Марат Исмаилов: Кандидаттық диссертациямды Калашниковтың алдында қорғадым

(Дауыстар: 1)

Ол – қазақтың арасынан шыққан санаулы ғарыш мамандарының бірі. Тәуелсіздік жылдары «Байқоңыр» ғарыш айлағын қайтарып алуға көп еңбек сіңірді. Жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті оның туған ауылында түскен еді.

Бұрын елімізде бұл мамандық бойынша жұмыс табылмайтын


– Сізді атақты Калашниковтың өзін мойындатқан дейді. Онымен қалайша кездескен едіңіз?


– Ғарышкер болсам деген арманмен Ресейге келіп, Томск қаласындағы физика-техникалық университетті тәмамдағаннан кейін, мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының химиялық физика институтында зымырандардың қатты жанармаймен жүретін қозғағышын
жобалау бойынша білімімді жетілдірдім. 1972 жылы Қазан қаласындағы қорғаныс кәсіпорнының бас зертханасына маман болып жұмысқа орна ластым. Онда екі жыл қызмет атқарғаннан кейін, Ижевск механикалық институтының «Зымырандар мен артиллерияны жобалау» кафедрасының аспирантурасына қабылданып, 1976 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. Диссертациялық кеңестің ішінде әлемге әйгілі автомат конструкторы Михаил Калашников та бар еді. Жұмыстың нәтижелеріне орай, Ижевск қаласынан маған жаңа үш бөлмелі пәтер берілді. Кейін сол пәтерді Алматыға ауыстыруға мүмкіндік болды.

– Ғарыш саласында жауапты қызметтерді атқарып жүрген қандастарымыз саусақпен санарлық. Соның бірі – сізсіз. Сондай-ақ, сіз –
Қазақстанда химиялық физика саласының негізін қалаушылардың бірісіз. Қос бірдей күрделі де соны саланы қатар алып жүруге не
түрткі болды?


– Сол кездегі астанамызда (Алматыда – Б.Т.) тікелей менің мамандығым бойынша жұмыс жоқ еді. Сондықтан барына қанағат деп Қазақ мемлекеттік университетінің «Химиялық кинетика және жану үрдістері» кафедрасына доцент болып жұмысқа қабылдандым. Мен үшін химия пәні тосын тақырып еді, талмай ізденіп, саланы кәсіби деңгейде меңгеруіме тура келді. Ғылыми бағытым мүлдем өзгерді. Ізденістің арқасында тың тақырып таптым. Зерттеуімнің нәтижесінде «Фурнон» атты жаңа материалдарды дамыттық. Ол өнім
кейін КСРО арқылы Куба, Германия, Бельгия, Италия және Қытай мемлекеттеріне кеңінен тарады. 1992 жылы ғылыми ізденістерімнің қорытындысы ретінде Мәскеуде «Техника ғылымдарының докторы» диссертациясын қорғадым да, 1994 жылдан бастап авиация
мен ғарыш саласына қайтып келдім.

– Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз...

– Өмірлік жарым Шолпан Тұрсынбаева екеуміз Мәдина, Әлия, Мәди атты перзенттерімізден бірнеше немере сүйіп отырмыз.

Біздің буын аспан әлеміне қызығып өсті


– Сіз – 150-ден астамғылыми еңбек пен елу шақты патенттің, ондаған өнертабыстардың иесісіз. Осы жетістіктерге бала кездегі арманыңыз жетелеп әкелгенін айтып қалдыңыз. Балғын шағыңыз қалай өтті?

– 1947 жылы Үржар ауылында дүниеге келдім. Әкем Базаралы мен анам Нәзифадан екі ұл, екі қыз дүниеге келгенбіз. Осы ауылдағы Н.Крупская атындағы орта мектепте білім алып, 1965 жылы онжылдықты аяқтағаннан кейін, арман атты ақ құстың қанатымен Ресейдің Томск қаласына қарай самғадық. Біздің буын аспан әлеміне, ғарыш саласына қатты қызығып өсті. Бұған сол тұстағы адамзат баласының ғарышқа түрен салған алғашқы сапарының да ықпалы болғаны анық. Дәптердің бұрышында, сиясауыттың қорабында, кітап парақшаларында зымыранның, ұшақтың суретін салып, қиялға берілуші едік. Сол қиялға ерік бергізген аспан әлемі мені Томскідегі физикатехникалық университеттің «Ұшу аппараттарын эскиздік жобалау» бөліміне алып келді.
Маған ондағы емтихан тапсырмалары аса қиынға соға қойған жоқ, бірден оқуға қабылдандым. Мектептегі авиамодель және ракетомодель спортымен айналысқанымның да пайдасы аз болған жоқ. Бір қызығы, сол кездің өзінде шалғайда жатқан біздің ауылда осындай үйірме жұмыс істеді. Үйірмені ұйымдастырған Украинадан келген сурет пәнінің жас мұғалімі Иван Миргородский деген азамат еді. Арасында физика-техника үйірмесіне қатыстым, оны Үржардағы атақты мұғалім Роберт Граф жүргізетін. Сабақтан
тыс уақытымның көпшілігін осы үйірмелерге арнадым. Сізге бір құпияның шетін ашайын. Мен бірінші сыныптан бастап өте үлгілі оқушы болдым деп айта алмаймын. 9 сыныпта оқып жүрген кезімде өзімше бел буып, басқа арнаға бұрылуға әрекет жасадым. Шашымды тақырлап алғызып, «Енді артық жүрісті қоямын, сабақты тек «5-ке» ғана оқимын» деп өзіме-өзім серт бердім. Шынында да, бұл «әдістің» көмегі көп болды. Адам – өз тағдырына өзі жауапты ғой және соған билік жасай алатын да өзі. Кейін анам марқұм осы ісімді үнемі айтып, риза болып отырушы еді.

– Балаларыңыздың, туыстарыңыздың арасында сіз секілді ғылым жолын таңдағандары болды ма?

– Менің әкем Базаралы – Науалы ауылының тумасы, анам Нәзифа Елтай ауылында дүниеге келген. Олар Үржардың қарапайым ғана тұрғындары болатын. Отбасындағы екі ұл, екі қыз да осындағы мектептен білім алдық. Өзімнен кейінгі қарындасым Светлана –
Семей мемлекеттік медициналық институтының түлегі, оның жолдасы Бақтыбек Нығматуллин, екеуі де – жоғары санатты дәрігерлер. Солардың Назым деген қызы ғылым жолын таңдады, медицина ғылымдарының кандидаты, бүгінде Қазақстанға белгілі
нефролог-дәрігер. Қарындасым Дина Базаралықызы – медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, ол да – белгілі нефролог. Сондай-ақ, анам Нәзифаның сіңлісі Күлзипа апайдың қызы Гүлбараннан туған Арай Мағауияқызы да – ғылым жолында, медицина
ғылымдарының докторы, профессор. Менің нағашы атам Рамазан Мұхаметжанов – 1937 жылғы репрессия құрбаны. Ол кісі сол жылдары Үржарға орталықтың өкілі болып келіп, 8 ай қызмет еткен біртуар тұлға Сәкен Сейфуллинді қарсы алып, бірге жүріп-тұрғаны үшін ұсталып кетіп, содан оралмаған.
Марат Исмаилов: Кандидаттық диссертациямды Калашниковтың алдында қорғадым


Марат Исмаилов: Кандидаттық диссертациямды Калашниковтың алдында қорғадым


– Есімі елге белгілі үлкен ғалым атанып отырсыз. Бүгінгі ізбасарларыңызға көңіліңіз тола ма? Техника саласына қазақ жастарын
көбірек тарту үшін не істеу керек?


– Ғарыштық техника саласында Алматыдағы әлФараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мамандар дайындайды. Мен оқу үрдісіне, мемлекеттік емтихан комиссияларына, докторлық қорғау кеңестеріне шамам келгенше қатысып жүрмін. Балалардың оқуға деген талпынысы артып келеді. Ең үздіктерін шетелдің ең таңдаулы университеттеріне «Болашақ» бағдарламасы арқылы жіберіп жатырмыз. Әлемдегі танымал ғарыш орталықтарына жас мамандар
ұзақ мерзімді стажировкаға барып жатыр. Студенттердің басым көпшілігі – қазақтілділер. Техника саласына еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та ерекше көңіл бөліп келеді. Жыл сайын физика мамандығына көптеген гранттар бөлінуде. Бұл өте дұрыс
қадам деп есептеймін өз басым. «Байқоңыр» ғарыш айлағыы өзімізде. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаевтай білікті де білімді мамандар шығып жатса, сонда ғана бізде бұл сала өркендемек.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Берікхан Тайжігіт


Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар