«Өскемен Экспо-2014» көрмесінде тың жобалар таныстырылды

(Дауыстар: 1)
«Өскемен Экспо-2014» көрмесінде тың жобалар таныстырылды

Өскемендегі «Алтай» технопаркінде елімізде тұңғыш рет VІІ Астана экономикалық
форумының қисынды жалғасындай болған «Өскемен Экспо-2014» көрмесі өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған шараға Парламент депутаттары, Нобель сыйлығының
лауреаттары Курт Вютрих пен Святослав Тимашев, әлемнің 12 елінен келген ірі ғалымдар, дипломатия-лық миссия өкілдері қатысты. Астанадағы форум аясында Елбасымен кездескен шетелдік қонақтар Кенді Алтайдың жаһандық мәселелердің шешімін ұсынар тың жобалардан кенде емес екеніне куә болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс әкімі көрменің кереметтерін мәртебелі меймандарға өзі таныстырды. 86 жобаның ішінен үш аталым бойынша үздік деп танылған 21 жобадан бөлек, инновациялық сенсацияға баланып үлгерген, қазірде қолданысқа кеңінен тарай бастаған жобалар мен әуесқой өнертапқыштардың креативті идеялары да көрме қонақтарының назарына ұсынылды. Жемісін беріп үлгерген жобалар технопарктің ауласында таныстырылды. Соның бірі – «ДЭТ-320» маркалы шынжыртабан трактордың жаңғыртылған үлгісі.

«Өскемен Экспо-2014» көрмесінде тың жобалар таныстырылды

– Біздің өңірде қыс мезгілінде 40-50 градус аяздар болып, жолдар жабылып қалады. Сондықтан аталмыш тракторлар тек кен қазу ісінде ғана емес, жолдарды тазалау жұмыстарына да таптырмайтын техника саналады. Мұндай тракторлар қазір Ресейдің өндірісінен алынып тасталған. Өйткені, техниканың қозғалтқышы бір рет шағылса, жөндеу мүмкін емес. Ал біздің семейлік өнертапқыштар оның қозғалтқышын ауыстырып, тоқтап қалған тракторларға қайта жан бітіріп отыр, – деді аймақ басшысы кезекті жобаның маңызын түсіндіріп.

Меймандар Шығыста салына бастаған су электр стансаларының әлеуетіне ерекше қызығушылық танытты. Аймақ басшысы Қазақстандағы жалпы су қорының 60 пайызы біздің облыста шоғырланғанын, мұндағы су арналарының көбі тау өзендері болғандықтан, оларды қуат көзі ретінде пайдалану ойластырылып отырғанын айта келе, әзірге 13 жоба қолға алынғанын жеткізді.

Көрмеге қатысушылардың кейбірін күн мен желден қуат алатын вагон-баспана қызықтырса, енді бірі «КЭМОНТ» АҚ өндіретін электр реттеуші панельдің мүмкіндіктеріне таңдай қақты.

Ал технопарктің кіреберісінде есімі жал-пақ жаһанға мәшһүр ғалымдардың батасын алуға асығып әуесқой өнертапқыштар тұрды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ мемлекетке пайдалы қондырғыларды ойлап тапқан талапты жастарға аузы дуалы ғалымдар батасын беріп қана қоймай, жобаны патенттеп алу ең маңызды дүние екенін ескертумен болды. Солардың бірі – күршімдік Мейіржан Серікбаев бұл жерге мал тезегін әрі қуат пен қорек көзі, әрі тыңайтқыш ретінде пайдаланатын жылыжай жобасын ұсына келіпті. Оқушы өнертапқыштардың арасында Нобель сыйлығының лауреаттарына өз жобасын ағылшын тілінде таныстырып, ерекше ықыласқа бөленгендері де болды. Көршілес Қытай өнертапқыштарының көрмеге ұсынған жобалары да осы жерден орын тауыпты.

Ал «Болашақтың қуаты» жобалар байқауында жеңімпаз атанған жобалар ғимараттың үстіңгі қабатында таныстырылды. Олардың арасында өзімізден бөлек Астана, Алматы, Қарағанды қалалары мен Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан сынға түсіп, үздік танылған тың жобалар бар. Еліміздегі аталмыш үш қала да бұл байқауға ерекше белсенділік танытқанын айтқан жөн. Мәселен, Қарағанды бұл сынға – 9 жоба, Астана – 8, Алматы – 7 жоба ұсынған. Шетелдік қонақтардың көрме залында жоспарланған уақыттан артық айналуы жобалардың қаншалықты мазмұнды болғанынан хабар берсе керек. Ғалымдар жобалардың күмәнді тұстарын нақтылап, сын-ескертпелер мен оң бағаларын берсе, кәсіпкерлер өнертапқыштардан байланыс мекенжайларын сұрап жатты.

Көрмедегі жобаларға жаһандық жаңашылдығы тұрғысынан алғаш болып оң бағасын берген Саутгемптон университетінің профессоры, нанофизика және фотоника саласының білгірі Алексей Ковакин болды.

– Бұл өлкенің индустрия саласында елде-ріңіздегі көшбасшы өңірлердің бірі екенін білетінмін. Десе де бір ғана облыстың әлеуеті осындай болса, тұтас ел ретінде жаһандық «жасыл» экономикаға берерлеріңіз қаншалықты екенін елестету қиын емес. Тек бір ережені ескерген жөн. Қазір барлық мемлекеттер балама энергия көздерін табуға ұмтылып отыр. Осы тұрғыда сіздер тыңнан түрен сала білулеріңіз қажет. Ал егер өзге елдердің жаңалығын көшірмелейтін болсаңыздар, әрдайым артта жүретін боласыздар.
Сондықтан тек өздеріңізге ғана тән жобаларға көптеп көңіл бөлген жөн, – деді әйгілі физик.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар