтым. Енді мінеки, маған арман болған қаланы көзбен көріп, тұрғындарымен бірге мерекесін тойлау бақыты бұйырыпты. Көптеген этностардың басы қосылған елімізде достық қарым-қатынасты, татулық байланысты нығайтуда, әсіресе, қазіргідей күйбең тіршіліктің қамымен сабылысып жататын қала өмірінде адамдардың бір-біріне бауырмалдығын, бір аулада тұратын көршілердің өзара татулығын бекіте түсуде бұл шараның нәтижесі көзге ұрып тұр.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Мәдениет | Кілт сөдер: Мұхтар Әуезов

Пікірлер:

Амангелді | 21 сәуір 2014 18:35
Қазақша мәтін қате жазылған. "МҰХТАР ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ДАҢҒЫЛ" болуы керек еді. "ДАҢҒЫЛЫ" деген сөз дұрыс емес. Ұят болды-ау. Немесе: "МҰХТАР ӘУЕЗОВ ДАҢҒЫЛЫ"
Марал | 29 сәуір 2014 11:30
Мұхтар Әуезов атындағы даңғылы деген сөзді жазғанда біреу тексерді ма екен?! Дұрысында Мұхтар Әуезов атындағы даңғыл емес па! Қазақ грамматикасы бойынша -ы тәуелдік жалғауының 3-жағы, Әуезов даңғылы деп қолдануға болады, бұл жерде атындағы деген сөз қосылып тұрғандықтан -ы жалғауы басы артық жалғанған. Ономастикалық комиссия осы тақтаны ілерде қайда қарады екен. Өкінішті-ақ өз жерімізде тұрып, өз тілімізді дұрыс қолдана білмейміз...
Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар