«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік қорытындысы шығарылды Өскеменде

(Дауыстар: 1)
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік қорытындысы шығарылды Өскеменде

Өскемен қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік қорытындысы шығарылды. Аймақтағы он тоғыз ауданнан қатысқан өнегелі де үлгілі жанұялардың ең үздіктері марапатталған мерекелік гала-концертке облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қазақстанда биыл екінші рет тойланғалы отырған жарқын мерекелердің бірі – Отбасы күні қарсаңында өткізілген ұлттық байқау отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, жанұяда бірлік пен берекенің орнауын насихаттауға бағытталған. Облыс басшысы өз сөзінде мемлекеттің негізгі тірегі – айрандай ұйыған, бірлігі жарасқан отбасы екенін атап өтті.

– Отбасында жарастық, тыныштық орнаған жанұялары бар мемлекет өркендей береді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күннен бастап отбасылық институттың дамуына, ана мен баланың денсаулығына ерекше назар аударып келеді, – деді Бердібек Сапарбаев құттықтау кезінде. – Біздің облыста 17 мың көпбалалы отбасы бар екен. Он жылда өңірдегі бала туу деңгейі 17 пайызға өсіпті, ана мен бала өлімі көрсеткішінің азайғаны қуантады. Бұның барлығы Елбасының жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаты мен осы бағытта күнделікті атқарылып жатқан қыруар шаруалардың жемісі. Жас аналар сәбилерін бала бақшаларға орнату үшін бастарын қатырмайтындай жағдай жасауымыз керек. Еліміз бойынша ең алғаш біздің облыста төртінші бала дүниеге келген отбасыларына 50 мың теңге бөлу туралы бастама көтерілді. Ең алғашқы отбасы мен балаларды қолдау орталығының да Шығыс Қазақстанда ашылғанын мақтанышпен айта аламыз. Жанұяларға моральдік қолдау көрсетететін осындай байқаулардың дәстүрге айналғаны өте құптарлық жайт.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік қорытындысы шығарылды Өскеменде

Мерейлі отбасын анықтауға арналған ұлттық байқау өңіріміздің әр ауданында өткізіліп, жеңімпаздары облыстық деңгейде бақ сынасты. Байқаудың жүлдегерлері үйдегі кинотеатр, 3D Smart TV сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталса, қатысушылардың барлықтары байқаудың лауреаты атанды.

Байқаудың бас жүлдесін Курчатовтан келген Паницкийлердің интернационалды отбасы еншіледі. Халықаралық тапсырыстарды орындаумен айналысатын ғалым-экологтар төрт бала тәрбиелеп отыр. Жеңімпаздарға облысымыздың ең көрнекті демалыс орындарының бірі – Алакөлге бір апталық жолдама берілді. Сонымен қатар Паницкийлер қыркүйек айында өтетін республикалық байқауда Шығыс Қазақстанның намысын қорғау мәртебесіне ие болды.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік қорытындысы шығарылды Өскеменде

Екінші орында жалпы жұмыс өтілдері 133 жылды құрайтын Қуанышевтар жанұясы. Зырян ауданына бала кезінде көшіп келген отағасы Майданбек Қуанышев пен зайыбы Жамиға екеуі де шахтада еңбек еткен.

Жалпы алғанда 294 жыл зауытта жұмыс істеген, он бала тәрбиелеп өсірген риддерлік Деминдер династиясы жүлделі үшінші орынға көтерілді. Жанұядағы тоғыз бала да әке жолын қуып, әр жылдарда зауытта еңбек еткен.

Мерейлі отбасыларын марапаттаған кеште ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ирина Унжакова облыстық комиссияның атынан тағы екі жанұяға сый-сияпат көрсетті.

Олардың бірі – таяуда ғана гауһар тойларын атап өткен, алпыс жыл жұптарын жазбаған Ұрановтар отбасы. Мұтан ақсақал мен Қайныкеш әже екеуі де бір күні, 1934 жылдың 9-мамырында дүниеге келіпті. Сексеннің сеңгіріне шыққан қазыналы қариялар төрт баладан өрбіген тоғыз немере мен бір шөбересінің қуаныштарын көріп келеді.

Бородулиха ауданынан келген Искаковтар отбасында алты бала тәрбиеленуде. Ұлт мерейін тасытуға өз үлесін қосып жүрген жанұяның балғындары шетінен өнерлі. Олардың бірі Нұрболат Ерболұлы салтанатты кеште аймақ басшысына арнаған өлеңін оқыған кезде жиналғандар ду шапалақтың астына алды. Бердібек Сапарбаев жас талапкерге ақ жол тіледі.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік қорытындысы шығарылды Өскеменде

Кешке жиналғандарды құттықтаған Ирина Сергеевна үлгі тұтарлық осындай өнегелі жанұялардың қатары көбея берсе деген ақжарма тілегін білдірді.

Салтанатты кеште облыстың әр түкпірінен келген отбасылық ансамбльдер өнерлерін жайып салды. Әсіресе Семейден келген әскери музыканттар Сағындықовтар отбасының лирикалық әні жан тебірентті. Бес қыз тәрбиелап отырған Марат Сағындықов Шығыс өңірі қолбасшылығы әскери оркестрінің бастығы болса, жары Ольга оркестрдің әншісі, күйшісі. Сахнада қазақша ән салып, домбыра шерткен Ольга Ресейдегі Иваново қаласының тумасы екен. Бір жарым жастағы Зарина, Дарина атты егіз қыздарын ата мен әжесінің қолына тастап, байқауға арнайы келген Ольга тәрбиенің жауһарлары ақжаулықты әжелеріміз бен қазыналы қарттарымызда екеніне сенімді.

–Біз балаларымызды ешқандай бала бақшаға бермейміз. Алтын әжеміз бен атамыздың өнегесінен, ұлттық тәрбиесінен артық ештеңе жоқ. Олардың бізге осындайда қолқабыс тигізгеніне алғысымыз шексіз. Ал күнделікті тұрмыста үлкен қыздарымыз қолқанат. Тамақ та пісіреді, үйді де жинайды, кішкентайларына да қарайды, – дейді Ольга.

- Біз балаларды жоспарламаймыз. Құдай берсе, ұлды да болатын шығармыз, – деп күледі отағасы Марат.

Салтанатты кешке жиналғандардың арасында өскемендік педагогтар Потаповтардың жанұясы да бар. Отыздан еркін асқан Ирина Владимировна мен Сергей Николаевичтің төрт баласы бар, алды он бесте болса, кенжелері үш жаста.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік қорытындысы шығарылды Өскеменде

- Үйленген кезде жолдасым Сергей жеті балалы болғысы келетінін ескерткен болатын. Сондықтан біздің жанұя мүшелерінің қатары әлі де арту керек, - дейді облыс орталығындағы №4 орта мектебінде ағылшын пәнінен сабақ беретін Ирина Потапова. Отағасы Сергей Николаевич №19 орта мектебінде мұғалім.

Иринаның басты көмекшісі №25 гимназияда 4-сыныпта оқитын қыздары Оксана. Ол бауырларымен саяхатқа шығуды, фурбол ойнауды ұнататынын айтады. Үлкен ұлдары бимен айналысса, Оксана мен 7 жастағы Коля қолөнер үйірмесіне қатысады.

-Мен көп бала сүюден қорқатын келіншектерге былай дер едім: бір бала бала емес, мен оны әке-шешемнің жалғызы болып өскендіктен жақсы білемін. Ағайындылар көп болса, қайырымдылық, мейірімділік, жаны ашу сияқты асыл қасиеттер бүлдіршіннің бойында кішкентайларынан қалыптасады. Ең бастысы да осы, - дейді Ирина.

Гала-концертте жиналғандар сондай-ақ Еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Ғибрат Асубаев пен «Еураз-шоу» ән-би театрының «Экстази» шоу балетінің өнерлерін тамашалады.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар