«Жиһад» не? «Шәһид» кім?

(Дауыстар: 1)
Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы өмірге жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз...».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті



Бүгінде кей мұсылман елдеріндегі жағдайды жақсарту, биліктің мұсылмандар қолына өту жолында жасалып жатқан талпыныстарға еліміздің мұсылман жастарын тарту, олардың бастарын қатырып, бұл «Аллаһ жолындағы жиһад!» деген түсініктер пайда болуда. Бұл бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің біріне айналып отыр.

 «Жиһад» не? «Шәһид» кім?


Расында осы мәселеге жастарды үгіттеу, оларды белсенді түрде қатысуға насихаттау еліміздің дипломатиялық қарым-қатынастарына, әлемдік аренадағы қол жеткізген беделіне, ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсерін тигізеді. Бұған қырағылықпен, аса байсалдылықпен қараған жөн. Мұндай көзсіз сорақылықтың басты себебі өзін өлім бәйгесіне тіккен әрбір жанның шәһидтік дәрежені аңсауы. Бірақ олардың басым көпшілігі сол «шәһид» терминінің мән-мағынасын байыптай бермейді. Енді осы «жиһад» және «шәһид» сөздеріне түсіндірме жасап көрелік.

«Жиһад» сөзінің ұғымы өте ауқымды, әрі бұл сөзді араб тілінен аударғанда белгілі бір мақсатқа қол жеткізуге тырысу, сол жолда күресу, бар қажыр-қайратымен, ынта-жігерімен ең қымбат саналатын уақытын, дәулетін, тіпті, жанын да сол мақсатқа жетуге арнау жайында деп айтылып та, жазылып та жүр. Негізінде мұндай түсінік «жиһад» сөзіне тілдік тұрғыдан қарағанда қалыптасқан. Ал енді бұл сөзді ислам дінімен байланыстырып, діни сенім-наным тұрғысынан қарайтын болсақ, онда «жиһад» дегеніміз адамзат баласының Жаратушы Хақ тағаланы дұрыс танып-білуіне, Оның бұйырғанда-ры мен тыйымдарын орындауда, дінді еркін түрде толық ұстануға мүмкіншілік тудыруға кедергі болатын тосқауылдарды барынша, әрі мүмкіндігін-ше жою. Осы кедергілерді жою жолында әрбір мұсылман ақыл-санамен, денемен, мал-мүлкімен өз үлесін қосуға міндеттелу дегенді білдіреді.

«Жиһад» сөзі мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімде отыз бес рет әр сүреде әртүрлі мағынада айтылады. Осы аяттардың төртеуі ғана көпшілікке үрей салатын қолға қару-жарақ алып, дін дұшпандарына қарсы тікелей соғысу мағынасында келген. Ал қалған аяттарда басқа мағыналарда қолданылған. Бұл туралы БАҚ бетінде дін қайраткерлері талай рет дәйекті түрде мақалалар жариялаған.

Ғұламалар жиһадты жалпы екі жолмен қарас-тырады. Біріншісі – майдандағы жиһад. Ол шай-қаспен, қолмен, тілмен, жүрекпен іске асады. Екіншісі – бейбітшілікте адам өз нәпсісі және шайтанмен күресу.

Алғашқысы – дипломатиялық жолдармен келіссөзге келу әрекеттерінің барлығы пайда бермей, амалсыздан баратын соңғы шара. Егер қарсы жақ соғысты тоқтатып, келіссөз сұраса, мұсылмандар да соғысты тоқтатып, келіссөзге келгендері жөн. «Егер олар келіссөзге, бейбітшілік-ке қол созса, сен де соз».

Исламда майдандағы қарулы жиһадқа тек төмендегі жағдайларда ғана рұқсат етіледі:

1. Қорғану мақсатында. Мұсылман еліне жау шапқан жағдайда әрбір мұсылман ер мен әйелге жиһадқа шығу парыз болады. Құранда: «Сендермен соғысқандарға қарсы сендер де Аллаһ жолында соғысыңдар. Бірақ шектен шықпаңдар. Аллаһ
тағала шектен шыққандарды жақсы көрмейді» – делінеді.

2. Мұсылман еліне шабуыл жасайтыны нақты анықталған дұшпанға бірінші болып шабуыл жа-
сап, соғыс тактикасын қолдану.

3. Елбасы соғысқа шығуды бұйырған жағ-дайда.

Бірақ соғыстың жоғарыдағы түрлерін жеке тұлға немесе жеке тұлғалардан құралған топ «жиһад» деп жариялай алмайды. Оны тек қана мемлекет және оның басшысы жариялайды.

Сондай-ақ, сауатсыздық, әлсіздік, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер сияқты Жаратушы мен адамның ара-сындағы бөгеттерді жою үшін жасалатын барлық іс-шараға да «жиһад» делінеді. Егер қандай да бір қоғам осы айтылған келеңсіздіктерді түзетсе, оны сырттан жау алмақ түгілі, ешкім де оған шабуыл жасауға да шешілмес еді.

Екіншісі – мұсылман адам нәпсісінің, шайтан-ның алдауында, жетегінде жүрмейді. Нәпсісінің азғындаған уақытында Аллаһ тағалаға құлшылы-ғын ұмытпай, ғибадатқа жақын болады. Нәпсісінің азғыруына қарсы төтеп беру үшін Аллаһ тағаланы көп зікір етіп, Құран Кәрімнің мән мағынасын түсінетіндей көп оқып, әрдайым Аллаһ тағалаға дұға етеді. Нәпсі мен шайтанның азғыруынан
мүлде құтыла алады деп айта алмаймыз, дегенмен, бұл шариғи үкімдер адам бойына сіңіп, тура жолдан адаспайды деген үміттеміз.

Егер мұсылмандар өздерін өздері түзетпеген жағдайда, дүниенің түкпір-түкпіріндегі мұ-сылмандардың хал-ахуалы күн өткен сайын нашарлап, қазіргідей аянышты жағдайға түсе бер-мек. Міне, сондықтан әрбір мұсылман ең алдымен сыртқы емес ішкі өз бойындағы кемшіліктерімен күреспесе, істеген іс-әрекеттің барлығы дерлік нәтижесіз бола бермек.

Имам Әбу Ханифа мәзһабының танымал кітаптарының бірі «Ихтияр» кітабында «шәһид» сөзінің терминдік мағынасына былайша тоқтал-ған: «Шәһид дегеніміз – мүшріктер өлтірген немесе соғыста жарақат алып өлген және бір мұсылман-
ның қолынан зұлымдықпен қаза тапқан адам».

Шәһидтік ұлы дәреже. Себебі, қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 154 аятында: «Алла жолында өлтірілгендерді (шәһидтерді) олар өлі демеңдер, олар тірі, бірақ сендер сезіп біле алмайсыңдар» – десе, «Әли Имран» сүресінің 169 аятында: «Алла жолында өлтірілгендерді өлі деп ойлама, әрине олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі» – деп ашық баян етіледі.

Сахабалардың бірі Әбу Һурайра (р.а): «Алла елшісі (с.а.у): «Шейіттер беске бөлінеді: оба (неме-се сол сияқты жұқпалы) дертке ұшырап, бақилық болғандар, іш ауруына шалдығып, көз жұмған-дар, суға батып өлгендер, қираған үйдің астында қалып, қаза тапқандар және шыбын жанын Алла жолында пида еткендер», – деп айтты» – деген.

Шәһидке негізгі үкім ретінде Ұхыд соғысында қайтыс болған мұсылмандарды аламыз. Пай-ғамбарымыз (с.ғ.с): «Шәһидтерді жараланған жараларымен, аққан қандарымен қосып ораңдар, ғұсыл алдырмаңдар. Өйткені, олар қиямет күні қан аққан күйінде тіріледі. Қанның түсі секілді түсі болады. Бірақ исі мисктің исіндей болады». Қандай да бір осындай бір халмен қайтыс болса және зұлымдықпен өлтіріліп, құны төленбесе, онда ол шәһидтің үкіміндей болады. Және қандай да бір мұсылман мұсылманның қолынан зұлымдықпен қаза тапса немесе жол тосушылар, ұрылар өлтірсе де ғұсыл алынбайды. Өйткені, Әли (р.а.) Сффын соғысында қаза тапқан сахабаларды жуындырмаған. Пайғамбар (с.ғ.с): «Қандай да бір адам өлтірілсе, оған құн төленбесе ол шәһид» деген. Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша шәһид ақыл-есі бүтін, балиғатқа толған және таза болуы керек. Оның себебі, Ханзалы Ибн Амр соғыста жүніп болып қайтыс болады. Сонда періштелер оны жуындырады. Аталған оқиға бізге үйрету ретінде жүзеге асырылды. Демек, бұл жалпыға айтылған хадистен жекеленіп алынған үкім.

Көптеген діни кітаптарда шәһидтік дәреже ту-ралы ақпараттар келтірілген. Мәселен:

1. Дінін үйренуге және үйретуге барар жолда өлген адам шәһид болады. Хадисте былай делінген: «Дінін үйрену, үйрету және тарату жолында өлген адам шәһид болады». (Ибн Асакир).

2. Намазын дұрыс оқыған адам шәһид болып жан тапсырады. Хадисте былай делінген: «Бес уа-қыт намазын дұрыс оқыған адамға әрбір күні үшін мың шәһид сауабы беріледі». (Тәрғиби Хадими).

3. Дәретпен жүріп дүние салған адам шәһид болады. Бір хадис шәрифте: «Дәретпен өлген мұсылман шәһид болады», – делінген. (Дәйләми).

4. Алла тағаланың жолында шәһид болып өлуді қалаған адам да шәһидтік дәрежені иелене алады. Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның хадисінде: «Алла тағаладан ықыласпен шәһид болуды тілеген адам төсегінде өлсе де шәһид болады». (Муслим). «Шәһидтердің көбі төсекте өледі. Соғыс-тағылардың ниетін тек Алла тағала біледі». (имам Ахмад).

Халық арасында соғыста көз жұмған барлық адамдарға шәһид, тірі қайтқандарға ғази делінсе де шынайы шәһидпен, шынайы ғазиді тек Алла тағала біледі. Иманы бар адам ғана шәһид және ғази болады. Басқалардікі көріністе ғана сондай. Ғазилік және шәһидтік өте үлкен мәртебе. Құран Кәрімде былай делінеді: «Иман келтіріп Алла жолында хижрат еткендер, жиһад еткендер және бұларға қамқор болып, көмек бергендер, міне шынайы мұсылман осылар». Мұсылман әйелдің жәннатқа кіруі, шәһид болуы жеңілдетілген. Әйел салихалы болып, күйеуіне мойынсұнса жиһад сауабына қауышады. Хадисте Алла елшісі (с.а.у): «Мұсылман әйел бес уақыт намазын оқыса, Рамазанда оразасын ұстаса, күйеуіне мойынсұнса, намысын қорғаса жәннатқа қалаған есігінен кіреді»
– деп айтқанын Ибн Хиббан жеткізеді. Сондай-ақ, «Жүктілік кезінде, босанарда немесе босанғаннан кейін өлген әйел шәһид болады» – делінеді. Осыған ұқсас тағы бір хадисте Алла елшісі (с.а.у): «Мұсылман әйел жүкті кезінен босанғанға дейін және сәбиін емізуден шығарғанға дейін Алла жолындағы күресуші секілді болады. Дүние салар болса шәһид дәрежесінде болады».
Соңғы жылдардағы мұсылман елдеріндегі бо-лып жатқан соғыстар, сол елдің мұсылманшылық-ты сауатты түрде түсінбей, оны дұрыс орындамай, Ислам қойған шеңберден шығып кеткендерінің салдарынан болып жатыр десек, артық айтқандық болмас. Ауғанстанда, Сомалида, Жибутида, Шам елдері (Сирия, Иран, Ирак), т.б. мемлекеттердегі қантөгістер әлемдік және сол мемлекеттердің ішкі саясаттары салдарынан болып жатқан әрекеттер. Бүкіл Ислам әлемі мұсылмандарына парыз болатындай «жиһадқа» жатпайды. Олай болса, оның қазақстандық жастарға қандай қатысы бар?

Бүгінгі таңда дініміздің жаулары Исламға және мұсылмандарға өз кесірлерін тигізіп, мұсылмандар-ды Исламнан алыстатып, көңілдерін суыту әрекеттерін уақыт өткізбестен жүзеге асыруда өз күштерін салып бағуда. Мұның бәрі мұсылмандарды бір-біріне айдап салу, діни топтарға бөліп, іштей іріткі салып, елдегі ішкі татулықты бұзу, жас ұрпақты өздеріне тарту, араларында ұрыс-тартыс шығару, т.б. жолдармен іске асатыны айтпаса да белгілі.

Қорыта айтқанда, таза Исламды бетперде етіп, түбінде жеке мүддені көксейтіндер жетегінде кетуден еліміздегі әрбір мұсылман сақ бола білуі тиіс.

Ершат Оңғаров,
дінтанушы
(e-islam.kz, қысқартылып алынды)

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар