Глубокое ауданы қыстық бидайдан рекордтық өнімге қол жеткізді

(Дауыстар: 1)
Глубокое ауданы қыстық бидайдан рекордтық өнімге қол жеткізді


Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Глубокое ауданының Солнечное ауылында болып, «Астана-бизнес» ЖШС-на қарасты майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығының егін өнімділігімен танысты.


Аталмыш шаруашылық биыл республикалық рекорд жасауға жақын. Қыстық бидайдың түсімі гектарынан 69,9 центнерге жетіп отыр. Мұндай түсім Қазақстан бойынша суарылмайтын алқаптардан бұрынсоңды алынбаған. Осындай рекордқа серіктестіктің ғылыми ізденістері жол ашса керек. Жақсы нәтиже үшін Беларусь елінен арнайы мамандар да шақырыпты. Бүгінде Владимир Радовня жанұясын осында көшіріп әкеліп, аталмыш қожалықтың алқабында жақсы тұқымдар алынғанша жұмыс істеуге келісім берген. Білікті мамандарды тартып, барлық технологиялық талаптарды сақтаудың арқасында «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС өзге де дақыл түрлерінен жоғары түсім алып отыр. Әр гектардан 60,9 центнер қыстық қара бидай, 66,1 центнер третикале түскен. Третикале – қара бидай мен бидайдың буданы. «Астана-бизнес» ЖШС бас директоры
Фарид Абитаевтың айтуынша, аталмыш дақыл біздің құбылмалы климатқа төзімділігімен көзге түскен. Жалпы, 830 гектар жерге егілген қыстық дақылдардың орташа түсімі 66,7 центнерді құрап отыр.

Серіктестік әлеуеті орасан саналатын рапс алқабын да жыл сайын көбейтіп келеді. Биыл Быструха ауылының аумағындағы алқаптардан 30 центнерден өнім түсетін түрі бар. Фарид Құмашұлы осы жетістіктерге марқайып, тоқтап қалмайтынын айтады. Керек десеңіз, облыс бойынша сирек саналатын роторлы Kase комбайндары биылғыдай өнімді алқаптарда жұмыс істеуге жарамсыз болып қалған. Егін жиналғанымен, бір бөлігі ысырап болатын көрінеді. Сондықтан алдағы уақытта өнімділігі 90 центнерлік алқаптарға арналған техникалар әкелуді жоспарлап отыр.

Фарид Абитаев облыс басшысына алдағы уақытқа жоспарлап отырған жобаларын да жайып салды. Мәселен, Глубокое сынды топырағы құнарлы өлкенің әр гектарынан 80 центнер третекали дақылын алу үшін түрлі тәжірибелер жасалуда. Аймақ басшысына серіктестіктің экологиялық тәжірибе алқабы да таныстырылды. Мұнда тек бидайдың 54 түрі алты гектар алқапта сынақтан өтуде. Арасында жергілікті тұқым будандары да, шетелдік будандар да бар. Тәжірибе алқабында алынған кейбір тұқымдарға Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарынан сұраныс түсіпті.

Өңір басшысы тұқымдар іріктеуде бүкіл облыстың топырақ ерекшелігін ескеру қажеттігін ескертті. Ф.Абитаев серіктестік бұл тұрғыда да тиянақты жұмыс атқарып отырғанын мәлім етті. Алқаптағы әр қатарда түрлі топырақ төселген. Сондықтан қай тұқымның облыстың қай ауданына бейім екенін анықтау оңай. Сынақтан өткен тұқымдар кеңінен таралып, облыс алқаптарының өнімділігін арттыруға септігін тигізуі тиіс.

– Экологиялық тәжірибе алаңында тек күнбағыстың 40-тан астам түрі егілген. Осы 40 түрдің ішінен жоқ дегенде бес тұқым сынақтан өтсе, кеткен шығын зая болмайды деген сөз, – дейді Ф.Абитаев.

Серіктестік егін өнімділігімен бірге мал басын да арттыруға күш салып келеді. Мал тұқымын асылдандырып, жемшөптің құнарын арттырудың арқасында екі жылдың ішінде сүт өнімділігін екі есеге көбейткен. Болашақта сиыр басын 2000-ға жеткізіп, жылына 25 мың тонна сүт өндіру жоспарлануда. Серіктестік бұл тұрғыда да шетелдік маманның көмегіне жүгініпті. Николай Афанасьевич мұндағы селекционерлерге бар білгенін үйретуде. Ол өңір басшысына мал шаруашылығына бөлінетін субсидия ақшалай емес, қажетті материал ретінде берілуі керек деген ойын айтты. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осындай білікті мамандардың облысымызда жұмыс істеуі міндетті түрде жемісін беретініне сенім білдірді.

– Беларусь елінде жердің құнарлылығы біздің кейбір аудандардан төмен екенін Владимир Радовня мырза да растап отыр. Алайда, ондағы өнімділік бізден әлдеқайда жоғары. Өнімділік жоғары болу үшін ғылымға, технологияға инвестиция салу керек. Өкінішке қарай, бізде әзірге ондай шаруашылықтар саусақпен санарлық. Фарид Абитаевтың бұл бағыттағы беталысы барлық шаруаларға үлгі болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысы «Восток-Молоко» ЖШС-індегі мал төлдеу базасының жарақталу жұмыстарымен де танысты. Жаңа база 100 бас бұзаулы сиырға арналған. Төлдеген сиырлар бұл жерде үш күн ұсталады да, бұзауы ортаға бейімделісімен, сауын роботтарына жөнелтіледі. Мал басын көбейту ісінде жасанды ұрықтандыру әдісі қолданылмақ. Қажет тұқым шетелден тапсырыспен алынады.
Облыс басшысы зауыт директоры Сейілжан Сайлаубаевтан малдың қысқы азығын дайындау барысы жөнінде сұрап білді. Серіктестік жетекшісі мал азығын да-йындау мәселесінде ешқандай қиындық жоқ екенін, алдағы уақытта шетелден тағы да сиыр әкелуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар