Өнер бақытты болуға көмектеседі

(Дауыстар: 1)
Өнер бақытты болуға көмектеседі

Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан өнер мұражайының көрме залына шуылдай кірген топ баланың дауысы бір сәт саябыр тауып, тып-тыныш бола қалды. Тәжірибелі маман, экскурсия жүргізуші Лариса Ивановна Мартынова бұл жолғы экскурсиясын әдеттегіден өзгешелеу бастады.

- Өнер адамға кездесетін кезкелген қиындықты жеңуге көмектеседі. Өнер бақытты болуға жетелейді. Сендер өмірге налымаңдар, балалар, өнерді сүйе біліңдер!...

Бұл жолы мұражайдағы көрмені тамашалауға келген балалар да ерекше еді - тағдырдың тезіне түскен, мүмкіндігі шектеулі жандар болатын.

...Өз жұмыстарын осыдан он жыл бұрын аз қамтылған азаматтарды қолдау қорынан шағын несие алып бастаған мүгедек әйелдердің Мағиза Мүбаракқызы Мервазетдинова жетекшілік ететін «Алтын-ай» қоғамдық бірлестігі бүгіндері аяқтарынан нық тұрған, танымал ұйымның біріне айналып отыр. Бірлестіктің тігін цехымен, ақпараттық-заңгерлік қызметімен бірге бүгінгі күні күндізгі, жартылай стационарлы САД (социальная адаптация детей - балаларды әлеуметтік бейімдеу) бөлімі жұмыс істейді.

- Осыдан бес жыл бұрын облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жүйке-неврологиялық сырқатқа шалдыққан балаларға әлеуметтік қызмет көрсетуді көздеген «Қолдау қадамы» жобасы бойынша осы бөлім ашылған болатын, - дейді бірлестіктің педагог-хореографы Ольга Пультер. - Мұнда қазір мүмкіндігі шектеулі балалар және он сегіз жастан асқан жасөспірімдер, барлығы елу бес адамға екі ауысымда әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Негізгі мақсат - жүйкесі, тірек-қозғалыс мүшлері зақымданған, мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамдық орындарда өзін-өзі дұрыс ұстай білуге бейімдеу. Бірлестікте олармен дефектологтар, логопедтер, дәрігер-психологтар түрлі жаттығу сабақтарын жүргізеді, ал педагогтар оларды тренажерлық залға, бассейнге, боулингке апарып жаттықтырады.

- Аптаның әрбір жұма күндері біз балаларды түрлі мәдени орындарға, қаланың көрікті жерлеріне экскурсияларға, саяхаттарға шығарып тұрамыз, - дейді педагог-психологтар Наталья Клиновицкая мен Надежда Анисова, - бүгін, міне, өнер мұражайына келіп, осындағы павлодарлық суретшілердің көрмесімен таныстық. Бізге үнемі тегін қызметтерін ұсынып тұратын мұражай басшылығына үлкен алғыс білдіреміз.

- Ата-аналары балаларын таңертең біздің орталыққа әкеліп, кешке алып қайтып жүреді. Әрине, күні бойы үйлерінде отырғанша, балалар біздің мекемеде көп нәрсеге үйренеді, қоғамдық ортаға бейімделеді.Алғаш келген кездерімен салыстырғанда олардың бойынан көп ілгерілеушілік байқалады, - дейді балаларды мұражайға ертіп келген мамандардың бірі - бөлімнің медицина қызметкері Марина Марилюк.

Мұражайдың екі бөлмелі кең залындағы қылқалам шеберлерінің адамды тамсандырар тамаша туындыларын зер сала көріп тұрған балалардың кішірек біреуі «Менің де осылай сурет салғым келеді» деп өзінің қатты қызыққандығын дауыстай білдірді. Балалар күлген жоқ. Өйткені, мұндай ынталы арман барлығының да санасына нұр болып құйылып тұрғандай еді.

- Алдыңа мақсат қойсаң, міндетті түрде саласың. Өнер деген күш-қуат беріп, әр адамның бақытты болуына көмектеседі, - деп Лариса Ивановна ынта білдірген баланың жігерін жанып қойды. Бір сәттік бақытқа кенелген жарымжан баланың солғын жүзі бал-бұл жанып, көзінен нұрлы сәуленің жылт-жылт еткен шоғы көрінгендей болды...

Айтмұхамбет Қасымов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар