Тұрғын үйлерге түгелдей есептеу құралдары орнатылады

(Дауыстар: 1)
Тұрғын үйлерге түгелдей есептеу құралдары орнатылады

Шығыс Қазақстанда ауызсуға, орталықтандырылған су құбырына жете алмай отырған ауылдарымыз әлі де аз емес. Дегенмен, 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында бүгінде ШҚО-да 59 жаңа су құбыры нысаны пайдалануға беріліп, талай жылдан бері су тапшылығын тартып келген тоғыз ауылдағы 13,5 мың адам алғаш рет таза су алуға қол жеткізіп отыр. Үш жылда 400 шақырымнан астам су құбыры салынып, қайта жөнделген.

Үстіміздегі жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан облыс тұрғындарының ауызсумен қамтылу деңгейі 85 пайызға дейін жеткізіліп, жыл бойы сметалық құны 7,9 млрд. теңгенің 30 жобасы жүзеге асырылмақ.

Қазіргі күні аймақтың елді мекендерін орталықтандырылған су құбырларымен қамтамасыз ету көлемі 64 пайызды құрап отырса, 2020 жылы 98 пайызға жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаев облыстық ақпараттық орталықта бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте осы салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

- Біздің өңірде ерекше екпінмен басталған терможаңғырту жұмыстары өткен жылы біршама баяулап қалды, биыл бағдарлама бойынша қанша тұрғын үй жөндеуден өтпек?

- Алғашқы 2011-2012 жылдары бізде 189 тұрғын үйге жөндеу жүргізілді. Былтыр еліміздің барлық облыстарында терможаңғырту шаралары тек қайтарылып жатқан несие қаржысы есебінен ғана жүргізілді, 118 млн. теңгеге барлығы 12 көпқабатты тұрғын үй жөнделді.

Биыл республикалық бюджеттен Шығыс Қазақстан облысына 720 млн. теңге бөлу қарастырылып отыр. Ол қаражатқа 80 үй жөнделмек. Оған қоса қайтарылып жатқан қаржы есебінен 85 млн. теңгеге тағы да 12 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

- Биылғы қысты қалай қорытындыладық, Семей қаласын жылумен қамтудың мәселесі толық шешімін тапты деп айтуға бола ма?

- Бірнеше жыл бұрын облыста 300-ге тарта апатты жағдай орын алып келсе, өткен жылыту маусымында 53 осындай жағдай орын алғаны тіркелді. Бұл - коммуналдық нысандар қызметінің жақсарып, қайта жарақтандыру шараларының тиісті деңгейде жүргізіліп жатқандығының нәтижесі.

Семей қаласының Сол жағалауындағы жылу жетіспеушілігі проблемасы жойылды.

Енді шығарылып отырған сол жылуды жеткізетін жылу құбырларын жаңалап, 120 градусқа дейінгі ыстық температураны ұстап тұра алу мүмкіндігін арттыру қажет, қазір 90 градусты ұстап отыр.

Қалаға ЖЭО-3 салынған соң, Оң жағалаудың мәселесі де түбегейлі шешімін табады. «Самұрық Энерго» компаниясы орталықтың техникалық-экономикалық негіздемесін жасап жатыр. Жаңа ЖЭО-да жылумен бірге электр энергиясы да қоса өндіріледі. Жобалық құны 120 млрд. теңге шамасында делініп отыр, одан төмен болуы да мүмкін. Қазір оның құрылысын жүргізуге инвесторлар тартуға халықаралық конкурс жарияланып отыр. Қытай, Түркия, Германия елдерінің инвесторларымен келіссөздер де жүргізіліп жатыр.

- Өскеменде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт қашан салынады?

- Мұндай зауыттар Өскеменде де, Семейде де салынады. Өскемендегі «Ушанов» совхозы маңынан зауыт салуға жер үлескісі бөлініп отыр. Маусым айында германиялық инвесторлармен бірлесіп салынатын зауыт құрылысы басталады. Келер жылы салынып бітуі тиіс. Жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдық өңдейді.

- Жаңғыртылған, баламалы энергия түрін алуға орай аймақта қандай жобалар жүзеге асуда?

- Қазіргі уақытта Күршім, Аягөз, Абай аудандарының шалғай өңірлерінде қуаты 5 кВт-қа дейінгі 15 жел стансасы жұмыс істеп тұр. Таяу жылдары Тұрғысын СЭС пен Ұлан ауданының Өмеш асуындағы жел энергетикалық паркінің құрылысы салынып бітеді. Тұрғысын СЭС-нің басында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 2016 жылы іске қосылады. Өмеш асуындағы жел стансасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Одан басқа қазір шағын су электр стансаларын салуға байланысты құрылыс салуға 15 жер үлескісі бөлініп беріліп, жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үйлер мен мекеме-лерді есептеу құралдарымен жабдықтау шаралары қалай жүргізіліп жатыр?

- Есептеу құралдарын орнату деңгейінің төмендігі тұрғындардың немқұрайлығы мен оны орнатуға қаражатының жоқтығынан болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай осы жылдың соңына дейін облыстағы тұрғын үй қорының барлығына жылуды есептейтін жалпыүйлік есептеу құралдары мен үйге келген жылуды реттеп отыратын автоматтандырылған жүйе орнатылады. Бұл мәселені шешу үшін қазір министрлікте «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» АҚ арқылы қайтарымды негізде қаржыландырудың тетігі жасалды. Ол үшін табиғи монополия субъектісі сатылып алынатын есептеу құралдарының маркасы мен бағасын, санын көрсете отырып, төрт пайыздық жылдық өсіммен несие беруге аталған қорға өтінім жазады. Қор оның өтінімін оңды шешкен жағдайда есептеу құралдарын орнатушы монополистке несиеге қаржы бөлінеді. Ол тұтынушымен екі жылдан артық емес мерзім ішінде есептеу құралының құнын пайыздық өсімсіз қайтарып беруге келісім-шарт жасайды. Қорға пайыздық үстемені субъектінің өзі қайтарады.

Жанаргүл Мұқатай
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар, Қоғам | Кілт сөдер: су

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар