Үржарлықтар жәрмеңкеге барын салды

(Дауыстар: 1)
Үржарлықтар жәрмеңкеге барын салды


Бұл жолы Өскемендегі «Fresh market» гастрономының алдында өткен жәрмеңкеге Үржар ауданының шаруалары ауылшаруашылық өнімдерін мол әкелді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жәрмеңкені аралап көрді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.


«Fresh market» гастрономы алдын үржарлықтар барынша безендірді. Концерт өтер сахнамен қатарлас қонақ күтуге арнайы тігілген еңселі киіз үй ерекше көз тартты. Қала тұрғындарына арнап аудан шаруалары бес бірдей дастарқан жайыпты. Қонақтарын жылы жүзбен қарсы алған үржарлықтар жәрмеңкеге барын салғаны көрініп тұр.

Аудандық ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің басшысы Кәленбек Бақтығазыұлының айтуынша, жәрмеңкеге Үржар ауданынан
барлығы 1,5 тонна жылқы еті (келісі – 1000 тг.), 8 тонна сиыр еті (900 тг), 2,5 тонна қой еті (900 тг), 10 тонна картоп (90 тг.), 44 тонна қауын-қарбыз, 2 тонна қияр, 6,5 тонна сәбіз, 2 тонна бал, 1300 литр қымыз, 600 келі қызанақ, 800 келі тәтті бұрыш әкелінген. Жәрмеңкеге келген елуге тарта шаруа қожалығына ауданда табысты еңбек етуге барынша жағдай жасалғанын айта кету керек. Ауылшаруашылық өндірісін дамыту үшін жер телімдерін жалға беру бойынша биыл 10 конкурс өткізіліп, 47334 гектар жер телімі беріліпті.

Үржарлықтар жәрмеңкеге барын салды


Өнімдер қатарынан қала дүкендерінде самсап тұрған «Шваб шұжықтарын» да байқап қалдық. Өскемен қаласында филиалы бар,
Жанай ауылында шұжық өндіретін «Шваб шұжықтары» шаруа қожалығы 1995 жылдан бері жұмыс істейді екен.

– Шаруа қожалығында шұжықтың 65 түрі өндіріледі. Біз бұрын қала дүкендерінің жартысын шұжықпен қамтамасыз ететін едік. Қазіргі уақытта көршілес Ресей елінің ірі цехтары елімізге шұжық тасымалын көбейткеннен кейін, бәсеке қыза түсті. Сонда да біздің өніміміз өтімді, – дейді филиал директоры Анаргүл Бейсенқызы.

Жәрмеңке саудасымен қызған тұста аудан өнерпаздары ән мен күйдің көркін қыздырды. Концерт шымылдығын ашқан «Көңіл толқыны» халықтық аспаптар оркестрі күй атасы Құрманғазының күйлерімен қатар, еуропалық симфонияларды да домбыраның үніне қосты.

Үржарлықтар жәрмеңкеге барын салды


Концертпен қатар, ауданның спорт бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырған спорттық жарыстарда апайтөс жігіттер күш сынасып жатты. «Қол күресі», «бұқа тартыс», «мойын тартыс», «арқан тартыс» сайыстарының бел ортасында жүрген Төлеубай
ақсақал да берілер емес. Тіпті «қол күресте» сүйегі асыл қария жүлделі үшінші орынға ие болды.

Үржарлықтар жәрмеңкеге барын салды


– Осындай жәрмеңкелерден қалмауға тырысамын. Жасым жетпістің төртеуінде. Жас кезімде күреспен шұғылдандым. Новоявленка ауылының ардагерлер алқасының төрағасымын. Күш сынасуға келгенде қазақ баласы тыныш отыра ала ма?! Сайысқа қойдым да кеттім. Айтпақшы, өткенде Глубокое ауданы ұйымдастырған иыққа қой көтеріп отырып-тұру сайысынан қойды 47 мәрте көтеріп, бас жүлдеге ие болған едім, – дейді Төлеубай ақсақал.

Сөйтіп, үржарлықтар көрікті концертімен, қызықты сайыстарымен, арзан саудасымен Өскемен жұртшылығына қуаныш сыйлады.


Аян Өрібаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар