Қарагөз Тілеубекова: Өзіме әртіс ретінде емес, қазақтың бір қызымын деп қараймын

(Дауыстар: 1)
Қарагөз Тілеубекова: Өзіме әртіс ретінде емес, қазақтың бір қызымын деп қараймын


Қарагөз Тілеубекова – қалың көрерменге танымал есім. Әншілігімен де, актерлігімен де, жүргізушілігімен де жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан жұлдыздардың бірі. Таяуда кейінгі кезде көк жәшіктен көрінбей кеткен Қарагөзбен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

«Бауыржан- шоу» тараған жоқ


– «Бауыржан-шоу» театры тарап кетті деген сөз бар. Қазір қайда жүрсіз? Бір кездері «жеке театр ашсам деген ойым бар» деп едіңіз. Айнып қалған жоқсыз ба?

– «Бауыржан-шоудың» тараған, тарамағанын өзіміз де білмей қалдық. Жылына бірді-екілі концерт беріп қоямыз. Қазір театрға жаңадан жастар келіп жатыр. Соларды тәрбиелеп жүрміз. Біз үлкен қалаларға гастрольдік сапарға барамыз немесе үлкен концерттерге ғана қатысамыз. «Бауыржан-шоуды» алғаш сахнаға алып шыққан біз сияқты белгілі бір дәрежеге жеткен актерлердің
өзінің жұмысы, театры, отбасы бар деген сияқты, көбінесе қолдары тие бермейді. Негізін де, «Бауыржан-шоу» тараған жоқ. Көп концерт қоймай кетуіміздің негізгі себебі – репертуардың тапшылығы. Сахналайтын әзіл-сықақ, скетчтер жетіспейді. Жазатын авторлар жоқ. Концерт қоятын кезде осы жағынан қатты қиналып қаламыз. Өнерде халықтың көзінен сәл таса болсаң, жоғалтып алып, «неге шықпай кетті?» деп іздеп жатады. Өнер жолы тақтайдай тегіс емес. Тек «Бауыржан-шоуға» ғана қарап отырған жоқпын. Киноларға түсіп, әнімді айтып, өнерімді жалғастырудамын. Әрине, ұжымның жөні бөлек. Кейбір әншілер не анда емес, не мұнда емес, не істерін білмей жүр ғой. Оған қарағанда, Құдайға шүкір, алға жылжу бар. Рас, бір кездері театр ашсам деп біраз
талпынған едім. Бірақ кейін көзқарасым өзгерді. Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар ғой. Біреулердің театр ашып алып, не әншінің, не актердің айлығын тауып бере алмай жүргенін көріп, шыны керек, қорықтым. Мұның жауапкершілігі жоғары екенін
сезіндім. Әрине, сәті түссе, аша жатармын. Бірақ, «Бауыржан-шоу» театры сияқты емес, басқа қырынан көрсеткім келеді. Ойымда жүрген идеяларым да жетерлік. Театр ашу оңай болғанымен, оны әрі қарай ұстап тұру қиын. Сондықтан да тәуекел ете алмай жүрмін.

– Театрда да жұмыс істедіңіз, киноға да түстіңіз, әнші ретінде де танылдыңыз, кейінгі кезде жұртшылыққа тележүргізуші ретінде жаңа қырыңыздан көріне бастадыңыз. Халықты жалықтырып жібермейсіз бе? Өзіңіз айтпақшы, шаршатып алмайсыз ба?

– Жалықтыратын әртістердің санатына жатпаймын. Өйткені, шақырған жердің бәріне бірдей бара бермеймін. «Ой, осыған түссем болды, шықсам болды» деп жүрген әртісіңіз мен емеспін. Өз рөліңді ақша үшін немесе теледидарға шығу үшін ғана ойнайтын болсаң, ол халықтың көңілінен шықпай жатса, одан не пайда? Мұндай дүниеге жауапкершілікпен қараймын. Тележүргізуші болсаң да, ән айтсаң да, талғам болуы керек. Сонда ғана сенің қолдаушыларың да, көрерменің де көп болады. Сондықтан да жұртты жалықтырамын деп қорықпаймын. Кейінгі кезде жұрттың телебағдарлама жүргізгеніңді көріп жүрміз, шықпай қалсаң сағынамыз деп
жатқанын да естіп жүрмін.

– Кейде кейбір әртістерді театрдан да, кинодан да, концерттерден де көреміз. Тіпті, теледидарды қосып қалсаң, бағдарлама да жүргізіп жатады. Барлық жерде сол адам. «Бұдан басқа адам жоқ па?» деген ой да туады. Жалпы, жұлдыздардың телебағдарламаларды жүргізуіне қалай қарайсыз? Өзіңізді бір уақыт көрерменнің орнына қойып көрдіңіз бе?

– Әрине, күнде-күнде картоп жей берсең, жалығасың ғой. Жұлдыздардың телебағдарламаларды жүргізуіне қарсы емеспін, керісінше, қолдаймын. Бесаспап болғаны дұрыс. Бірақ бәрі өз орнымен болғанына не жетсін. Десе де, актер тек театрда ғана жұмыс істесін деген жаңсақ пікір. Мен америкалықтармен әріптес болғанмын. Оларда бір өнер адамы 5-6 мамандықты меңгерген. Ол адам – әнші де, сазгер де, суретші де, биші де. Осының бәрін өз бойыңда үйлестіре білуің керек. Мысалы, нанның майын, суын,
тұзын, жұмыртқасын өз мөлшерімен салсаңыз, одан дәмді бір бәліш шығады ғой. Бұл – бойыңа берілген қасиеттеріңді дамытып, түрлі дәрежеде көрсете алу деген сөз. Кейде шабыттанғанда бір-екі шумақтар оралады ойыңа. Бірақ соған қарап мен ақынмын демеймін ғой. Сазгерлікпен айналысамын немесе сценарий жазамын деп те тыраштанбаймын. «Әлін білмеген әлек» – дейді. Ал ән
айту, театрда ойнау немесе хабар жүргізу бір-біріне ұқсас нәрселер ғой. Егер талантың бар болса, әнің мен жырың жарасып тұрса, неге оны халыққа көрсетпеске. Өнерге қиянат жасауға болмайды. Бойыңдағы өнеріңді, дарыныңды көрсетпей үйде отыра берсең, ол өледі. Үйде отырып қалудан Құдай сақтасын. Өнеріңді бағалайтын, қабылдайтын қауым болса – сол бақыт. Өзімді бақыттымын деп санаймын. Өйткені, менің де тыңдаушым, қолдаушым, іздейтін табынушыларым бар. Артық кетпеуге де тырысамын. Жүрген-тұрған жерлерде абайлап сөйлеп, абайлап жүремін. Өзіме-өзім есеп беріп, аяғымды аңдап басамын. Ең бастысы, өзіме әртіс емес, қазақтың бір қызымын деп қараймын.

Өнеріме жеке өмірімді араластырғым келмейді


– Құпия болмаса айтыңызшы, бизнесіңіз бар ма?

– Бизнесім болса деймін. Қазіргі заманда бизнес жүргізудің ешқандай артықшылығы жоқ. Үлкен бизнесмен емеспін. Бірақ үлкен бизнесмен болсам да, ешуақытта өнерімді тастамаймын. Әнімді жаздырып, бейнебаянымды түсіріп, киімдерімді тіктіріп, концертімді беріп тұратындай табыс әкелетін кәсіп ашқым келетіні шындық. Бұрын өнер жолы оңай жол шығар дейтінмін. Жоқ, керісінше, көтерер жүгі өте қомақты. Өнеріңмен де, сөзіңмен де, дене бітіміңізді бір қалыпта ұстап тұруыңмен де, жарасымды киінуіңмен де
халықтың көңілінен шығуың керек.

– Көпшілік сіздің тұрмыс құрғаныңыздан бейхабар. Отбасылы болғаныңызды құпия ұстауыңыздың себебі не? Тіл-көзден қорқасыз ба?


– Мұның себебі – ешуақытта өнеріме жеке өмірімді араластырғым келмейтінінде. Құдайға шүкір, отбасым бар. Төрт құбылам түгел. Оны айта бергім келмейді. Айтпаймын да. Өзінің уақыты келеді. Сол кезде айтыла жатар. Бір жағынан көлденең көзден де, сыпсың сөзден де қорқамын. Сахнада жүрген соң халықтың алдында өнерімді ғана көрсетуім керек.

– Отбасы дейсіз бе? Бірақ сөзіңізге қарасам, өнеріңізді жоғары қоятын сияқтысыз.

– Егер өмірде бақытты болсаң, өнерің де өрге жүзеді. Жұмыссыз отырсаң, кімге керексің?! Жұмыс істеп, табыс тауып жүрсең, бәріне жағасың. Ақша таппай, не болмаса жай қарапайым адам ретінде үйде отырып қалсаң, оның қадірі болмайды. Өнерім мен өмірімді қатар алып жүрген мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Ешкім де менен бұл бақытымды тартып ала алмайды. Өйткені, менің қорғанышым – Алла тағала. Құдай берген нәсібімді теріп жүрген жанмын.

– Отағасы өнермен алаңсыз айналысуыңызға қарсы емес сияқты ғой...

– Ешқашан қарсы болған емес. Түсінігі бар адам. Қазір өнерді түсінетін ер-азамат көп қой. Отау көтеріп жатқан жастардың арасынан әйелім әнші не болмаса биші, әртіс болса дейтіндерді көп кездестіремін. Қазір өнерге деген адамның көзқарасының өзгергенін байқауға болады. Бұрын бізде, сосын мына үнді халқында әнші, бишілерді жеңіл жүрісті, бұзылған қыздар деп қабылдайтын болған. Ал негізі өнер дегеніміз – Алланың берген үлкен сыйы. Сені халыққа танытып, тарихта қалдыратын да – осы өнер. Осыны ел енді-енді түсініп келе жатыр.

Сыйлық алғанды жақсы көремін


– Аптасына тойға қанша рет барасыз?

– Бұрын менде дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі деген жоқ еді. Аптаның жеті күнінде де босамайтынбыз. Ал қазір той-томалаққа сенбі,
жексенбі күндері ғана баруға тырысамын. Бұған қарап, ешкім шақырмайды екен деген ой тумасын. Баратын жерді де таңдап, талғап баратын болғанбыз. Кейде жеті күн қатарынан баратын кездер де болады. Бізде де дос-жаран, туысқан, туған бар. Әртүрлі
той, туған күн деген сияқты болмай тұрмайды. Кей жерден сыйлық алсақ, кей жерге сыйлық беруге тура келетін кездер болады.

– Сыйлық демекші, белгілі бір мөлшерде бағаңыз бар ма, әлде, бергенін ала бересіз бе?

– Бергенін ала бересің бе дегенде, бір шоқ гүлмен немесе бір ғана иіссумен шығарып салуға болмайды ғой. Ол менің өнерім ғой. Өнерім сатылмайды. Бірақ белгілі бір бағамыз болады ғой. Қатып қалған баға жоқ. Бес мың доллар, үш мың доллар немесе екі мың доллар ғана бермесең, бармаймын демеймін. Мен де – адам баласымын. Жағдайына қараймын. Ал егер жомарт кісілер кездесіп,
үстемелеп беріп, сыйлық жасап жатса, бас тартпаймын. Сыйлықты кім жақсы көрмейді?! Сыйлық алғанды да, бергенді де жақсы көремін. Әсіресе, алғанды көбірек ұнатамын. Өнеріңді сыйлап беріп жатса, алудан қашпаймын. Оған әнімді жаздырамын, көйлегімді тіктіремін, керек заттарымды аламын.

– Көлігіңіздің маркасы қандай?

– Менің жақсы көретінім – тек қана «Мерседес». Кейінгі кезде «Тойота Ленд Крузер Прадоға» қызығып жүрмін. Бұрын онша ұнатпайтынмын. Өте дәу, еркектерге ғана арналған деп ойлайтынмын. Қарасам, қазір қыздардың бәрі «Тойота Ленд Крузер Прадо»
мініп жүр. Алдағы уақытта қол жеткізіп қалармыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақжан Жәутікова

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар