Семей субвенциясыз дамуы тиіс

(Дауыстар: 1)
Семей субвенциясыз дамуы тиіс


Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Семей қаласының жылу электр орталықтарындағы жөндеу жұмыстарымен танысып, шаһар басшысының қалалық мәслихат депутаттарының алдындағы есебіне қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Әуелі аймақ басшысы әмбебап спорттық- сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Жуықта қолданысқа берілуі тиіс спорт ғимараты Қазақстан бокс федерациясының қаржысына салынған. Әмбебап деп аты айтып тұрғандай, мұнда бокстан бөлек күрес, дзюдо, таэквондо, ауыр атлетика, семсерлесу спортымен айналысуға жағдай жасалған. Ал негізгі бокс залында кез келген деңгейдегі турнирлерді өткізуге болады. Кешеннің басты жаңалығы – жиналмалы көрермен орындықтарының болуында. 150 адамға арналған трибуна қажет болмаған кезде жиналып, залдың аумағы кеңейіп шыға келетінін естіген аймақ басшысы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаевқа бұл тәжірибені толық зерделеп, келешекте өзге спорттық нысандарға пайдалануды тапсырды. Мердігер «BAI PROXIMA» ЖШС бір кезекте 250 адам қабылдай алатын нысанның құрылысына 250 млн. теңге жұмсаған. Кешеннің ішінде үш бірдей киім ауыстыру бөлмесі, монша мен хауыз орнатылған.

Бұдан кейін облыс басшысы №1 жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Орталыққа Ресейде шығарылған жаңа бу турбинасын орнатпақшы. Қала әкімі Айбек Кәрімовтің айтуынша, бұл турбина қаланың жылу мәселесін шешіп қана қоймай, шығынды да азайтатын көрінеді. Бастан-аяқ жөндеуден өтіп келе жатқан жылу орталығы турбинасы іске қосылғаннан кейін, 12 мегаваттық қуат күшіне енеді деп күтілуде. Мердігер ұйым-ның өкілі Қайрат Ахметов турбина ауыстыру жұмыстарын күзге дейін бітіруге уәде берді. Жылу орталығы қысқы маусымға әлі дайын деп айтуға келмейді. Мұнда мазут отынының қоры болғанымен, көмір әлі әкелінбеген.

«РК-1» жылу қазандығына да жаңа турбина қойылуы тиіс. Бұл қазандыққа қажет турбина Германиядан әкелінеді. Турбина орнатылғаннан кейін, бұл қазандық та 12 мегаватт қуаттық күшпен жұмыс істеуі тиіс. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қала басшыларына бұл нысандағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырып, қысқа дайындығын тездету керектігін ескертті.
Қала әкімі Айбек Кәрімов мәслихат депутаттарының алдында есеп беру барысында Семейде жас мемлекеттік қызметкерлердің көбейгенін атап өтті. Оның айтуынша, мелекеттік қызметтегі мамандардың 23 пайызын 30-ға дейінгі жастар құрап отыр. Қалада жеке баспана құрылысына қажет жер теліміне деген сұраныс күрт өскен. Сегіз айдың ішінде келген жүгінімнің 50 пайыздан астамы жер телімін беруге қатысты болған. 2011 жылы қаланың даму үлгісі, бас жоспары бекітілген. Жер бөлу, инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстарының барлығы соған сәйкес жүргізілуде.

Облыс басшылығының Семей қаласын субвенциясыз өмір сүретіндей деңгейге шығару жөніндегі тапсырмасы аясында да бірқатар жұмыстар атқарылған.

Қосымша көздер іздестіріп, шағын және орта бизнесті, туризмді дамытудың арқасында қала субвенциясыз өмір сүретін деңгейге шығуға жақын қалып отыр. Қаланың даму моделіне сәйкес бас жоспар бекітіліп, Ертістің сол және оң жағалауларында жаңадан бес-бес тұрғын аудан құрылған.

Қаланың балабақшамен қамтылуы 87 пайызды құрап отыр. Шаһарда туу көрсеткіші 14 пайызға жоғарылаған. Бұл өз кезегінде блабақшамен қатар мектеп санын көбейтуді қажет етеді. Болжам бойынша 2020 жылға қарай қаладағы оқушылар саны 54 мыңға жетіп, кем дегенде жаңа төрт мектеп салу қажет болады. Бір кездері қаладағы өнімнің 40 пайызы жеңіл өнеркәсіптен түссе, бүгінде оның үлесі – 1,8 пайыз ғана. А.Кәрімов облыс басшысына Семейді жеңіл өнеркәсіп орталығына айналдыруға көмек көрсетуін сұрай келе, бюджетке түсетін кірістің 50 пайызы шағын және орта бизнестен түсіп отырғанын жеткізді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында ауылшаруашылық өнімін өндірушілерден азық-түлік сатып алу жолға қойылмақшы. Бұл шаруа тұрақтандыру қорына жүктеліп отыр.

Депутаттар тарапынан қала әкіміне жер теліміне деген кезектің баяу жылжуы мен жылу орталықтарының жөндеуіне қатысты сауалдар қойылды.

– Осыған дейін қала аумағындағы жер телімдері бейберекет беріліп келген. Соның салдарынан жер үйлер ешқандай тәртіпке бағынбай салынған. Бұл қазіргі уақытта сол аудандарға инфрақұрылым тарту кезінде қиындық туғызып отыр. Сондықтан жер телімдерін бермес бұрын, оның инфрақұрылым мәселесі шешілу керек деп шештік. Жер телімін беруде осыдан басқа мәселе жоқ, – деген Айбек Кәрімов жыл сайын жылу электр орталықтарын жөндеуге қомақты қаржы бөлініп жатқанымен, келешекте өзін ақтайтынын айтты. Мәселен, Семей медициналық университетінің маңайына сегіз бірдей жатақхана салынбақ. Осындай әлеуметтік маңызы зор құрылыстар жылу жүйесін кеңейтуді талап етіп отыр.

Депутаттар мүмкіндікті пайдаланып, облыс басшысына да тілектерін айтты. Оның бірі қалаға хоккей және футбол модульдерін салу туралы болса, тағы бірі мешіт құрылысына қатысты болды.

– Семейде хоккей модулі болмағаны ұят. Сондықтан бұл ұсынысты қолдаймыз. Ал футбол модулін салудың әзірге қажеті жоқ. Өткен жылы ғана 30 жыл бойы жөндеу көрмеген «Спартак» стадионын жаңаладық. Сондықтан бұл мәселе әзірге өзекті емес деуге болады. Ал мешіт құрылысына қаржы табу мәселесіне осындағы депутаттар да кірісуі қажет. Өскемендегі мешітті Араб елінің демеушілерімен бірге, өзіміздің кәсіпкерлердің ақшасына салдық. Сол сияқты мұндағы мешітке де демеуші табуға болады. Ол үшін әуелі жергілікті кәсіпкерлер осы іске тартылып, бастама көтеруі керек, – деді аймақ басшысы.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі қала басшылығына экономикалық өсімнің қосымша көздерін іздестіруді тапсырып, депутаттардың да бұл іске қала басшылығымен бірге атсалысуы керектігін атап көрсетті.


Есімжан Нақтыбайұлы,
Раушан Нұғманбекова

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Семей, Қоғам

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар