Бюджеттік заңдылықтарды бұзған 95 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды

(Дауыстар: 1)
Бюджеттік заңдылықтарды бұзған 95 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды


Кезекті тікелей байланысқа Шығыс Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы Ғанижан Қалиев келіп, оқырмандардың сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Дидар Дәуренұлы, Өскемен:
– Бізде бір ғана құрылыс компаниясы бірнеше нысанның тендерін ұтып алады да, кейін мерзімінен кешіктіріп жатады. Егер тендер дұрыс өткізілсе, мұндай жағдайлар қайталан-бауы керек еді ғой. Мем-лекеттің қаржысын қадағалау тікелей сіздердің мін-деттеріңіз емес пе?

– Сіз айтқандай жағдайлар қайталанбас үшін тексерулер жүргіземіз. Жасыратыны жоқ, ондай жауапсыз мердігерлер бар. Осындай мердігер ұйымдардың жолын кесудің жалғыз амалы – ондайларды жауапсыз мердігерлердің тізіміне енгізу. Жауапсыз деп танылған мердігер бір жарым жыл бойы мемлекеттік конкурсқа қатыса алмайды. Мемлекеттік органдарға аталмыш мекемелермен келісімшарт жасауға тыйым салатын заңның арнайы бабы да бар. Осы аталған шаралар сіз айтқан келеңсіздіктердің қайталанбауына бағытталған.

Айгүл Тоғасбаева, Көкпекті ауданы:
– Мен ауылдық кітапхана қызметкерімін. Сәуір және мамыр айында еңбекақымызға үстемеақы берілуі тиіс еді. Ол неге түскен жоқ? Жалпы, кітапханашыларға жолсапар төленбейді. Тиесілі еңбекақымыздың жеткіліксіз екенін айтпағанның өзінде оның өзін кешіктіріп алатын кездер болады. Осының барлығын ретке келтіруге болмай ма?

– Жолсапарды төлеу мәселесі – жергілікті атқарушы биліктің қолындағы шаруа. Ал сәуір мен мамыр айларында берілуі тиіс үстемеақы мамырдың соңында қолыңызға тиеді. Өйткені, бөлінген қаржы облыс бюджетіне жуықта ғана түсіп отыр. Шілде айында Көкпекті ауданына ревизиялық комиссия барады. Сол кезде сіздің шағымдарыңыз бойынша тексеріс жүргізеді. Нәтижесі өзіңіз көрсеткен мекенжайыңыз бойынша хабарланады.

Дәулен Қасенов, Герасимовка ауылы, Ұлан ауданы:
– Жыл соңында игерілмей қалған бюджетті сыйақы ретінде үлестіріп жатады. Бұл қаншалықты заңды? Одан кейін сыйақыны қызметкердің лауазы-мына қарай әртүрлі тағайындау заңды ма?


– Жыл соңында бюджеттің үнемделген бөлігін сыйақы ретінде игеру бюджеттік сыныптаманың 112 ерекшелігі бойынша рұқсат етілген. Ал оның әр қызметкерге әртүрлі бөлінуі қызметтің ерекшелігімен түсіндіріледі. Басқаша айтқанда, сыйақы қызметкердің еңбек тиімділігіне қарай тағайындалады.

Еркін Сариев, Күршім ауданы:
– Қандай да бір мемлекеттік немесе әлеуметтік мекемеге жаңа басшы келсе, жұмысын мекеменің ғимаратын жөндеуден бастайтын үрдіс бар. Бұл үрдісті тыятын заң бар ма? Қаржылық бақылау орындарды мұндай мекемелерді неге қырына алмайды?


– Егер бюджетті жоспарлау кезінде басшының жөндеу жүргізу туралы қажетті негіздемелері көрсетілген өтінімі есепке алынып, қаражат бөлінген болса, ол заңды. Ал егер жөндеу жұмыстарына бюджетте қаржы қаралмаса, бірақ сол бюджетті орындау кезеңінде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, ондай жағдайда біздің қызметкерлеріміз түскен шағымның негізінде тексеруге бара алады.

Шәкен Құйқабаев, Өскемен:
– Іссапар шығынын өтеу ісінде неге бірізділік жоқ. Мәселен, Астана қаласындағы бір шараға әртүрлі мекеменің қызметкерлері барған кезде бөлінген жолсапар шығыны әркелкі екенін көріп жүрміз. Тіпті, кейбіреулер ұшақпен барып жатады. Меніңше, бұл жерде де мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалып жатқан сияқты.


– Қызметтік іссапар кезінде қызметкердің жолсапар шығынын өтеудің өз ережесі бар. Әрбір қызметкерге қызметтік іссапар шығыстарын өтеу оның баратын жеріне байланысты. Мысалы, Астанаға баратын болса, іссапар шығынының мөлшері жеті айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек, ал аудан орталығына қызметтік іссапар шығынының мөлшері төрт айлық есептік көрсеткіштен аспауы қажет. Егер өтелген қаржы осы мөлшерден асып кеткен жағдайда бұл мәселе тексеруге алынады.

Ұшақпен сапарлау мәселесіне келер болсақ, мекеме басшысы шаруаның шұғылдығына байланысты қызметкерін ұшақпен жіберуге құқылы. Бірақ бұл шешімі құжат күйінде дәлелденген болуы керек. Қысқасы, мекеме басшысы жолсапар шығынын белгіленген мөлшерден асырмай тағайындай алады.

Жанболат Дайырбеков, Аягөз ауданы:
– Мемлекеттік бағ-дарламалар арқылы берілетін шағын несиелер мен субсидиялар шын мұқтаж емес, жолын тапқан жылпостарға берілгеніне куә болған жағдайда кімге жүгіну керек? Мұндай жағдайлар анықталса, екі тарапты да жазалау тәжірибесі бар ма? Сіздердің тараптарыңыздан қандай қадам жасалуы мүмкін?


– Осы күнге дейін ондай оқиға тіркелген жоқ. Сіз айтып отырған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінетін қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалайтын әкімшілері бар. Ал елді мекендерді абаттандыруға жұмсалатын қаржыны тұрғындар өздері-ақ қадағалап отыр. Субсидия бойынша да ондай фактілер тіркелген жоқ. Егер мұндай жағдайлар анықталса, біз ол істі қаржы полициясына тапсырамыз.

Шамиль Багаутдинов, Катонқарағай ауданы:
– Мелекеттік конкурстар мен сатып алу ісін қадағалап жүргізетін орталық құрылатыны жөнінде көп айтылды. Осы мәселе қалай өрбіп жатыр? Жекешелендірудің екінші толқыны жарияланғалы түрлі мекемелердің жеке бір адамдардың қолына өтетіні жайында көп айтылып жүр. Тағы да баяғы сценарий қайталанып жүрмей ме? Бүгін жеке қолдарға тегін берген мекемелерді кейін сатып алуға мәжбүр болмаймыз ба?


– Ондай орган республикалық деңгейде құрылған. 2015 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мұндай құрылым біздің облысымызда да болады. Әзірше, бұл ведомствоның жұмыс жоспары жоқ, ол әзірленетін болады, бұл орган Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің қарамағында болады.

Мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесінің жағымды тұстарының бірі – тапсырыс берушілердің мердігерлерді табу, күрделі құжаттарды қарастыру сияқты міндеттерден босатылуы. Әрбір мемлекеттік мекемеде білімді заңгер немесе экономист отырған жоқ. Көбінесе мемлекеттік сатып алу рәсімінде жол берілетін бұзушылықтар осы білмегендіктің нәтижесінде болып жатады. Енді барлығы да мемлекеттік сатып алуға қатысты ортақ басқармада тоғысатындықтан, тапсырыс берушілермен де, мердігерлермен де жұмыс істеу оңайға түсетін болады.

Ал жекешелендіру республикалық деңгейде жүргізіледі, яғни, республикалық баланста тұрған ғимараттар мен құрылыстарға қатысты. Жалпы, бұл мәселемен мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет айналысады, жекешелендіру жүргізу тәртібін олар әзірлейтіндіктен, барлық сұрақтар сол ұйымға қойылуы қажет.

Мария Желякова, Ұлан ауданы:
– Қаржылық бақылау инспекциясы қызметінің тиімділігі қандай?

– Біздің қызметіміздің басты көрсеткіші – қаржылық бақылауды жүзеге асыру нәтижесінде анықталған бұзу-шылық сомаларының бюджетке өтелуі болып табылады. 2011 жылдан бастап 2013 жыл аралығында біз орташа есеппен алғанда жыл сайын, әртүрлі деңгейдегі бюджет кірісіне 5 млрд. теңге көлеміндегі қаражаттың өтелуі мен қалпына келтірілуін жүзе-ге асырсақ, ал инспекцияны ұстауға жыл сайын орташа есеппен алғанда 100 млн. тең-ге жұмсалған. Бұл көрсеткіш, бізге жұмсалған шығынның 50 есеге ақталатындығын көрсетеді. Міне, бақылау жүргізудің тиімділігі, мемлекетке келтірілген пайда деген осы.

Қаржылық бақылау инспекциясы 2014 жылдың бес айында 105 бақылау іс-шараларын жүргізіп, бақылау нәтижесінде жалпы сомасы 4 млрд. теңгеден артық қаржылық бұзушылықтар, 4 млрд. 139 млн. теңгеге мемлекеттік сатып алу саласы бойынша бұзушылықтар анықталды, сонымен қатар, жалпы сомасы 4,5 млн. теңге көлемінде қаржылық активтерді пайдаланумен байланысты бұзушылықтар және жалпы сомасы 7 млрд. 97 млн. теңге көлемінде қаржылық есептіліктің ережесін, шарттары мен рәсімдерінің сақталуын тексеру кезінде бұзушылықтар орын алды.

Сол сияқты, бақылау іс-шаралары нәтижелері бойынша өткен кезеңде осы және басқа да мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың 95 лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, бюджеттік және басқа да заңдылықтарды бұзғаны үшін 22 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2870,6 мың теңге айыппұл салынды.

Тікелей байланысты жүргізген –
Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар