Қабанбай батыр ескерткіші ашылды

(Дауыстар: 1)
  • 7 мамыр 2014, 18:59 |
  • Пікірлер: 2
Қабанбай батыр ескерткіші ашылды

«Таң атысымен ауыл жұрты дүрбелеңге түсіп...» (Қ.Жұмәділов, «Дарабоз»), Өскеменнің құбыла жақ кіреберісіндегі төбеге қарай леклегімен ағылды. Қуанышқа асыққан бір қауым елдің беталысы еді бұл. Рас, облыстың орталығында хан батыры Қабанбай бабамыздың ескерткіші соғылады дегенде тақиясын аспанға атып қуанбаған адам жоқ болатын, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс келген батыр ескерткішінің ашылу салтанатына жергілікті халықпен және алыс-жақыннан арнайы ат терлетіп келген құрметті қонақтармен бірге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты.

«Табалдырықтан асқан тау жоқ» дейді қазақ. Ендеше, көзі тірісінде жанынан бес қаруын тастамаған, ат жалында бүкіл ғұмырын сарп еткен Дарабоздың еңселі ескерткішіне қарбаласқан қаланың ішінен емес, кіреберістегі тоғыз жолдың торабы тоғысқан биік дөңнен орын сайлануы әуел баста ой елегінен өткізіліп, кеңесілген орынды шешім еді. Мерекеге жиналған көпшіліктің «Қаракерей Қабанбай бабамыздың мына тұрысы, құдды бір, елінің тыныштығын күзетіп, дұшпанға сес көрсетіп тұрғандай әсерлі екен» деген сөздері де бұл уәжімізді қуаттай түседі және тырнақ астынан кір іздеген кейбіреулердің «Қабанбай батырды неге қала сыртына апарып тастады?» деген сұрақтарына жауап береді.

Иә, әйгілі Қубас атын тақымдап, көк сүңгісін көлденең тартып, алысқа көз салып тұрған Қабанбай батырдың дөң басындағы тұрысы шынымен де айбарлы, шынымен де әсерлі көрінеді екен. ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен, Мәдениет (бұрынғы Мәдениет және ақпарат) министрлігінің тапсырысымен сәулетші Нұрлан Далбайдың қолынан шыққан қола мүсіннің биіктігі 6,2 метр болса, төменгі жағындағы тұғырының көлемі 5,30 - 8,30 метрді құрайды. Мүсінді құю жұмысының авторы - астаналық «Балқыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Республикалық бюджеттен бөлінген 105 миллион теңге қаражатқа ескерткіш пен оның тұғырын жасаумен қатар айналасын абаттандыру жұмыстары да атқарылған. Төңірегіне асфальт төселіп, орындықтар орнатылған. Сол сияқты көліктерді қаңтарып қоя тын ыңғайлы орынның жасалуы ары-бері ағылған жолаушыларға баба ескерткішіне аялдамай өтуге лаж қалдырмайды.

- Тарихтан білеміз, атабабаларымыз елдің азаттығы, жердің тұтастығы үшін жандарын қиған. Сондай батыр бабаларымыздың бірі де бірегейлері - Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай батырлар. Үш жүздің басын қосқан хан Абылай бабамыз. Қазіргі ұрпақ сол бабаларымыздың алдында мәңгілік борыштармыз. Осы орайда біз бабаларымыздың ерлік істерін кейінгі жастарға үлгі етіп айтып, насихаттап отыруымыз керек. Бүгінгі мынау жиналғандағы мақсат та сол - қазақ үшін жастайынан атқа қонып, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін қорғаған Қаракерей Қабанбай батырға ескерткіш ашып, ұлы бабамыздың ерлігін ұлықтау. Сондықтан баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын, - деп құттықтау сөзін сөйлеген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ерке Ертістің жағасындағы дүбірлі тойға келген меймандарға ризашылығын білдірді, ескерткіштің Өскеменнен бой көтеруіне үлкен үлес қосқан бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі, қазір Президенттің кеңесшісі, жерлесіміз Мұхтар Құл-Мұхаммедке алғыс айтты.

Қабанбай батыр ескерткішіҚабанбай батыр ескерткіші

Мәртебелі меймандардың қатарында Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев бастаған, Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы, профессор Камал Әбдірахман қостаған бірқатар өкілдер, сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, Мемлекеттік сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, күйші Секен Тұрысбеков, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ермек Келімсейітов бастаған бір топ делегация мүшелері де осы тойдың төрінен орын алды.

Салтанатты жиын үстінде Қуатжан Уәлиевтей қонақтарымыз ақжарма тілектерін ақтарып, мұндай шаралардың маңызына тоқталып өтсе, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет секілді айтар сөзін өлеңмен өрнектеген талантты ақындарымыз тебіреніп тұрып рухты жырларын оқыды. Ал көршісінің қуанышын бөлісуге асыққан алматылық ағайындарды бастап келген Ермек Келімсейітов болса: - Бүгін бәрімізді Қабанбай бабамыздың әруағы желеп-жебеп, шынымен рухтанып тұрмыз. Ол біздің сөзімізден, көзімізден анық байқалып тұр. Атырау мен Алтайдың арасындағы ұланғайыр даланы бізге батыр бабаларымыз мирас етіп қалдырды. Сол жерімізді көздің қарашығындай сақтап, өркендету - біздің негізгі міндетіміз. Ендеше, осынау қазақ даласында қазіргі күні салиқалы саясаттың салтанат құрып, татулық пен тұрақтылықтың орнауы бабалардың бізге қалдырған аманатын орындау деп білеміз. Бүгінгі Отан қорғаушылар күнімен қатар тойланған мерекеге орай бүкіл Жетісу жұрты сіздерге сәлемдерін жолдап, қуаныштарыңызды бөлісуде, - деп алматылық ағайындардың лебізін жеткізе келе, тойға тарту ретінде Рая Рахимова басқаратын облыстық ана мен бала орталығына көлік сыйлады.

Жиынның ресми бөлімі аяқталып, қонақтар мен жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойған соң Өскемен, Курчатов қалаларының, облысымыздың барлық аудандарының қаз-қатар тіккен ақшаңқан киіз үйлерінде батырдың рухына бағышталып құран оқылды, ас берілді. Ашық аспан астында құрылған сахна төрінде белгілі күйші Секен Тұрысбеков домбыраның шанағынан күй төгілтті. Күміс көмей әншілеріміз әуелете ән шырқады.

Хан батыры, даңқты қолбасшы, көзі тірісінде жаумен жүзден астам жекпе-жек өткізіп, ешбірінде жеңілмеген, Бұхар жыраудың тілімен айтсақ, «Тоғыз таңба Найманнан, Тоғыз құйрық ту алып, Тоғыз түмен қол шықса, Қол ағасы болған...» Қаракерей Қабанбай бабамызға қоладан мүсін соғып, ат шаптырып, ас берудегі асыл мұрат - ағыл-тегіл шашылу емес, ең бастысы, кейінгі ұрпақтың өткен тарихқа деген құрметін арттыру, патриоттық рухын ояту, бабалар ерлігін насихаттау, сол арқылы отансүйгіштікке, елге қызмет етуге тәрбиелеу. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Отан қорғаушылар күнімен қатар аталып өткен Қабанбай бабамыз ескерткішінің ашылу тойының біз күткендей жоғары деңгейде өткізілгеніне көзіміз жетеді.

Серік Әбілхан
суреттер Есімхан Орынбаевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Мәдениет | Кілт сөдер: Қабанбай батыр

Пікірлер:

Жанашыр қазақ | 20 мамыр 2014 13:45
Семей қаласындағы теміржол бекеті алаңына Қабанбайдай алыбымызға қойылған ескерткіш өнер туындысы емес, алып батыр емес ергежейліге көбірек ұқсайды. Сәулетші мырзалар! Алысқа қарап тұрып аяғын көтерген атты қайдан көріп едіңіздер, ат деген ауыздығымен алысып жер тарпып тұрады емес пе? Жасасаңдар Ресей сәулетшілері сияқты жасаңдар, әйтпесе қолдарыңнан келмесе жасамаңдар, батыр бабаларымыздың аруағынан қорықсаңдаршы, бар ескерткіштерің егіз қозы сияқты.
Семей | 21 мамыр 2014 12:49
Құтты болсын!
Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар