Құмарбек Қалиев

(Дауыстар: 1)
  • 20 қыркүйек 2014, 14:51 |
  • Пікірлер: 1
СЕН ҚҰРМЕТТЕ...
...Сен құрметте оны
Түсіндің бе, қарағым,
Ол айырбасқа берген жоқ
Тізеден кесіп аяғын...
(Әбу Сәрсенбаев)

Атаң сенің бұл жырды жаттап өскен
Шығармайды әкең де бұны естен
Екеуі де соғысты көрмесе де
Осы жырмен сол кездің күйін кешкен

Екі аяқсыз ағаны атаң демеп,
Қос балдақты атаға әкең көмек
Беріп өскен, өйткені олар үшін –
Майдангердің алатын орны бөлек

Орны бөлек және оның сен үшін де
Отаны үшін алысып, елі үшін де,
Өркені үшін жандарын пида еткен
Бізге арнаған ең Ұлы Жеңісін де

- Қарты қалып, ертеңге жасы жетпек
Қай – қайсысы ерлерді қасиеттеп,
Өтсе-деген майдангер Әбу ақын,
Сонан да ұқ бұл жырды өсиет деп

Уақыт алға өмірді сүйреп барад
Көңіл, шіркін, еске алса күйреп қалад
Салтанатты шеруде жыл –жыл сайын
Майдангерлер қатары сиреп барад

Жауды жеңген ерлерді қарттық жеңіп
Майдангерлер қатары барад кеміп
Күні жетсе, жалғанда бірі қалмас
Тірісінде ардақтау-парыз –деп ұқ

Сен тұратын көшенің қақ басында
Бесжұлдыз бар қағылған қақпасында
Үй алдында дөңбекте ата отырар
Өзі еңкейіп, төмен сап ақ басын да

Қиынсынбай барып тұр ұзын жолды
«Ассалау...» деп алғайсың етсіз қолды
«Кім баласы ?..»- атаңды айт, қаттырақ айт,
Сонда танып , «Таудай бол»-дейді, болды

Жетеді осы құрметің бұл кісіге
Келмейді оның күлгісі, жүргісі де
Бәрі жетед кемді күн бұл жалғанда
Жетпегені – тұстасы, тұрғысы де

Қиын саған түсіну бұның бәрін
Кішкентайсың ірі іске келмейді әлің
Бір кездегі көп ерден қалғаны – осы,
Жиі барып біліп тұр ата халін

Сен ержетіп азамат боларсың – ақ
Келешекті қолыңа аларсың-ақ
Алдымызда аман боп майдангерлер
Жетсін – дейік- Сол күнге солар шыдап
...Сен құрметте оны...



50=2*25

Алла қосса, бірер жылда
Мен де елуге келермін
Қалың елім, сонда сенің
Алдарыңда не дермін?!.
Жиырма бесте қылыш жанып
Отызда орда бұзғам жоқ
Қыр асам деп тізем талып
Қырықта шекем қызған жоқ
Бұза берсе орда қалмас
Мен онсызда күн көрдім
Қыр аспаған жолда қалмас
Ержасына тың келдім
Ердің жасын екі еселеп
Жырла жанып, жырлап өш
Жоқты таптық із кесе кеп
Елу-екі жиырма бес
Бұл теңдіктің қарсы жағы-
Қос жиырма бес-бір елу;
Ыстық қайтты, салқын- алда
Жылы қанды бұл елу;
Бесін жетті, екінті-алда
Орда жолда- кір, елу;
Еске салам Ұлы заңды-
Бір туу бар, бір өлу;
Қамшылама сірі жанды
Елу-жарға тірелу;
Өрім бітіп,алдым –еңіс,
Жан-шағала шарқ ұрад
Көк есекке өлең толы
Ала қоржын артып ап
Төс айылды,қос айылды
Үзердейін тартып ап
Үшінші бір жиырма беске
Кетейін бе тартып-ақ
Бауырластар арасында
Жануарым- шын дүлдүл
Сал қиянға,саласың ба
Жұла тартар бұл құрғыр...
Сол шабысқа көңіл өсіп
Мен де шырқап кетермін
Салпаңқұлақ желдей есіп
Сан белестен өтермін
Орда бұзам,қырға көшіп
Өйтпегенде не етермін!?.
Ей, Жиырма бес, сен-Үшінші,
Туды биік көтергін:
Содан...
Сөйтіп...
Алла қосса...
Пенсияға жетермін



КЕЙДЕ...

Желмая мініп,Жерұйық іздеп
Желді Асан...
Бізге де мүмкін,келмеді,әлде,
Келді Асан...
Әйтпесе неге Ертістің бойын
Көргенде:
«Байы «бармын»-деп
Қарап отырмас
Кедейі «жоқпын»-деп
Жылап отырмас
Өгіздің мүйізі қылтиған
Доңыздың құлағы қылтиған
Жер екен»-деп
Баға берді Асан...
Білмеймін,Баба,
Жерұйықты таптың, таппадың
Қайтер ед бүгін
Жолыңды сенің жалғасам
Сен күллі елге
Іздедің Ұлы Жерұйық
Ал,мен содан
Өзіме титтей арнасам;
Оң қапталым-сал Күршім
Алып Ертіс-солымда
Темір етік-аяқта,
Темір таяқ –қолымда
Құбыланы бетке алсам-
Нор Жайсаң қалып соңымда
Қилы кезең жолығар
Мынау ұзақ жолымда
Теңізді көктей өтермін
Құздан да асып кетермін
Темір етік тесіліп
Темір таяқ тұқыл боп
Сақалым жер сыпырып
Доғадай белім бүкір боп
Күндерде бір күн болғанда
Жерұйыққа да жетермін...
О, ғажап,
Тағы ғажап-ақ
Жердегі Жұмақ,Жәннат-бұл
Жазудайын жазам-ақ
Жеткізе алмайд шолақ тіл
Бораны жоқ, қары жоқ
Жыл он екі ай-жаз екен
Не қажеттің бәрі көп
Тірлікке жандар мәз екен
Жәннатты көрмеу жарай ма
Талай жерді кеземін
Бәрі жақсы,алайда,
Бір түйткілді сеземін
Мынау бір хансарайда
Ашиды кейде өзегім
Ақыры таптым, мен-бөтен,
Жерұйық емес-өз елім
Сөз- тәтті мұнда, су- тәтті
Ауа- тәтті,бу-тәтті
Айран-тәтті,нан-тәтті
Жалған-тәтті,жан-тәтті
Қымыз-тәтті,қыз-тәтті
Бұрыш-тәтті, тұз- тәтті
Тәтті тұзды ас- тәтті
Кілең бір тәп-тәттіден
Жүрек айнып, бас қатты
Бас қатты,енді не етемін
Көрініп тұр-ау бар жерде
Мұнда бөтен екенім
«Ей, Құман,-деймін өзіме-
Жерұйық сенің не теңің!?.
Тәттісі де өзіне
Сәтті ісі де өзіне
Елге қалай жетемін...»

Бұл қиял ғой,ал-шыным-
Күршімнен қайда кетемін...



АЛПЫСТАҒЫ АҚСАҚАЛДАРҒА ДАТ

Жан табу қиын бүгін жөн айтпаған
Бірақ, солар бар шынды неге айтпаған
«Ақыл сұра алпысқа келгеннен»-деп
Атам қазақ бір сөзді тек айтпаған
Одан асып жетпіске жол тартқан соң,
Кім айтады, ақылды мен айтпаған
Ортаңызда жайсаңың, қасқаң бар ма
Құлақ түргін, босқа апшып сасқандар да
Жетпіс,сексен,тоқсанға жақ ашпаймын
Менің сөзім- алпыстан асқандарға
Асссаламағалейкүм,ақсақалдар,
Қайсыңызда төс жапқан ақ сақал бар
Кемел ақыл кем болса-себеп біреу:
Оны ұстар иектерде жоқ сақалдар
Ескі бетті қырнайды кәрі кісі
Кәрілікке жетпейді дәрі күші
Заманына амалын сайлап жүрген
Бүгінгі кәрі, әрі-сәрі кісі
Мынау сөзді бәзбіреу ырым қылар
Болмаса,күліп ырың-жырың қылар
Ермек үшін,не ұстара жоқтығынан
Өсірмеген сақалды бұрынғылар:
Уыстаса онысын –ойланғаны
Сілкісе-бір шешімге байланғаны
Амалы құрығанда ұшын шайнап,
Салаласа-іске асты ойға алғаны
Сақал-шеттеу бос дырду,құр дүрмектен
Сақал- алу сыбаға сый-құрметтен
Сақал-бұрып бетіңді құбылаға
Бұл жалғанды бағамдау тірлік еткен
«Бейнетімнің зейнетін бере көр»-деп
Адамға емес,Аллаға құлдық еткен
Бұл сөзімнің астарын ұққаннан соң
Қарттық жетіп алқымнан сыққаннан соң
Менің айтпақ ақылым бағанағы-
Сақал өсір зейнетке шыққаннан соң
Біреудің қалмай нала-өкпесіне
Зорықпай өреңіздің жетпесіне
Сақалыңа сай ғана ғұмыр кешсең
Мен кепіл ешкім сені сөкпесіне
Алпыс астым, алқынып қалмаймын ба
Қойторыны көне ізге салмаймын ба
Бес тал сақал шошайтып мен де өсірсем
Ақсақал статусын алмаймын ба
...Сөйтіп баба жорасын жалғаймын да...



1991-ж. ҮЛГІДЕГІ КОММЕРСАНТ ЖЕҢГЕЙГЕ ОДА

Аз уақытын сәл қиса
Дәріс ал көрші жеңгеден
Әңгімесі, әлқисса,
Басталады теңгеден
Сөз басы-пұл діттейтін,
Ал,аяғы .., аяғы..,
Айлап,жылдап бітпейтін
«Дикая Роза» баяғы...
Базардың күйін айтады
Көршінің үйін айтады
Құданың сыйын айтады
Ағамыздың басында...
Грамм жоқ мыйын айтады
«Еркектер анау өзіндей
Орып жүр-ау,орып жүр
Ал, бұл болса көз ілмей
Ескі үстелін қорып жүр
Айттым күйіп «Дегенің
Осы болса естиін
Ел құсап ішіп-жемедің
Бұтың сенің- беш тиын»
Түскенін сонша бағаның
Есептеп өзің санашы
Алты пұттық ағаның
Отыз-ақ тиын-бағасы
Қойылды аға бағасы
Жеңгей беттен қайтпайды
Пәлтесінің жағасы-
Неше мың қалай айтпайды
Дымчатая норка шәпкісі
«Le Monte» тіккен етігін
Келеді доллар тапқысы
Алтындап тістің кетігін
- Басқа жақта елдің-дейд
- Тұрмышы қалай көрдім-дейд
- Алдым және бердім-дейд
- Азулы бір фирмамен
Контракт жасап келдім-дейд
-Алматыға бардым-дейд
-Ылғи импорт алдым-дейд
-Бизнесті жолға салдым-дейд
-Банкрот боп қалдым-дейд
«Ұл барады оқуға
Қыз күйеуге шығады
Бәрі мыйды шоқуда
Басына түскен ұғады
Тойға да мені шығындайд
Жасаудың тапсам есебін
Оқуға көмей тығындайд
Қалтасымен шешенің
Размах жоқ, к черту, Күршімде
Усть-Каманға көшемін
Әнеу бір қатын жолыма
Конкурент боп жармасты
Шашын жұлып қолына
Бердім «Мә-деп-албасты»
Ашынған жаннан ер өтпейд
Талайды салдым табанға
Зверь болу керек-дейд-
Мынандай жесткий заманда»
Ақкөңіл, адал әмәндә-
Бұл жеңгей сондай жаман ба
Зверь қылған адамды
Шынымен «жесткий» заман ба...
Құмарбек ҚАЛИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы
Күршім ауданы
Күршім ауылы

Пікірлер:

өке | 26 қыркүйек 2014 12:25
Ата, осы саған не керек?!
Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Қаңтар 2017    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
Жаңалықтар