Шағын зауыт сүт өнімдерімен Жезкентті қамтып отыр

(Дауыстар: 1)
Шағын зауыт сүт өнімдерімен Жезкентті қамтып отыр

Жезкент - тұрмыс-тіршілігі бір ғана кәсіпорынның жұмысына негізделген ШҚО Бородулиха ауданындағы елді мекен. Мұндағы кеніш пен байыту фабрикасы кент экономикасының басым бөлігін құрайды. Бірақ әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай елді мекендерде экономиканы әртараптандыру, яғни, тың өндіріс орындарын ашып, шағын және орта бизнесті дамыту аса қажет. Қысқа қайырсақ, кент тағдыры бір ғана кәсіпорынға бағынышты болмауы тиіс, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Кәсіпкер Владимир Городецкий ірімшік зауытын ашуды ойластырған кезде, оны бәрі де «Сен шикізатты, яғни, сүтті қайдан алмақсың?! Кеншілер сиыр ұстамайды ғой» деп ескерткен-ді. Бірақ ол қандай істі қолға алғанын жақсы түсінді, өз бизнесін бүге-шігесіне дейін тиянақты жоспарлады. Жезкенттің маңайында Орловка, Ивановка, Сосновка, Переменовка сияқты бірқатар ірілі-ұсақты ауылдар бар. Ендеше, аталмыш елді мекендердің тұрғындары Жезкенттегі ірімшік зауытына сүттерін сатып, біраз тиын-тебен таба алады. Ал кеншілер кентіндегі шағын кәсіпорын сол сүтті өңдеп, пайда көреді, жұмысшыларға айлық, мемлекетке салық төленеді.

Бүгінгі таңда ірімшік зауытына күніне 4-5 тонна сүт жеткізілуде. Одан тәулігіне 300 келі ірімшік, 50 келі сары май, 200-300 литр қаймақ жасалады.

- Біз голланд ірімшігін, майлылығы 30 пайыздық кілегей, сары май және сүзбе шығарамыз. Өнім көлемі соншалық көп емес, әрине. Кейбір жұмыстарды қолмен де атқарамыз, сондықтан тауарларымыз сапасы жағынан үйдікіне барынша жақын, - дейді зауыт технологы Мариана Славецкая.

Зауыт ішін аралау барысында біз осында іс-тәжірибеден өтіп жүрген Шәкерім атындағы университеттің студенті Әсел Хасенқызымен таныстық. Ол аталмыш оқу орнының азық-түлік өнімдерін өңдеу факультетінде оқиды екен. Университетті тәмамдағаннан кейін осы туған кентіндегі зауытта еңбек етпек ойы бар. Міне, жұмысшы Людмила Сухорукова ірімшікті таразыға салып өлшеуде, ал оның әріптесі Мөлдір Манапова болса, оны полиэтилен дорбаларға жылдамдата салып жатыр, қимылдары ширақ. Өндіріс меңгерушісі Алена Страшкова ірімшік қайнатумен шұғылданып әлек.

Байқағанымыз, мұндағы жұмысшылар ұйымшыл, көңілді әрі ашық-жарқын екен. Бұл ұжым әуел бастан-ақ осылай қалыптасыпты. Атап өтерлік тағы бір жайт, зауытта арнайы аспаз бар, ол жұмысшылар үшін ыстық тамақ әзірлейді, тегін. Ас пісіруші Тамара Желомбаева өз ісін жетік меңгерген, «шын пейілмен пісірмесең, асың дәмді болмайды» дейді ол. Десек те, бұл жерде асықпай отырып шай ішуге уақыт жете бермейді, кәсіпорынның жұмысы бастан асады, оның үстіне күрделі өңдеу процесін тоқтатуға әсте болмайды.

Шағын ғана зауыт жоғарыда аталған сүт өнімдерімен 10 мың тұрғыны бар кеншілер кентін толық қамтуға қауқарлы. Қазіргі кезде кент негізінен осы кәсіпорынның өнімін сатып алады. Дей тұрғанмен, бүгінгінің талғампаз тұтынушысы дүкен сөресінен ірімшік пен қаймақтың ондаған түрін көргісі келеді. Бір сөзбен айтсақ, бұл салада үлкен бәсеке орнаған, одан құтылу мүмкін емес. Облыстағы ірі кәсіпорындарды былай қойғанда, Кеден одағы елдері де сүт өнімдерімен біздің нарықты жаулауға ниетті. Жезкенттік ірімшік жасаушылар болса, Өскемен мен Семейдің, өңіріміздегі өзге қалалардың өндірушілерімен біркісідей бәсекелесіп, қалыспай келеді.

Кеншілер кентіндегі ірімшік зауыты алдағы уақытта шығаратын өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар