Құрбан айт кезінде құрбандықты шамасы жеткендер ғана шалғаны абзал

(Дауыстар: 1)
Құрбан айт кезінде құрбандықты шамасы жеткендер ғана шалғаны абзал

Ораза айтынан кейін араға жетпіс күн салып жеткен қасиетті Құрбан айт мерекесі биыл облыс орталығында әдеттегідей кең ауқымда аталып өтпек. Сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар дәуірінен келе жатқан құрбан шалу рәсімі айт намазы оқылған соң басталып, үш күнге созылады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағындағы өкіл имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы мәлім етті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ислам дініндегі ең қасиетті бес мерекенің бірі - Құрбан айт қазанның 4-і күні таңғы сағат 8.00-де өңіріміздің барлық мешіттерінде айт намазын оқудан басталады. Айт намазынан бұрын діни мейраммен аймақ жұртшылығын ШҚО әкімі Бердібек Сапарабев Шығыс Қазақстан облыстық мешітіне арнайы келіп құттықтайды.

Осыдан соң мүмкіндігі жеткен, жағдайы бар мұсылман бауырлар Аллаһ ризашылығы үшін малдарын құрбандыққа шалуға кіріседі. Өкіл имамның айтуынша, құрбандыққа жылқыдан басқа қой, ешкі, сиыр, түйе жануарларын шалуға шариғатта рұқсат етілген. Қой мен ешкі тек бір ғана адам үшін шалынса, сиыр мен түйені жасына, көлеміне қарай жеті адамға дейін бірігіп шалуға болады. Өскеменде мал сату және құрбандыққа шалу рәсімі жылдағы дәстүр бойынша Меновное ауылының жанындағы атшабарда өтеді. Себебі, бұл жерде санитарлық тазалық пен басқа да тиісті талаптар қатаң сақталған.

- Құрбан айт кезінде әрбір мұсылман шамасы келгенше қайырымдылық істер жасағаны абзал. Оның сауабы мол. Бұл күні негізінен мүмкіндігі бар адамдар құрбандық шалады. Осы ретте біз биыл шаруа қожалықтарына құрбандыққа арнап әкелетін малдардың тым ірі болмауын ескертіп жатырмыз. Себебі, ірі малдар сатып алушылар үшін аса қымбатқа түседі. Одан бөлек біздер шалынатын түліктердің соқыр немесе шұнақ, мүйізі сынған, көтерем болмауын да қадағалаймыз. Құрбандық қала бойынша бір ғана жерде - Меновное атшабарында болады, - деп түсіндірген облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы айтулы мереке аясында атқарылатын өзге де іс-шараларға тоқталды.

Бұл күні сонымен қатар Ертістің сол жағалауында орналасқан облыстық мешіттің алдындағы алаңқайда өнер ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, гір көтеру, қол күрестіру, арқан тарту секілді әртүрлі спорттық ойындар өткізіледі. «Бауырсақ» фестивалі де осы жерде болады. «Шеберлер қалашығы» деген атаумен қолөнершілер көрмесі, мерекелік сауда-саттық, киіз үйдегі дастарқаннан дәм татқызу, ұтыс ойындары қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлайды.

Түскі сағат 12.00-де Өскемендегі «Үлбі» мейрамханасында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және көпбалалы аналарға арнап қайырымдылық ас беріледі.

Негізі, құрбандық шалу төмендегідей төрт шартқа ие жандарға уәжіп болады: мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Нисап мөлшері - 85 грамм алтын, яки, соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет емес, жағдайы келсе ғана рұқсат етілген.

Бір ескеретін жәйт, қандай да бір мекеменің немесе кәсіпорынның басшылары қарамағындағы жұмысшылардан белгілі бір мөлшерде ақша жинап, мал сатып алып құрбандық шалса, ол қабыл болмайды. Ірі қара малын бірігіп шалу кезіндегі адамдардың шекті саны жетеуден аспауы керек. Өкініш ке қарай, мұндай жағдайлар бүгінгі күні ел ішінде кездесіп қалып жүр.

Бас имамның айтуынша, құрбандық кезінде жердің таза болуына көңіл бөлу керек. Малды соятын жерге дейін ұрмай-соқпай апару және құбылаға қаратып сол жағымен жатқызу қажет. Мына аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқыған абзал: «Жүзімді мені керітартпа діндерден алыстатып, көктерді және жерді жаратқан әлемдердің раббысына бағыттадым» (Әнғам сүресі, 6/79). «Былай де: «Менің намазым да, түрлі ғибадаттарым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің раббысы Аллаһқа тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Оған алғашқы болып бас иген де - менмін» (Әнғам сүресі, 6/162-163). Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе «Иә, Аллаһ тағалам, бұл малды досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп немесе осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһуакбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады. Құрбан шалатын адам малды қинамай, жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі тиіс. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайраған дұрыс емес. Пышақ өткір болуы қажет. Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бісміллә, Аллаһу акбар» деп бауыздайды.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Айдар: Өскемен, Қоғам | Кілт сөдер: құрбан айт

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар