Астана мен Ресейден келген цирк әртістері өнерлерін көрсетті

(Дауыстар: 1)
Астана мен Ресейден келген цирк әртістері өнерлерін көрсетті

Жаз шыға салысымен Өскеменге әр жердің цирктері ат басын бұрып, айлап, апталап жатып қойылым қояды. Астана мен Ресейден келген цирк әртістері және қолға үйретілген дала аңдары, сондай-ақ, үй жануарлары бірнеше күн қатарынан өнерлерін көрсетті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Алты қанат киіз үйдей шатыр тіккен циркке бала-шағасын жетектеген жұрт ағылып жатты. Олар үшін ми қайнатар күннің аптап ыстығы да кедергі болмады. Билет бағасы отыратын орындарына қарай 1000 теңгеден басталды. Ресейден келген Шапито циркі өз өнерлерін Комсомол аралында құрылған шатыр астында көрсетсе, астаналықтар Металлургтер саябағында қойылым қойды. Қаламызға тұңғыш рет Астанадан келген Қазақстан циркінде акробаттар, гимнастар, сайқымазақтар жұртқа жоғары көңіл күй сыйлады. Асыр салып ойнақтаған сайқымазақтар көрермендердің көңілін тауып, цирктің сәнін келтіріп жүрді. Әртістер бірінен-бірі асатын қойылымдарды ортаға салды. Үш сағатқа созылған циркте жылан, қолтырауын, аң патшасы - арыстандардың өнерін кішкентай бөбектер қызыға тамашалады.

Ресейден келген цирк те өз ерекшелігімен есте қалды. Ортаға әртүрлі тұқымдас иттер шығып доп ойнады, кедергілерден секірді. Бұларға аса таңданыс білдірмеген көпшілік арқанмен биікке өрмелеп, әуезді әуенмен мың бұрала би билеген қуыршақтай қызға қиқу қоса қол соқты. Галина Кузменко есімді жонглер қыз да ортаға шығып, шеңбер тәріздес шығыршықтарды төбеге лақтырып, қағып алып таңғалдырды көрерменді. Алғашында үш шығыршықтан бастаған ол соңында он шақтысын лақтырып, алма-кезек қағып алып отырды. Неткен шапшаңдық, неткен ептілік дерсің... Өнер көрсетуден қолға үйретілген хайуанаттар да қалыспады. Кішкентай көрермендер маймылдардың велосипед тепкенін көріп таңданысты. Сонымен қатар, леопард, Джон-боб есімді шимпанзе, кенгуру, түйеқұс сынды жануарлар бүлдіршіндерді қызыққа бөледі.

Астана мен Ресейден келген цирк әртістері өнерлерін көрсетті

Ең бастысы, көрермендердің асыға күткені кәдімгі ешкі еді. Ондай ешкі дүниежүзінде екеу-ақ екен. Біреуі Қытайда, енді бірі Шапито циркінде көрермендердің көзайымына айналып жүрген - осы ешкі. Ерекшелігі - адам бойындай биіктікте керілген арқанмен жүріп өте алады. Әлгі ешкі жіңішке арқанның арғы басына барып, қайта қайтқанша көрермендер демін іштерінде ұстап отырды-ау деймін. Шалыс басқан бір қадамы сәтсіздік-ке ұшыратуы мүмкін. Әртістердің айтуынша, көрініс кезінде бірде-бір сәтсіздік орын алмаған сияқты.

Жанды шүберекке түйетін көріністердің енді бірі - әртістердің батутта секіруі еді. Бейне бір аспанда ұшып жүргендей көрінеді. Мұндай таңғаларлықтай өнерге баланы қойып, үлкеннің өзі балаша мәз болады екен.

- Өзім батутта секіруден спорт шеберімін. Мұндай трюктер жасау үшін білектің, аяқтың күші керек болғандықтан, бодибилдингпен айналысамын. Қазіргі таңда ел аралап өнер көрсетіп жүрміз, - дейді ең күрделі трюк жасаған Василий.

Еуропа елдерін аралап, өнер көрсетіп жүрген Шапито циркінде 25 әртіс жұмыс істейді. Әкімшілік қызметкерлерінің айтуынша, бұл циркке әртістер де, хайуанаттар да дайын келеді. Ешкімді ешкім үйретпейді де екен. Цирк басшылығы құрамаға сайдың тасындай тізілген өнерпаздардың ішінен таланттыларын ғана таңдап алады. Шапито циркі Өскеменге төрт жылда бір келеді. Енді 2018 жылы жолдары түсер. Ал Астанадан келген цирк әртістері жылда келетінін жеткізді.

Мерей Қайнарұлы
Суретті түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар