Соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштер қалпына келтіріледі

(Дауыстар: 1)
Соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштер қалпына келтіріледі

Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштердің маңайы Жеңіс күні қарсаңында тазартылғаны болмаса, жөндеусіз тұрғандарына талай жылдың жүзі болыпты. Ардагерлер кеңесі мүшелерінен құралған арнайы комиссия аудандар мен қалалардағы бірқатар ескерткіштер ескіріп, жөндеуді қажет етіп тұрғанын анықтаған, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Осы және өзге де мәселелер облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісінде талқыланды. Жиында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған комиссияның төрағасы Петр Рытов Риддер, Глубокое, Бородулиха, Жарма, Ұлан, Күршім аудандарындағы ескерткіштердің тозып тұрғанын тілге тиек етті.

- Аудандардағы ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіштермен қатар, өзге де ескерткіштерді тексеріп шықтық. Нәтижесінде облыстағы 349 мемориалдық ескерткіштер фотосуретке түсіріліп, қажетті құжаттар толтырылып, тиісті орындарға жіберілді, - деді Петр Рытов.

Тексеру кезінде Шемонайха ауданының Камышенка ауылындағы, Глубокое ауданының Секисовка, Черемшанка ауылдарындағы және Семей қаласы мен Таврия ауылындағы ескерткіштер комиссия мүшелерінің көңілдерінен шыққан. Алайда,Глубокое кентіндегі ескерткіш сұрықсыздау болып көрінген.Осы ауданға қарасты Предгорное ауылындағы ескерткіш те нашар күйде. П.Рытовтың айтуынша, мұны жергілікті жердің басшылығы мен ардагерлер кеңесінің мүшелері қарап, қадағалап отыруы тиіс еді. Жиында комиссия мүшелері осы олқылықтарды түзеу үшін жаз кезінде уақытты жоғалтпай, ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіштерді қалпына келтіріп, маңайын қоршап, гүлдендіріп, жарықтандырып қойса деген ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, жиында мемориалдық ескерткіштердің жанына гүл шоқтарын қоятын арнайы орын жасалса, Даңқ орденін алғандарға жеке бұрыш ашылса деген ұсыныстар ортаға салынды. Кейбір ескерткіштерде ардагерлер есімдерінің тізбегі толық жазылмаған көрінеді. Мысалы, Риддерде жеті Кеңес Одағының Батыры болғанымен, мемориал ескерткішінде екеуінің ғана аты-жөні жазылыпты.

- Мемориалдық ескерткіштерге соғыс ардагерлерінің есімдері ғана емес, сондай-ақ, белгілі жерлестер есімі тізілген арнайы орын болса, құба-құп болар еді. Жеңістің 70 жылдығына қарсы осындай жұмыстарды атқаруымыз тиіс, - деп атап өтті П. Рытов.

Шемонайха ауданында қазірдің өзінде 3 млн. теңге бөлініп, бірқатар жұмыстар басталып та кетіпті. Сондай-ақ,Үржар ауылындағы Батырлар аллеясы өзге аудандарға үлгі боларлықтай деңгейде.

Комиссия мүшесі Фрунзе Жақсылықов Өскемендегі Төлеген Тоқтаров атындағы қысқа көшеге қойылған батырдың тақтасы мен түнгі клубтың алдында орналасқан Қасым Қайсеновтің мүсінінің орнын ауыстыру керектігін айтты. Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовтің ескерткіші елеусіз жерде тұрғанын да ескертті.

- Қысқа көшедегі Төлеген Тоқтаровқа арналған ескерткіш тақта көрінбейді, жақыннан барып көру мүмкін емес. Маңайына шөп өсіп кеткен. Бұл батырларымыздың ескерткіштерін көрнекті жерге орнату қажет, - деді Фрунзе Жақсылықов.

Сондай-ақ, Аблакеткаға барар жолдағы трансформатордың жанында тұрған қазақтың тұңғыш ұшқышы Жақыпбек Малдыбаевтың ескерткіш тақтайшасын да естен шығармаған жөн.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Г.Бердюгин ескерткіштер келешек ұрпаққа берер патриоттық тәрбиенің негізі болуы тиіс екенін атап өтті. Айтылған ұсыныстарға байланысты хаттама толтырылып, арнайы қаулы шығарылды.

Мерей Қайнарұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар