«Жасыл апталық» акциясы басталды Өскеменде

(Дауыстар: 1)
«Жасыл апталық» акциясы басталды Өскеменде

«ОSKEMEN EXPO-2014» көрмесі аясында Өскеменде «Жасыл апталық» акциясы басталды. Қоғамның назарын «жасыл» экономикаға, «жасыл» технологияларға, энергияның баламалы көздерін пайдалануды дамытуға аудартуды мақсат тұтқан бұл апталық кеше облыстың барлық аудандары мен қалаларының ғылыми-тәжірибелік жобалар жасап, түрлі құрал-жабдықтар ойлап тапқан оқушылары мен студенттері қатысқан жас өнертапқыштар слетімен ашылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жастарды «Өскемен ЭХРО-2014-ке» үн қосуға шақырған «Жасыл апталық» шарасы 23-мамыр күні қаланың «Berberis» ойын-сауық орталығында өткізілетін ән мен бидің сайысы – «Грин-пати» акциясымен жалғаспақ.

Облыстық ақпараттық орталықта өткен брифингте жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Гүлфарида Райысова, «Дарын» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы ақпараттық зертханасының меңгерушісі Бибігүл Оспанова «Жасыл апта» ішінде өтетін өзге де іс-шаралар жөнінде баяндап берді. Орталықта Назарбаев зияткерлік мектебінің «жасыл экономика» бағытындағы ізденістері мен нәтижелерін қамтыған жаңа жобаларының тұсаукесері де өтті.

– Бүгін ШҚМТУ-да өтіп жатқан жас өнертапқыштар слетіне қатысушы студенттер мен оқушылардың жеңімпаз деп танылған үздік жобаларына сертификаттар беріледі. Жеңімпаздарды «АЗИЯ АВТО», «Қазақмыс» кәсіпорындары сияқты өндіріс орындары басшылары мен ЖОО оқытушыларынан құрылған сарапшылар тобы іріктейді. Мысалы, «АЗИЯ АВТО» кәсіпорны өз саласы бойынша қажетті деп табылған жобаның зауыт ішінде одан әрі жетілдіріліп, жүзеге асырылуына жағдай туғызады. Дәл осындай слет бүгін өңіріміздің әр ауданы мен қаласында өтіп жатыр. Болашақта оларды өндіріске енгізу, мемлекеттік гранттар беру жағдайлары қарастырылады, – деді брифингте көрме түрінде ұйымдастырылып отырған слетке қатысушы жастарға тек апталық аясында ғана емес, әрі қарай да түрлі қолдаулар көрсетілетінін айтқан «Дарын» орталығының өкілі Бибігүл Оспанова.

Облыста ғылымға, өндіріс пен кәсіпке бет бұрған жастарға қолдау көрсетуге орай атқарылып жатқан шаралар аз емес. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Ж.Сәрсебаевтың айтуынша, өткен жылдан бері аймақта БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша өңірдегі жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын жүзеге асыруға 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Жуықта Семейде қолынан іс келетін жастарды ынталандыруға арналған «Жас кәсіпкерлер күні» өтті. Биылға бизнес жобаларды қолдауға, соның ішінде баламалы қуат көздерін өндіруге, энергия үнемдеуге қатысты жобаларға Даму бағдарламасы бойынша 33 мың доллар қарастырылып отыр. Басқарма басшысы «Өскемен ЭХРО-2014» көлемінде белгілі болған жастардың жобаларын жүзеге асыруға да осы бағдарламамен қаржылай демеу жасалатынын жеткізді.

Облыс орталығындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің үш бірдей
жобасы елімізде өткізіліп жатқан конкурстардың жеңімпазы атанып, қаржылай грантты иеленген.

Мектеп оқушыларының 13 жобасы орналасқан ақпараттық орталықта ұйымдастырылған көрме залынан «Шеврон» компаниясының 130 мың теңге грантына ие болып, жобасын жүзеге асыруды жалғастырып жатқан «Хош иістендірілген жастықшалардың» авторы, 4-ші сынып оқушысы Адель Адалбектің дүниелері де орын алыпты. Кішкентай Адель кесе көлеміндей хош иісті жастықшалардың ішіне салынатын шөптерді ата-анасымен бірге Катонқарағайдың Өрел ауылы маңынан жинап әкеліпті. Бұл жобаның ерекшелігі сонда, ішіне төр Алтайдың таңғажайып шөптері салынған томпақ жастық адамға тәтті ұйқы сыйлап қана қоймай, шаршағаныңды басып, көңіл күйіңді көтеретін көрінеді. Конкурстың «Экология және денсаулық» аталымында өскемендік оқушының жобасы сарапшылардың шешімімен жеңімпаз атанған.

«Жасыл апталықта» 2017 ағаш көшеті отырғызылғалы жатқан «ЭХРО аллеясының» жобасын осы мектептің оқушысы Әділет Айтқазин жасаған екен. Шырша мен қылқан жапырақты ағаш түрлері егілетін аллея болашақта демалыс бағы болып қана қоймай, білім ордасының ғылыми-тәжірибелік орталығы ретінде пайдаланылмақ.

«Өскемен ЭХРО-2014» көрмесінің шы-мылдығын ашатын айтулы шараның енді бірі – президенттік миль 24-мамыр күні Ертіс жағалауында, ал оған қатысушыларды марапаттау амфитеатрда өтеді. Қашықтыққа
жүгіру келесі күні Өскемен көшелеріндегі веложарыспен жалғасады.

Жанаргүл Мұқатай
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар