«Азия Авто» концерні 100 мыңыншы көлігін конвейерден шығарды

(Дауыстар: 1)
«Азия Авто» концерні 100 мыңыншы көлігін конвейерден шығарды

Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін XI өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында Өскемендегі «Азия Авто» кәсіпорны өз конвейерінен мерейлі 100 мыңыншы автокөлігін шығарды. Салтанатты түрде өткен шараға ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев, Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау, «АвтоВАЗ» концернінің президенті Бу Инге Андерссон қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бүгінде аталмыш компанияның бірнеше стратегиялық серіктестері бар. Олардың қатарына Renault-Nissan-АвтоВАЗ, Volkswagen Group, General Motors, KIA Motors, УАЗ және КамАЗ сынды алдыңғы қатарлы әлемдік және Ресей автоконцерндері кіреді екен. Ең алғашқы көлігін 2003 жылы құрастырған «Азия Авто» санаулы жылдардың ішінде 100 мың көлік жасап шығарды.

ШҚО әкімі өзінің құттықтау сөзінде осыдан 11 жыл бұрын басталған зауыт жұмысына көп адамдар әуелде күмәнмен қарағандығын айтты.

- Зауыттың осындай жетістікке жететіндігіне ол кезде ешкім сенбеген еді. Он бір жылдың ішінде зауыт үлкен табыстарға қол жеткізді. 100 мыңыншы автомобильді бүкіл Қазақстанның мақтанышы деп айтуға болады. Бұл - еліміздегі автомобиль өндірісінің алға басып келе жатқанының айқын дәлелі. Ағымдағы жылдың 8 айының ішінде «Азия Авто» компаниясының өзінен ғана облыс бюджетіне 15 млрд. теңге салық төлемдері түсіп отыр. Өткен жылы бұл мекемеде 100 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл - өңіріміз үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін айтарлықтай табыс. 100 мың көлікті 11 жылдың емес, 1 жылдың ішінде ғана жасап шығаратын күн де алыс емес деп ойлаймын, - деді облыс әкімі.

Ағымдағы жылдың соңғы сегіз айында «Бипэк Авто - Азия Авто» компаниялар тобы ең көп сатқан көліктер тізімін «LADA» бастап тұр екен - 30387 бірлік. Одан кейінгі орында «KIA» - 11947, үздік үштікті қорытындылап тұрған «Chevrolet» бренді - 8104 бірлік. Әрмен қарай «Skoda», «UAZ», «Renault» маркалары жайғасыпты.

Салтанатты шара барысында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев бұл зауыт еліміздегі автомобиль құрастырушы кәсіпорындардың алғашқы қарлығашы екендігін атап өтті.

- «Азия Автоның» жұмысы жанданып, елімізде көлік құрастыру ісі ілгерілей бастаған соң, Қазақстанның басқа қалаларында да көлік құрастыратын жаңа кәсіпорындар ашыла бастады. Әлемдегі алпауыт машина жасаушы зауыттардың барлығы көлікті құрастырудан бастаған. Қазақстан да өзінің төл туындысын шығарып, толық циклді зауытын іске қосатын күн алыс емес, - деді Азат Перуашев.

Бүгінде Қазақстан ресейлік «АвтоВАЗ» компаниясының негізгі экспорттық рыногына айналған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір еліміздің жолдарымен 1,3 млн. «ВАЗ» көліктері ызғытып жүрген көрінеді. «АвтоВАЗ» концернінің жаңа президенті Бу Андерссонның айтуынша, 2016 жылға қарай ашылатын жаңа зауытта ең жоғарғы технологиялар қолданылмақ. Шығарылған көліктердің көбі Қазақстанға, бірқатары Сібірге сатылады екен.

2003 жылы конвейерден шыққан алғашқы көлік «LADA» 4х4 немесе «Нива» болатын. 100 мыңыншы машина да «Нива» болып шықты. Он бір жылдың ішінде еш өзгеріске ұшырамаған атақты көліктің «әкесі», «АвтоВаздың» бас конструкторы Петр Прусов Өскеменге қонаққа келіпті. Оның айтуынша, «Нива» шетелдік көптеген кроссоверлер жүре алмайтын жолсыз жерлерден оңай өте алады.

- Бұл модельді әзірлеген кезде оның осынша ұзақ жасайтынына және осынша әйгілі болатынына, отандық автоөндірістің аңызына айналатынына өзім де сенбеген едім. Қазір өзімнің жеке үш көлігім бар. Бірі - ескі «Нива», екіншісі - «Niva Chevrolet» және «KIA Sorento», - дейді Петр Прусов.

Жаңа модель өмірге келген 1977 жылы Еуропада қатты қыс болып, «Нива» шетелге көп экспортталыпты. Қазіргі кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер ол кезде атымен болмаған екен.

Дарын Нұрсапаров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар