Қатерлі ісіктің құрығынан қалай құтылуға болады?

(Дауыстар: 1)
  • 10 маусым 2014, 09:21 |
  • Пікірлер: 1
Қатерлі ісіктің құрығынан қалай құтылуға болады?

Обыр дерті жылына жер бетіндегі 20 миллион адамның өмірін жалмайды деген дерек бар. Яғни, әрбір жетінші тұрғын обырдың құрығынан құтылмайды. Әлемді жайлаған осы дерттің емі бар ма, бұл тажалдан қалайша құтылуға болады? Көпшілікті толғандыратын осы сауалдарға жауап беру үшін біз жоғары санатты онколог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Шығыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Сағидуллинаның көмегіне жүгінуді жөн көрдік, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Онкологтың айтуынша, қатерлі ісік дертіне қарсы тұрудың бірінші жолы - бұл ауруды ерте сатыда анықтау үрдісі. Дертпен күресудегі екінші бағыт - бұл дертті емдеген кезде ең тиімді ем жасау жобасын қолдану. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 - 2015 жылдарды қамтыған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген басты мақсаттар осындай. Мысалы, қатерлі ісік дертін емдеудің үш түрлі жобасы бар. Оның біріншісі - оталау, яғни, операция жасау, екіншісі - химиялық жолмен емдеу, үшінші жоба - түрлі сәулелермен емдеу жобасы.

Жоғары технологиялы операцияларды өзімізде жасайды

Қатерлі ісіктің құрығынан қалай құтылуға болады?

Гүлмира Ғабдуллақызы облыстық онкологиялық диспансерде осы жобалардың барлығы да ұштастырыла жүргізілетінін айтады. 2012 жылы емдеу орнында сәулелі терапия қызметі іске қосылған. Инновациялық тәсілдер жайына келер болсақ, егер осыдан бес-алты жыл бұрын ауыр науқастар арнайы квотамен Алматыдағы радиология мен онкологиялық ғылыми-зерттеу институтына, не болмаса бірінші қалалық аурухананың урология бөліміне жіберіліп отырылса, бүгін ондай науқастарды жергілікті онколог мамандардың өздері де емдей алады. Ол үшін емдеу мекемесі ең озық медициналық жабдықтармен жабдықталған. Диспансердің онкологтары әсіресе, онкоурология саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Шетелде оқып келген онколог-урологтар қуық асты бездерінің обырына жоғары технологиялы операцияларды өздері жасай береді. Онкология саласындағы соңғы жетістіктердің тағы бірі - мамандар қазір науқастың ісігі бар органын мүмкіндігінше сақтап қалуға тырысады. Бұл әсіресе, қыз-келіншектердің омырауларына ота жасаған кезде маңызды. Мысалы, дәрігерлер жуықта тоқ ішегінде ісігі бар адамның сол ісік жабысқан жерін ғана сылып алып тастады, абырой болғанда, обырдың жасушалары ағзаға тарап үлгермепті.

Қатерлі ісіктің құрығынан қалай құтылуға болады?

Химиялық терапиямен, яғни, дәрі-дәрмектермен емдеу бағытында жалпы медицинаның өткен жылдармен салыстырғанда қарыштап дамығаны байқалады. Ал нақты диспансерді сөз етсек, химия терапия қабылдайтын бөлмелер науқастарға қолайлы етіп жабдықталған. Иненің астында бірнеше сағат жататын жандардың ағзасындағы өзгерістерді мүлтіксіз тіркеп отыратын аппараттар, ем алушылар зерікпес үшін теледидар орнатылған. Қазір химиялық дәрі-дәрмектің түрлері де көбейген: бұрындары төрт-бес препараттан аспаса, бүгінде отыздан астам түрі бар. Сонымен қатар дерттің бетінің қайтуы кейінгі алатын ем-домға да тікелей байланысты. Бұл орайда онколог дәрігерлердің облыстық әкімдік пен мәслихатқа алғыстары шексіз. Гүлмира Ғабдуллақызы онкологиялық ауруларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде бүгінде қиындықтар жоқтығын, қаржыландырудың соңғы бес жылда көп артқанын айтады. Бұған дейін науқас әйелдің қатерлі ісікке шалдыққан сүт бездерімен қоса аналық жыныс бездері де тып-типыл оталып тасталса, қазір омыраудан кесіп алынған ісікке патоморфологиялық зертханада иммуногистохимиялық зерттеулер жүргізіліп, ісіктің гормондарға тәуелділігі анықталады. Егер обырдың жасушаларында гормонға тәуелділік болмаса, басқа органдарды сылып алып тастаудың қажеті жоқ. Тіпті, осы зертханада ісікке қай препараттың қалай әсер ететіні, қайсысымен емдеген тиімді екенін де анықтауға болады. Бұл таргетті химиялық терапия деп аталады. Таргетті терапия термині ағылшынның the target - нысана сөзінен шыққан. Яғни, пациентке тек кеселді жасушаларына дәл тиіп, оны құртатын дәрі ғана қолданылатын болады. Осылайша, ем науқастардың әрқайсысының ерекшеліктерін ескере отырып тағайындалады.

Қатерлі ісіктің құрығынан қалай құтылуға болады?

Сәулелі терапия бөлімі медицинаның соңғы үлгідегі құралдарымен жабдықталған. Қатерлі ісікті қашықтықтан сәулемен емдеу немесе брахитерапия, яғни, сәулені дертке шалдыққан органға тікелей түсіру әдісі кеңінен қолданылады. Бұл тәсілдің тиімділігі - сәуле тек обырдың жасушаларын ыдыратады да, маңындағы сау ағзаға зиян келтірмейді. Сонымен қатар, қашықтықтан сәулемен емдейтін аппарат арнайы жапырақшалармен жабдықталған. Бұл үшбұрыштар сәуле жіберген кезде сау органдарды жауып тұрады. Бұл әдіс үш өлшемді конформды сәулелі терапия деп аталады. Жоғарыда аталған ем түрлерінің барлығы да жоғары технологиялық дәрігерлік көмекке жатады. Сәулелі терапия бөлімінің жұмысында онколог-дәрігерлермен қоса радиолог мамандардың, инженер-техниктердің рөлі де ерекше. Сол себепті олардың барлығы да арнайы дайындықтан өткен. Сәулемен емдеу өте күрделі болғандықтан, оған науқасты алдын ала ұзақ дайындайды.

Жаман дертке шалдыққандарды емдеудегі тағы бір маңызды кезең - оларды операциядан кейін оңалту шаралары. Мысалы, сүт бездеріне ота жасалған әйелдерге моральдік жағынан да ауыр. Бұл жерде науқастарға қарапайым емдік денешынықтыру жаттығуларымен қоса арнайы массажға дейін жасалады. Отадан кейін адамның қолдары қимылдатқан кезде ауырсынады, содан көптеген қыз-келіншектер артық қимыл жасамауға тырысады, оның аяғы қолдардың қимылы шектеулі болып қалуына әкеліп соғуы мүмкін. Осындай жағымсыз әсерлердің болмауы үшін олардың қолдарына арнайы аппаратта пневмокомпрессиялық массаж жасалады.

Адам өле-өлгенше жаннан дәмелі...

Науқастардың отыз пайызы дәрігерге тым кеш қаралатындықтан, оларға тиімді ем жүргізу мүмкін болмайды. Тамырланып, дененің бар органдарын шырмап алған обыр адамның жанын қоярға жер тапқызбай ауыртады. Басқа бірде-бір ауру дәл онкологиялық дерттей адам жанына батпайды. Асқынған дертке дауа жоқ. Қатерлі ісіктің соңғы сатысына шалдыққандардың жағдайын қалай да жеңілдету, олардың ауырсынуды сезулерін басу мақсатында дәрігерлер қолдан келген көмектерін аямайды. «Адам өле-өлгенше жаннан дәмелі, кедей малдан дәмелі» демекші, құлан-таза жазылудан үміті жоқ науқастар үшін емдеу мекемесінде биылдан бастап паллиативті бөлім ашылған.

«Басында мен өзім де осы бөлім науқастарға қалай әсер етер екен деп күмәнданғаным рас. Бұл бөлімге ауыстырылған жан өзінің жаман дерттің құрығынан енді құтылмасын түсінеді ғой. Алайда, қазір біз осында жатқан он төрт адамның көңіл күйлеріне, олардың туыстарының пікірлеріне қарап, бұл дұрыс шешім екенін аңғардық. Бұл жерде жатқан адамдарға дәрігерлік көмектен басқа әлеуметтік, психологиялық жәрдем беріледі. Олардың туған-туыстарымен де арнайы психологиялық жұмыстар жүргізіледі, кейде пациенттен гөрі туғандарына көмек қажеттірек. Өйткені, жақын адамының дәмі таусылар сәт таяу екенін сабырмен қабылдау, айтуға оңай болғанымен өте қиын. Біз туыстары науқастың жанында қанша отырам десе де қарсылық танытпаймыз, қайта оларды қаласа, науқасты күтуге үйретеміз. Медбикелердің барлығы да арнайы дайындықтан өткен. Олар өте төзімді, мейірімді. Біздің басты мақсатымыз - үмітсіз науқастың өмірінің сапасын жақсарту, оның соңғы күндерін барынша ауырсынбай өткізуін қамтамасыз ету», -дейді Гүлмира Ғабдуллақызы.

Қатерлі ісіктің құрығынан қалай құтылуға болады?

Диспансерде обыр диагнозы қойылған кез келген науқаспен психолог маман жұмыс істейді. Мұндай әңгімелесулер әсіресе, операцияның алдында маңызды. Психологтар мінез-құлқында өзгеріс байқалған пациенттермен жеке тренингтер өткізеді, ол үшін арнайы бөлмелер жабдықталған.

Жас онкологтар Париж бен Стокгольмнен оқып келді

Гүлмира Сағидуллинаның негізгі мамандығы реаниматолог-анестезиолог болғандықтан, созылмалы ауырсынудың не екенін, онымен қалай күресу қажет екенін өте жақсы біледі. Онкологиялық диспансерде істеген он жеті жылдың ішінде тек онколог дәрігер ғана емес, сонымен қатар білікті басшы ретінде де танылып үлгерді. Шығыс Қазақстанда қанатқақты жоба ретінде енгізілген сүт бездері скринингтік тексерулерінің қорытындылары бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылыми атағы Гүлмираға негізгі жұмысын педагогикалық қызметпен қатар алып жүруге мүмкіндік береді. Ол кісі өз ұжымы, жас дәрігерлер және студенттер туралы мақтанышпен әрі ұзақ айта алады.

Қатерлі ісіктің құрығынан қалай құтылуға болады?

Басшының кабинетінде жас әріптестерінің әлемнің түкпір-түкпірінен әкелген сый-кәделері жинақталған бұрыш бар. «Бұл жерді біздің онкологтардың мамандандыру сапарларының картасы десе де болғандай», - дейді дәрігер. Париж, Стокгольм, Вена, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Израиль, Литва, Черногорья, Беларусь деп кете береді. Басшының айтысына қарағанда, бұл жерде кездейсоқ мамандар жоқ. Соңғы жылдары қатарларына қосылған жас онкологтар ұжымға жас күш-қайрат пен жаңашылдықты ала келген. Олардың еңбекке деген құлшыныстары, білімдерін үнемі жетілдіруге деген ұмтылыстары қуантады. Гүлмира Сағидуллина Семей медициналық университетінің Өскемендегі филиалында онкология кафедрасында, медицина колледжінде онкологиялық хирургиядан дәріс оқиды. Болашақ дәрігерлердің білімпаздықтарына, олардың әр нәрсеге қызығушылықтарына риза екенін жасырмайды.

Қатерлі ісіктің құрығынан қалай құтылуға болады?

Айна Ескенқызы
Суреттерді түсірген: Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

муха | 24 маусым 2016 20:05
калаи емдиди
Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар
artplaza.ru/statji/programma-trenirovok-v-trenazhernom-zale