Азаматтық қоғам институттары ортақ мәселені талқылады

(Дауыстар: 1)
Азаматтық қоғам институттары ортақ мәселені талқылады

Кеше Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Өскемен қаласындағы «Алтай» технопаркінде өңірдегі азаматтық қоғам институттарының бастамасымен дөңгелек үстел отырысы болып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жиында алғашқы болып сөз тізгінін алған «ШҚО Азаматтық Альянс» бірлестігінің төрағасы Олег Чернышов қазіргі уақыттағы әлемнің кейбір елдерінде болып жатқан қарулы қақтығыстар мен шиеленістердің ушығып тұрғанын тілге тиек ете келе, осы қауіп-қатерден сақтанудың бір жолы ретінде ел ішіндегі рухани бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайта түсу екенін атап көрсетті.

Оның келтірген деректеріне сүйенсек, зерттеу жұмыстарының нәтижесі анықтағандай сауалнамаға қатысқан шығысқазақстандық респонденттердің 90 пайыздан астамы еліміздегі ұлтаралық қатынастар төңірегінде жүргізіліп отырған саясатқа оң баға берген.

- Бұл олардың Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты қолдайтындығын, бір шаңырақ астында тұрып жатқан көптеген ұлт өкілдерінің өзара татулық пен тұрақтылықты қалайтындығын анық аңғартады. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 80 пайызға жуығы мемлекеттің елдегі тұрақтылықты сақтауға күш салып отырғанын сезінетіндіктерін айтып, ұлтаралық дүрдараздыққа жол бермеу саясатын қолдайтындарын білдірді, - деген Олег Чернышов назар аударуды қажет ететін бірер мәселені де тілге тиек етті.

Атап айтсақ, жағдайға сырттай баға беру кезіндегі жасырын ұлтаралық келіспеушіліктердің дамуын сипаттайтын үрдістердің етек алуын, қазақ тілінің қолданыс аясының тарылуын болдырмау қажет.

Сонымен қатар аталған жиында үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктері туралы «USAID» халықаралық агенттігінің өкілі Андрей Емелин сөз қозғаса, жастар арасында рухани келісім мен бірлікті нығайту тақырыбында Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі Людмила Гейцман өз ойын ортаға салды. Сонымен қатар, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Нұржан Түсіпова, Семей қаласындағы қоғамдық кеңес төрайымы Жанна Жибраева және басқалары да сөз кезегін алып, ой-пікірлерін жеткізді.

- Бүгінгі басқосудың маңызы жоғары. Өйткені, айналамызда тұрақсыздық орын алған қазіргідей уақытта біз не істеуіміз керек? Елдің ішіндегі тұрақтылықты, ұлтаралық татулық пен келісімді қалай сақтап, нығайтуымыз керек деген мәселелер туралы келелі әңгіме өрбіді. Облыстың әрбір аудан-қаласынан келген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жауапты мемлекеттік қызметкерлер дөңгелек үстел басында ортақ мәселені талқылап, әрқайсысы өз ойларын ортаға салды. Болашақта не істеу қажеттігі жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылды, - деді ШҚО кәсіподақтар кеңесі төрайымы Нұржан Түсіпова.

Иә, бүгінгідей геосаяси жағдай салқын тартқан алмағайып кезеңде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет ету біз үшін маңызды.

Бұл пікірді дөңгелек үстелдегі сындарлы әңгіменің түйінін жасаған облыс басшысы да қадап тұрып жеткізді.

- Барлық саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істесе, елімізде тұрақтылық пен татулық салтанат құратын болады. Ал тұрақтылық бар жерде экономика қарқынды дамып, халықтың әл-ауқаты артады. Бүгінгі күні әлемнің кейбір елдерінде тұрақсыздық орын алып, геосаяси мәселелер шешімін таппай тұрғаны белгілі. Бұл жағдайлар елімізге кері әсерін тигізбеуі керек. Қалай дегенмен де Қазақстан әлемнің барлық мемлекеттерімен жақсы қарым-қатынаста. Сондықтан мұны ескеріп, кейбір алып-қашпа әңгімелерге ермеген абзал. Елдегі алауыздыққа, қақтығыстарға жол бермеуге тиіспіз. Ондай келеңсіздіктердің туындауына қазір бізде ешқандай себеп жоқ. Қазіргі күні біздің елімізде, оның ішінде өңірімізде қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, осыны көздің қарашығындай сақтай білейік, - деп атап өткен Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаев ел ішіндегі тұрақтылықтың сақталуына үкіметтік емес ұйымдардың тигізер пайдасы зор екенін айтты.

Аймақ басшысының айтуынша, облыс аумағында жиыны 120 мың мүшесі бар 8 саяси партия және 700-дің үстінде қоғамдық ұйым тіркелген екен. Аталған қоғамдық ұйымдардың шамамен 30 пайызға жуығы жұмыс істейді. Бұлардың әрқайсысының көзқарастары, ұстанымдары әртүрлі болғанымен мақсат-мүдделері ортақ, ол - көпұлтты Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді сақтау. Осы мақсат төңірегінде топтасу.

Сондай-ақ, өңір басшысы тұрғындарды жұмыспен қамту, инфляцияның шамадан тыс шарықтап кетпеуін қадағалау, мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жем-қорлықпен бірлесіп күресу, шетелдердің жоғары оқу орындарын бітірген шығысқазақстандық студенттердің облысымызға қайтып оралуы, өсіп келе жатқан жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеу сияқты мәселелерге кеңірек тоқталды. ШҚО әкімінің айтуынша, кішкентайынан отансүйгіштікке, туған жерін, халқын құрметтеуге тәрбиеленген ұрпақ ешқашан өз елінде бүлік шығарып, қақтығысқа жол бермейді. Ал мұндай салиқалы ұрпақ өсіруге әрбір отбасы, қоғамның әрбір мүшесі атсалысуы керек.

- Азық-түлік құнының аспандап кетпеуін қадағалауда «Нұр Отаннан» басқа ешбір саяси партия жауапты орындарға көмек қолын созған емес. Әрине, нарықтың өз заңы бар, базардағы бағаға ешкім басшылық ете алмайды. Дегенмен тауарды қымбаттату кезінде 10 пайыздан аспауы тиіс деген келісім бар ғой, тым құрығанда қоғамдық ұйымдарымыз сауда орындарындағы осы келісімнің орындалуын неге қаперге алмасқа?..

Сол сияқты үкіметтік емес ұйымдар жастардың тұлға ретінде қалыптасуына өз үлестерін қосуы қажет. Өкінішке қарай бүгінгі таңда «Нұр Отаннан» басқа бір де бір саяси партияның жастар қанаты жоқ, жастармен қоян-қолтық қатынас орнатпайды. Келешекте бұл олқылықтың орнын толтыру керек, - деді аймақ басшысы.

Серік Әбілхан
Сурет Есімхан Орынбаевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар