Үш тілді меңгерген жастардың үздіктері анықталды

(Дауыстар: 1)
Үш тілді меңгерген жастардың үздіктері анықталды

Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Тілдарын-2014» облыстық олимпиадасы өтті. Оған ШҚО-ның қалалары мен аудандарынан қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген алты жас қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған тіл додасының мақсаты - үш тілді жетік меңгерген 18 бен 25 жас аралығындағы жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, көп тілді білетін тұлғаны тәрбиелеу. Шығыс Қазақстан облыстық тіл бәйгесіне өз қалалары мен аудандарында топ жарып келген ең үздік жастар қатысқандықтан, оларға қойылар талап та жоғары болды.

Олимпиадаға қатысушылар үш кезеңнен өтуге тиіс болды. Алдымен мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері сарапқа салынды. Үміткерлерге берілген тақырыптың мазмұнын қазақ тілінде ашып беру, эссе жазу және мәтінге ілеспе аударма жасау сияқты тапсырмалар берілді. Екінші кезеңде дәл осындай тапсырмаларды ағылшын тілінде, үшінші турда орыс тілінде орындаулары керек. Олимпиаданың негізгі шарты бойынша алдыңғы кезеңнен өткен қатысушы ғана келесі айналымға жіберіліп отырды.

Осы арада ШҚО-ның басты тіл додасына о баста тоғыз адам қатысады деген өтінім түскенін айта кеткен жөн. Алайда Шемонайха ауданының өкілі байқауға келмесе, Курчатов қаласының үміткері жарысқа түсуден бас тартқан. Сондай-ақ Өскемен қаласының бәйгеге үкілеп қосқан қатысушысы да жарыс жолының алғашқы айналымынан өте алмады. Доданың алғашқы айналымында үміткерлер «Қазақстан - көпұлтты мемлекет», «ЭКСПО-2017», «Үштұғырлы тіл», «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» сияқты тақырыптардың мазмұнын ашуға тиіс болды. Өкінішке қарай, кейбір жарысқа қатысушылардың тіл байлықтарының аздығы, тақырыпты дұрыс түсінбейтіндігі байқалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерін білмейтін, толеранттық деген ұғымның мағынасын, «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі мақсатын айтып түсіндіре алмаған жастар да кездесті. Біздің мақсатымыз - олимпиада қатысушыларын сынау емес. Алдағы уақытта осындай сайыстарға аудандар мен қалалардағы тілдерді дамыту бөлімдері үлкен жауапкершілікпен қараса, облыстық деңгейдегі жарысқа ең үздіктерді ғана жіберсе, олар тыңғылықты дайындықпен келсе деген ой.

Осы жарыста жастарымыздың ағылшын және орыс тілдерін мемлекеттік тілден әлдеқайда жетік меңгергендерін аңғардық.

- Үміткерлер ағылшын тілін әлдеқайда жақсы білетіндерін көрсетті. Аудармалары да, эсселері де жаман емес. Дегенмен, жастардың кітап оқымайтындары бірден көрініп тұр. Логикалық ойлау қабілеттері де орташа деңгейде. Жан-жақтылық, білім көкжиегінің кеңдігі байқалмады, - деген пікір білдірді қазылар алқасының мүшесі, ШҚМУ-дың ағылшын тілінің оқытушысы Мараш Матиева.

Дегенмен, үш тілді де жап-жақсы меңгерген, ойларын еркін жеткізіп, доданың барлық кезеңдерінен сүрінбей өткен жастардың болғаны да рас. Қазылар алқасының шешімімен Семей қаласының өкілі Жанерке Өтепбаева тіл додасының бас жүлдесіне ие болып, республикалық тіл олимпиадасында облысымыздың намысын қорғау құрметіне ие болды. Жүлделі бірінші орынға Тарбағатай ауданының қатысушысы Балжан Бекібаева лайық деп танылды. Екінші орынды күршімдік Мақпал Толықбаева, үшінші орынды зыряндық Салтанат Мусина иеленді. Жеңімпаздардың барлықтары арнаулы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен, өзге қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Мәдениет | Кілт сөдер: қазақ тілі

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар