Биылғы ҰБТ-да Өскемен қаласының 26 мектебі төмен нәтиже көрсеткен

(Дауыстар: 1)
Биылғы ҰБТ-да Өскемен қаласының 26 мектебі төмен нәтиже көрсеткен


Кеше болып өткен Өскемен қаласы мұғалімдерінің тамыз кеңесінде әрбір отбасы мен әр адамды толғандыратын мектептер, білім және тәрбие беру проблемалары кеңінен сөз болды. Оның жұмысына облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қала мектептеріндегі бір оқу жылы барысында атқарылған істер мен аталған саланың инновациялық ізденістері, өткен ұлттық
бірыңғай тестілеу сынағының көрсеткіштері турасында қалалық білім бөлімінің басшысы Александр Кузнецов баян етті.

– Қалада әбден орныққан материалдық база бар: мектептер жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған, кадрлық потенциал мықты, балалардың сауықтырылуы мен деалысы дұрыс қарастырылған. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен қаламыздың Қ.Сәтпаев даңғылы мен №11 және 24 мектептерде қуатты спорттық кластер пайда болды. Ал қалалық білім бөлімінің биылғы бюджеті 8 млрд. теңгеден асып, қаланың жалпы бюджетінің 30 пайызын құрады, – деді шаһардың бас мұғалімі өз баяндамасының әлқиссасын
жағымды жақтардан бастап. Оның сөзіне сенсек, бүгінде қаладағы 53 мектепте 32 мыңнан астам бала білім алады екен. Биылдың өзінде ғана мемлекеттік тілдегі мектептерді 900-ге тарта оқушы толықтырмақ көрінеді. Ал бала санының жыл сайын көбеюіне
байланысты биылдан бастап, 35- ші мектеп 19-шы мектепке көше бастайды. Тағы да біріктірілетін 12-ші және 40-шы мектептерден
босаған орында мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі орналасатын сыңайлы. Жалпы, қаладағы білім беру ошақтары осымен екінші
жыл ҰБТ бойынша алдыңғы лекте келе жатыр. Алайда, 26 мектеп қалалық деңгейден төмен нәтиже көрсеткен. Білімнің биік деңгейге көтерілуі мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты екені даусыз. Бұл тұрғыда 337 педагог Кембридж деңгейлік курстарын оқып шықса, жыл соңына дейін тағы да осынша педагог пен жалпы білім беретін мектептердің жеті директоры үш деңгейлі курстан өтпекші. 2011- 2013 жылдарда қала мектептеріне бар-жоғы 161 жас маман келіпті. Ендігі жерде тәжірибелі педагогтардың осындай мамандармен тиянақты жұмыс істеуін мықтап жандандыру керек болады. Осындай өзекті мәселелерді
тізбелеген А.Кузнецов білім деңгейінің төмен болуына көп жағдайда мектепішілік бақылаудың жоқтығы себеп болатынын да жасырмады. Оны жақсарту мақсатында өткен жылы мектептерде ондағы басшылық қызметте істемейтін, бірақ, тәжірибелі педагогтар таңдап алынған әдістемелік комиссиялар құрылып, жұмыс істеуде. Қазір қалада 45 мектепке дейінгі білім беру мекемелері жұмыс істейді. 2008 жылдан бері балаларды осындай мекемелермен қамту екі есе өсіп, республикалық көрсеткіштен
жоғары болып отыр. Яғни, қала бүлдіршіндерінің балабақшаға зәрулігі туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Биыл жекелеген инвестиция есебінен «Шуақ» және бірнеше балабақша ашылмақ. 137 тимуршылар командасы жасы келген адамдарға көмек көрсетіп келеді. Алайда, бірталай игілікті істер атқарылғанымен, әлі де 276 кәмелетке жасы толмаған бала (олардың 98-і
оқушылар) есепте тұрғаны ойлантады. Ал сүйінерлік жәйт, биылғы оқу жылынан бастап, қала мектептерінің 1-4 сынып оқушылары түгелімен сүтпен және балмен қамтылмақ екен. Қала мектептерінің күнгейі мен көлеңкесін қатар баяндаған А.Кузнецовтың сөзі аяқталысымен облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ биылғы ҰБТ сынағында артта қалған мектептердің басшыларын жекежеке тұрғызып, көш соңында қалуларының себептерін сұрады.

– Біз жыл сайын ҰБТ-ға қатысатындар контингентін жоғарылату туралы айтып келеміз. Мәселен, қаланың 17 мектебінде оған қатысатындардың саны 30-40 пайыз аралығында, – деді аймақ басшысы сұрақты төтесінен қойып. – Атап айтқанда, №8 мектептің түлектерінің бар-жоғы 30 пайызы ғана ҰБТ- ға қатысқан. Себеп неде? Біз жемежемге келгенде миллион себеп табуға дағдыланып алғанбыз. Тіпті, қала көлемінде аталған сынаққа қатысушылар саны төмендегені байқалады. Мысалы, өткен жылы ол көрсеткіш 70 пайыз болса, биыл 63-ті көрсетіп отыр. Сондықтан түлектердің өзге елге кетіп, сынақ ұстау себептерін нақты зерделеу керек болар. Ал сол мемлекеттерде оқып, білім алғандардың қайтып оралу пайызы белгілі ме? Оған нақты бақылау бар ма? Ең өкініштісі, шетке кетіп жатқандардың барлығының өте дарынды балалар екендігі. Турасын айтқанда, әлі де мектеп бітірген түлектер мен мектептің және басшылықтың арасында нақты байланыс жоқ. Біз «Түлек.kz» сайтын осындай байланыс орнату үшін құрдық емес пе? Бұл өзге елдің экономикасына жұмыс істеу деген сөз екенін түсінерсіздер. Осылай деген облыс әкімі осындай кемшін тұстары бола тұрғанмен, қалада білім сапасы жоғарылап келе жатқанын тілге тиек етіп, мұғалімдерді жаңа оқу жылымен құттықтады,
жаңа ізденістер мен табыстар тіледі. Сондай-ақ, салиқалы басқосуда Парламент Мәжілісінің депутаты С.Ферхо және басқа да мұғалімдер сөз алып, өзекті ойларын ортаға салды. Басқосу соңында бірқатар мұғалімдер облыс әкімінің, қала әкімінің және облыстық білім басқармасы басшысының қолынан грамоталар мен алғыс хаттар алды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар