Бесқарағайда жаңа дәрігерлік амбулатория мен балабақша ашылды

(Дауыстар: 1)
Бесқарағайда жаңа дәрігерлік амбулатория мен балабақша ашылды


Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Бесқарағай ауданында іссапармен болды. Бірнеше әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына
қатысқан аймақ басшысы салынып жатқан құрылыстармен танысып, аудан активімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Тамшылатып суарып, табысқа кенеліп жүр


Аудан орталығынан шалғайда жатқан Глуховка ауылына заманға сай дәрігерлік амбулатория қажеттігі жайында көп айтылып келген. Тұрғындардың сол тілегі орындалып, ауылда жаңа медициналық пункт ашылды. Дәрігерге дейінгі тексеру, медициналық мұрағат, медициналық қалдықтарды сақтау, туберкулезге қарсы ем-дом, физиотерапевт кабинеттерінен тұратын ғимараттың жалпы ауданы 565 шаршы метр. Кешен орталықтандырылған жылу және кәріз жүйесіне қосылған. Алдағы уақытта қажетті медициналық
қондырғылар мен өлшеу құралдары орнатылмақ. Мердігер «Құрылыс» ЖШС нысанды мерзімінен кешіктірмей аяқтап отыр. Облыс
басшысы бұл нысанның ауыл үшін маңызы ерекше екенін айта келе, бұл бағыттағы жұмыстар облыс бойынша жалғаса беретінін атады.

– Ауылдарыңызда заманға сай медициналық мекеменің болуы үлкен көмек. Бұл тұрғыда Елбасының ұстанып отырған саясаты айқын. Халық тұтастай медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі тиіс. Сол мақсатты орындау үшін тек биылдың өзінде ғана облыс бойынша 20 медициналық мекеме салынып жатыр. Оның 18-і жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Бұл нысанның құрылысымен өткенде келіп танысқанмын. Даниярхан Шоранов бастаған құрылысшыларға құрылысты уақытында аяқтағаны үшін рақмет айтқым келеді. Бөлінген 77 млн. теңгені тиімді игеріп, сіздерге қуаныш сыйлап отыр. Адам болған соң ауырмай тұрмайды. Десе де, ендеріңіз сау болып, бұл мекеменің табалдырығын сирек басуға жазсын, – деді облыс әкімі.

Бесқарағайда жаңа дәрігерлік амбулатория мен балабақша ашылды


Бұдан кейін аймақ басшысы осы ауылда тамшылатып суару технологиясын пайдаланып, көкөніс өсіріп отырған Владимир Хегайдың шаруа қожалығында болды. «Семей» шаруа қожалығының иелігінде 130 га. алқап бар. Соның 60 гектарға жуығына көкөніс еккен шаруа бір жылдың ішінде жұмысшылар санын тоғыздан 13-ке, олардың еңбекақысын 30 мыңнан 40 мың теңгеге көтеріп отыр. Өйткені, жерден түскен өнім де былтырғыдан әлдеқайда жоғары болатын түрі бар. Өз есебінше, биыл 400 тонна картоп, 700 тонна көкөніс алмақшы. Шаруа қожалық басшысы өз жетістігінің құпиясымен де бөлісті. 2010 жылы жұмысын бастаған кезде-ақ тамшылатып суару технологиясына басымдық берген Владимир Хегай жыл сайын технологияны алқапқа бойлай енгізудің арқасында
жоғары өнімге қол жеткізіп келеді. «Қазагроқаржы» институты арқылы лизингке алған тамшылатып суару техникасы да өз шығынын ақтауда. Мұнда алқап түнгі уақытта ғана суарылады. Өйткені, су шығынын түнгі тарифпен өтеу күндізгіден екі есе арзанға түседі. Оның үстіне түнде ылғал күннің қызуына ысырап болмайды. Тамшылатып суару құрылғысы бір түнде үш гектар алқапты ылғалдандырады. Биыл қолданыстағы алқапты түгел суару үшін 10 күн кеткен екен.

– Бұл технология қомақты электр қуатын қажет ететінін алға тартушылар бар. Алайда, алынған өнім электрге кеткен шығынды артығымен ақтайды. Соның есебінен өнім де халық үшін қолжетімді бағаға сатылады. Мәселен, мына баклажанның бір келісін 70 теңгеден ұсынып отырмыз. Оның үстіне бұл технологияны енгізген шаруа қожалықтарына гектарына 150 мың теңге субсидия беріледі, – дейді В.Хегай.

Аймақ басшысы тиімді технологияны сәтті енгізе білген шаруа қожалығының жұмысына оң баға бере келіп, ауылшаруашылық өнімдерін шығарушылардың ірі қалаларда өз сауда алаңдары болу керектігін, бір уақыт осы мәселеге де көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Бұл күні аудан орталығында жаңа балабақша ашылды. 90 орындық тәрбие ошағының құрылысына 225 млн. теңге жұмсалған. Балабақша меңгерушісі Гүлзифа Тілеубекова ата-аналар айына 5500 теңге төлейтінін айтады. Ғимарат электр
қуатымен жылытылады. Төтенше жағдайларда қосымша дизельді жылыту жүйесі іске қосылады.

– Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін білімді азаматтар көптеп өсуі қажет. Бүгінгі білім ошақтары сол үшін салынып жатыр. Біз алдымызға 2016 жылы бүкіл облысты балабақшамен қамту жөнінде міндет қойғанбыз. Сол міндетті орындауға толық мүмкіндігіміз бар. Биылдың өзінде сегіз балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Соның біреуі – сіздердің «Айналайын» балабақшаларыңыз, – деген өңір басшысы ылғи да игі істердің ортасынан табылып жүрген, бүгінде мердігерлік міндетін кешіктірмей атқарған «Фирма Азия» ЖШС-не алғыс білдірді. Ғимараттың әр бұрышын аралап шыққан облыс басшысы мекеменің іші-сыртын безендіру жағына мән беру
керектігін атады. Аудан орталығындағы ескі стадион қайта жарақталу үстінде. Мердігер «Баймағамбет» ЖШС бөлінген 61,3 млн. теңгеге кешеннің футбол алаңын жасанды жабынмен көмкеріп, көрермендер трибунасын жаңалауы қажет. Бүгінде жүгіру жолағына асфальт-бетон төселіп, баскетбол және волейбол алаңқайы дайындалған. Семейлік қосалқы мердігерлер Қарағандыдан жасанды жабын әкеліп, төсеуге кірісіп те кетіпті. Көрермендер трибунасы жөндеуден кейін 320 адамды сыйғызатын болады. Түнгі уақытта
кешенді бес бірдей прожектор жарықтандырып тұрады. Аймақ басшысы стадионның ауласындағы кәрі ағаштарды кесіп, орнына жас
көшеттер отырғызуды тапсырды. Аудандық ауыл шаруашылығы колледжінің қоғамдық-тұрмыстық кешеніне жасалған күрделі жөндеу
жұмыстары да облыс басшысының назарынан тыс қалмады. 220 балаға қызмет ететін кешеннің шатыры ауыстырылып, электр
желілері мен ауа баптау жүйесі, жылу және кәріз желісі, ғимараттың іші толық жаңартылған. Ғимараттың сыртқы келбеті де адам танымастай өзгеріпті. Аудан басшылығы алдағы уақытта оқу кешенін де жөндеуді жоспарлап отыр. Ол үшін 52 млн. теңгеге жуық қаражат қажет.

Шағын зауыттың берері мол


Орманға бай Бесқарағай ауданы үшін ағашты қайта өңдеу саласы табысты болып есептеледі. Алайда, осы уақытқа дейін бұл саланы дамытып әкететіндей ойға қонымды жоба болмаған. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғалымдары осы олқылықтың орнын толтыруға бел шеше кірісіп отыр. Құны 30 млн. теңгеге түсетін жоба инновациялық технологиясымен тартымды. Ағаш қалдықтарын синтезделген ауыр жанармай ретінде кәдеге жарататын шағын әрі жедел зауыт тәжірибеден сәтті өткен жағдайда, бұл технология орманды аудандардың барлығына таратылуы мүмкін. Ағаштың жарамсыз етіп тасталған қалдығы арнайы
бункерде кептіріліп, инфрақызыл сәулелердің көмегімен синтезделіп, сұйық отынға айналады. Одан қалған ағаш көмірінен сорбент
алуға болады. Алынатын ауыр жанармайдың қызуы мазуттан да жоғары. Мұндай шағын зауыт күніне бір тонна ағаш қалдығын өңдеуге қауқарлы.
Облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жобаның ойға қонымды екенін атай келіп, алынатын жанармай бағасы таскөмірден арзан болмаса, жобаны іске асырудың қажеті жоқ екенін ескертті. Аймақ басшысы аудан орталығынан ашылған жастар және ардагерлер орталығына бас сұққаннан кейін аудандық әкімдікте жергілікті активпен кездесті. Әуелі аудан әкімі Нұрлан Сыдықов жеті айда жеткен жетістіктерді тізіп, алда атқарылатын шаруаларға тоқталды. Бюджеттің кіріс бөлігін артығымен орындаған аудан әкімдігі жеті айда негізгі капиталға 1,5 млрд. теңге инвестиция тарта білген. Ауданда мал басы мен суармалы жердің көлемі артып отыр. Бес мектеп жөндеуден өтсе, екі бірдей бастауыш мектеп жұмысын тоқтатпақ. Жергілікті демеушілердің қолдауымен барлық оқушыларды сүтпен және балмен толық қамту жоспарланып отырғанын айтқан Н.Сыдықов Беген ауылында үшпәтерлі үйлер салына бастағанын жеткізді. Ауданда шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – Қоянбай ауылы мен Ресейдің Алтай өлкесін
жалғайтын 10 шақырым жолдың жағдайы. Халықаралық маңызы бар жолға асфальт төсеу қажеттігі туындап отырса керек. Жаңбыр»
агроөнеркәсіп алаңын құру жобасы болса әлі тоқтап тұр.
Облыс басшысы әуелі республикалық және облыстық маңызға ие жолдар жөнделу керектігін түсіндіріп, шекарада орналасқандықтан, Қоянбай ауылының жолын асфальттау мүмкіндіктері қарастырылатынын жеткізді. Ал «Жаңбыр» агроөнеркәсіп
алаңын құрудағы қағазбастылықты шешуге облыс басшылығы да мүдделі екенін айтты.

– Бұл жобаны о баста қолдағанбыз. Әлі де қолдаймыз. Себебі, ол жүзеге асса, облыс аумағында сегіз мың га. суармалы жер пайда болады. Ол дегеніңіз – үлкен мүмкіндік, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы жаңадан ашылған мәдени және спорттық нысандардың ауданда жұмыссыз жабық жататынын сынға алып, аудан әкімінің орынбасарына кемшілікті жою жөнінде тапсырма берді. Активке қатысушылар тарапынан орманшылардың еңбекақысын көтеру, оларға баспана беру, Бірлік ауылындағы бастауыш мектепті жапқызбау, Қарабас ауылдық округіндегі алты бірдей көшпелі шаруа қожалығына электр қуатын тартуға көмек көрсету сынды мәселелер бойынша сауалдар қойылды. Орман инспекторларының еңбекақысын көтеру мәселесі тиісті ведомствоның алдына қойылып отырғанын айтқан аймақ басшысы баспана беру ісі аудан әкімдігінің қолында тұрған шаруа екенін түсіндірді. Ал көшпелі шаруа қожалықтардың жайлауына жарық тарту ісінде балама энергия көздерін өндіретін құрылғыларға сүйену ұсынысы айтылды.
Бірлік ауылындағы бастауыш мектептің тағдырына қатысты шығарылған шешімнің себебін де облыс басшысы елге өзі түсіндірді.

Бесқарағайда жаңа дәрігерлік амбулатория мен балабақша ашылды


– Аталмыш ауылда бар-жоғы оннан астам бала оқып келгенін білесіздер. Олардың барлығына бір ғана мұғалім сабақ берген. Сыныптары әртүрлі, оқу жүктемелері сан алуан бір топ баланы бір мұғалім бір мезетте қалай оқытуы мүмкін? Мұндай жағдайда білім сапасы жайында айтудың өзі артық. Көрші ауылға тасымалдау мүмкіндігі тұрған кезде оқушылардың обалына қалмауымыз керек. Алдағы уақытта осындай болашағы бұлыңғыр елді мекендердің балаларына арналған интернаттар салу ісіне көңіл бөлмекпіз. Өйткені, интернат жүйесі қай кезде де өзін ақтай білген. Ал тасымалдап оқыту әдісі қыс кезінде тәуекелді болып табылады. Бірліктегі бастауыш мектепті осы себепті жауып отырмыз, – деді ол.

Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы аудан басшылығына әр салаға нақты талдау мен есеп жүргізіп, экономикалық өсімнің қосымша көздерін анықтауды жүктеді.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Аймақтар

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар