Неке куәлігін 70 жылдан соң алған қария

(Дауыстар: 1)
Неке куәлігін 70 жылдан соң алған қария

Бұл күні ерлі-зайыпты Әлибас пен Жамбы Бақтияровтардың щаңырағына жиналғандардың қарасы көп болды. Өскемен қалалық әкімдігінің өкілдері, алқызыл гүл шоқтарын ұстаған мектеп оқушылары, асай-мүсейлерін арқалаған жергілікті телеарналардың қызметкерлері шүйкедей кейуананы орталарына алып, мәре-сәре болысты. Баршасы жасы жүз үштің үстіне шыққан Бижамал әжейді 1 қазан-халықаралық қарттар күнімен арнайы құттықтай келгендер. Қалалық әкімдіктің мамандарының айтуынша, Өскеменде жүз жастан асқан сегіз адам бар екен. Міне, солардың бірі - Бижамал әже.

Үлкен Нарын бойындағы Жұлдыз ауылының жас шаңырақ иелері Сейітқамза мен Бижамал Шағиевтар да колхоз тіршілігімен айналысып, ел қатарлы тұрмыстарын түзеп келе жатқан болатын. Ұл мен қыздың әке-шешесі атанып та қалған еді. Бірақ батыстан төнген қара бұлт алаңсыз тұрмыс кешіп жатқан Алтайдың бір түкпіріндегі ауыл тұрғындарының да әптер-тәптерлерін шығарған. Ауылдың қолына қару ұстауға жарамды еркек кіндіктілері кезегімен майданға аттанып жатты.

1942 жылдың наурызында майданға шақырту қағазы Сейітқамза Шағиевқа да келген. Жастары жеткен әке-шешесі мен шиеттей екі баласын келіншегі Бижамалға аманаттап, тірі оралар-оралмасы беймәлім қатерлі сапарға аттанып кете барған. Ер азаматтар майданға аттанып кеткеннен кейін ауылдастарымен бірге «көппен көрген ұлы тойды» Бижамал да басынан өткерді. Ауылдағы шаруаға жарамдылар қатарында көктемде соқаның қос құлағын ұстап жер жыртты, жазда қол орақпен шөп шауып, күзде баулап егін орды. Жылдың төрт мезгілінде таусылып бітпес колхоз шаруасының соңында жүріп бір көзінен де айырылыпты. Кейінгі кезде сау көзі де көруден қалған, қазір бірінші топтағы мүгедек. Жағдайы осылай бола тұра жады берік, сөзі ширақ, әзіл-қалжыңы да қалтасында. Зейнетақысы қанша екенін сұрағанымызда: «Мына шіркіндерді асырап отырмын ғой» деді қызыл иегін көрсете күліп. Сөйтсек, бар-жоғы 37 мың теңге екен, тыл ардагерлеріне берілетін азын-аулақты қоса есептегенде.

Әкесі соғысқа аттанғанда үш жаста болған Дәулетханы кемел шағына жеткенде қайтыс болады, жыл өткен соң келіні басқа азаматпен бас құрап кетіпті. Бұл болса, немересі Талғатпен тұрып жатады. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген бар емес пе. Жас күнінде тартқан бейнеті мен қасіреті аз болғандай бар сенген Талғаты да жүрек талмасынан ерте қайтыс болады. Осыдан кейін Өскемендегі қызы мен күйеубаласы қолдарына алыпты.

- Е, қарақтарым-ай, осыншама жасқа келемін деп кім ойлаған. Бұл өмірде бәрін де көрдік қой, бәрі де есімде, қайсыбірін айтайын. Бәрінен де ел аман, жұрт тыныш, ұрпақ аман болсын. Патшамыз Назарбайға (Елбасын осылай атайды екен) амандық берсін, - деп бір ғасыр белесін артқа тастаған қарт ана шаршаңқырап қалғандай жастығына қисая берген соң бұдан әрі мазалауды жөн көрмедік.

Бұдан кейінгі әңгіменің тізгінін Әлибас қолына алған еді:

- Қыздың қолынан шығатын болдым ғой деп айта бергеннен кейін майдангердің жесірі ретінде баспана беріп қалғандай болса, Дәулетханнан қалған немере, шөберелерінің бірімен тұрар еді деген оймен қалалық әкімдікке анамыздың атынан ана бір жылы арыз берген едік. Сөйтсек, бұл кісінің қолында соғыста опат болған майдангердің жесірі екенін дәлелдейтін құжат болмай шықты. Екеуі некеге отырмапты, әне-мінемен жүргендерінде Сейітқамза атамыз майданға аттанып кеткен. Содан ауылдағы көнекөздерді куәландырып, неке куәлігін жетпіс жылдан кейін жасаттырып бердік,-дейді оны өзінің туған анасындай ардақтап отырған Әлибас замандасым.

Талай баланы жетім, талай ананы жесір атандырған сұм соғыс тылдағыларға да оңай соқпаған. Бижамал әже бір жылы қыста Катонқарағайдан ағаш дайындаушылар қатарында болыпты. Қалың орман ішінде белуардан қар кеше жүріп, ағаш дайындау әйел адамға қайдан жеңіл тисін. Жастықтың арқасында оған да шыдаған. Бір кубаметр дегені болар, «күніне бір «күбіт» ағаш дайындауға міндеттіміз, бір күбіт бір еңбеккүнге тең» дейді әжей өткен күндерінен шым-шымдап сыр тартқанымызда. Аздап демін алғаннан кейін тағы бір әңгімесінің шетін шығарған еді. «Қыста жем тартып келе жатқанмын. Ауылға жақындағанда арық өгізім жүруден қалды. Дереу доғарып тастадым да, шананы өзім сүйрей» жөнелдім. Сол күні атам марқұмнан бірінші рет сөз естідім. «Далаға тастай алмай жүрген жаның бар ма» деп қатты ұрысты» деп бір қойды.

Соғыс жылдарында «Шығыс шеңбері» жолын салуға колхозшылар да қатысқан дегенді естуші едік. Ал Өскемен мен Зырян жақты жалғап тұрған қазіргі Таулы Үлбідегі тау жолын салуға ауыл адамдарының қатысқандарын бірінші рет Бижамал әжейден естідік. Бұл соғыстың алдында болса керек. Осы жолды салысуға әр колхоздан үш-төрт адамнан жұмыс қолы тартылыпты. Бұлардың колхозынан жол жұмысына Сейітқамза мен інісі Сейітқан, Бижамал үшеуі жіберіліпті. «Азаматтар қайламен тау қопарып, тас жарды. Әйелдер сол үгінділерді тәшкемен жолға таситынбыз» дейді әжей осы жұмысты құдды бір күні кеше атқарғандай.

Әжеден қай айда туғанын жорта сұрағанбыз. Жауабын Әлибас берді күле отырып.

- Соңғы кездері сүйегімді елге апарыңдар дегенді жиі айтатын болды. Былтыр осындай бір әңгіме үстінде «Апа, биыл қыс қатты болып тұр, көктем туғанша рұқсат жоқ» деп қалжыңдағаным бар. Содан көктем де келді, жердің тоңы жібіді деп тағы да қалжыңдадым. «Келсе, келе берсін, әзірге кетпеймін, шешем марқұм ел жайлаудан түсіп, күзеуге қонып жатқан қоңыр күзде туғансың дейтұғын» деп қалжыңыма қалжыңмен жауап берген, - дейді Әлибас.

Иә, «мың күнгі жұмақтан бір күнгі жарық дүние артық» дегенді бабаларымыз тегін айтпаған болар. Үш перзентінен сегіз немере, он алты шөбере, төрт шөпшек сүйіп отырған кейуанаға Алла тағаланың берер жасын жасай беріңіз, бақуатты болыңыз деген тілегімізді білдірдік. Көп жасаған, көпті көрген әз ана жиналған қауымға ақ жүрегінен шыққан ақ батасын берді.

Мұрат Әміренов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар