Деректерді өңдеу орталығы ашылды

(Дауыстар: 1)
Деректерді өңдеу орталығы ашылды

Кеше Өскемен қаласында деректерді өңдеу орталығы ашылды. Оған ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі басқарма төрағасының орынбасары Руслан Еңсебаев қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл орталық мемлекеттік органдар үшін серверлік инфрақұрылымды ұстауда, оны сервистік сүйемелдеуге кететін қаржыны үнемдеуде аса пайдалы болмақ. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік мекеме кеңселеріндегі сан мың ақпараттар мен құжаттар сақталатын серверлер, жұмыс кабинеттеріндегі жүйелік блоктар біртіндеп қолданыстан шығарылады. Жұмыс үстелінде монитор мен деректерді өңдеу орталығының желісіне қосылған шағын блок қана орналасады. Өңдеу орталығындағы ортақ серверден кез келген мемлекеттік мекеме қызметкеріне виртуалды жұмыс орны ашылады. Монитор, пернетақта және тінтуірдің көмегімен жасалған жұмыстар, өзге де электронды ақпараттар сол ортақ серверде, яғни, деректерді өңдеу орталығында сақталады. Сервердегі ақпарат керек болғанда, жүйелік блоктың орнын алмастырған шағын блокқа электронды тасымалдағышты қосып, қажет дүниені жүктеуге болады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму және «Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламалары-ның аясында қолға алынған бұл жоба «Электронды Үкіметті» әрі қарай дамытудың инфрақұрылымдық алаңы деуге де болады. Дәл осындай орталықтар бізден бөлек, алты облыстың орталығында құрылып отыр. 2016 жылға дейін елдегі барлық өңірлер аталмыш орталықтармен қамтылуы тиіс.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев электронды деректерді өңдеу орталығының болуы заман талабы екенін атап көрсетті.

- Қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған тұста әлеуметтік желілер мен түрлі аккаунттар арқылы түрлі деректерді кедергісіз жымқыру қаупі туындап отыр. Өйткені, аталған ғаламторлық қызметтердің барлығы бөгде мемлекеттердің ресурстық орталықтарында тіркелген. Дәл қазір азаматтардың жеке деректеріне қол сұғуға жол бермеудің қажеттігі өзекті болмағанымен, мемлекеттік деректердің қауіпсіз жерде сақталуы аса маңызды болып отыр. Бүгінгі ашылатын орталық осы тұрғыда да үлкен рөл атқармақ. Мәселен, облыстық әкімдік ғимаратында бес жүз компьютер жұмыс істеп тұр делік. Олардың әрқайсысы бір-бір жүйелік блокқа қосылған. Ол жүйелік блоктағы ақпараттарды арнайы сервер өңдеп, сақтайды. Ал деректерді өңдеу орталығы сол бес жүз жүйелік блок пен арнайы сервердің қызметін бір ғана сервермен ауыстыра алады - деді ол.

«Зерде» холдингінің өкілі Руслан Еңсебаев қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдардың мұрағатында сақталып келген қағаздағы деректерді электронды базаға көшіруді бастап кеткендерін айтты.

- Көп жағдайда мекеменің қызметкері жұмыстан шыққан кезде жұмысқа байланысты ақпараттарды өзімен бірге ала кетеді немесе жойып кетіп жатады. Ал бізде сақталған ақпараттарды ешкім жоя алмайды. Солайша кеткен адамның орнына келген қызметкер жұмысты үзілген жерден оп-оңай жалғастырады, - дейді.

Аталмыш орталықтың жергілікті филиал басшысы Алексей Звоновқа аталмыш жобаға мемлекеттік органдарды қосуды ұйымдастыру тетіктері жөнінде сауалдар қойылды. Филиал директорының айтуынша, сервердегі виртуалды жұмыс орындары жалға берілетін болады. Виртуалды жұмыс кеңістігін беру қызметі электр қуатын немесе байланыс қызметін пайдалану үлгісіне ұқсас. Пайдаланылған кеңістік мөлшеріне қарай ақы төленеді. Жалдау құны бұрынғы ұйымдастыру техникаларын ұстауға кеткен шығыннан үш есе арзан болмақ. Орталық қызметі мемлекеттік органдардың интернет трафиктерге кететін шығынын да үнемдемек.

Деректерді өңдеу орталығында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Жұмыс орнынан компьютер ұрланған жағдайдың өзінде ондағы ақпаратқа нұқсан келмейді. Ермек Көшербаев мемлекеттік орган өкілдерінің атынан орталық өкілдеріне бірнеше талап-тілектер айтты. Оның бірі бірыңғай ақпараттар базасын құруға қатысты.

- Бүгінде мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасу, анықтама беру сынды мәселелер бойынша тығыз байланыс бар деп айтуға келмейді. Бір органнан белгілі бір ақпарат алу үшін бірнеше күн кетеді. Ал сіздердің серверлеріңіздегі кез келген мекеменің мәліметін аталмыш органға жүгінбей-ақ алу мүмкіндігі болса, жұмыс жеңілдер еді. Келесі жұмыс кезеңінде осы деңгейге көшсеңіздер деген тілек бар, - деді ол.

Таныстырылымнан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған топ орталық орналасқан ғимаратты аралап көрді. Ауа температурасынан бастап барлық техникалық жағдайлар қатаң бақылауда ұсталатын, барлық халықаралық талаптарға сай орталықта кісі бойындай жәшіктер тізіліп тұр. Мекемелердің тапсырысы бойынша ашылатын серверлер сол жәшіктерде сақталмақ. Келіп түскен ақпараттың барлығы автоматты түрде мониторингке түсіп тұрады. Орталық мамандары мемлекеттік органдарды орталыққа қоспас бұрын барлық мекемелердің жүйелік әкімшілерімен аталмыш қызметтің басымдықтары мен ерекшеліктері жөнінде тренинг-жиындар өткізуді жоспарлап отыр.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар