Туған өлке тарихының жыршысы

(Дауыстар: 1)
Туған өлке тарихының жыршысы

Қазан айының соңғы күні Өскемендегі Шығыс Қазақстан өнер мұражайында облыстық мемлекеттік мұрағатпен бірге, мұрағат ісінің үздігі, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Станислав Евгеньевич Черныхтың туғанына 80 жыл толуына арналған еске алу кеші өткізілді.

Келушілер мұражайдың фойесінде өлкетанушыға арналған көрмені аралады. Кеш Виктор Типтюктің «Черных - азамат, мұрағатшы, өлкетанушы» деген деректі фильмін тамашалаумен басталды.

Өскемен қаласының тумасы, жұмысқа 13 жасынан бастап араласқан Станислав Евгеньевич ұшқыш болуды және кітаптар жазуды арман еткен еді. Өзінің табандылығының арқасында оның екі арманы да жүзеге асты. 18 жасында комсомолдың шақыруымен авиацияға кетті. Павлодар қаласындағы ұшқыштарды алғашқы даярлықтан өткізу авиациялық мектебін және Новосибирскідегі Сталинград сынақшы-ұшқыштар әскери училищесін бітіріп, Уралдың әскери авиабөлімдерінде қызмет етті, МИГ-15 бис реактивті истребительдерінде ұшты. Ұшу жұмыстарында омыртқасынан жарақат алып, 1960 жылғы желтоқсанда капитан шенінде запасқа шығарылды.

Ұзаққа созылған сырқат оның жігерін мұқата алмады. Өлкетану, зерттеу және әдеби жұмыстармен шұғылдануы оны облыстық мемлекеттік мұрағатқа алып келді. 1962 - 1967 жылдары Москва мемлекеттік тарихи-мұрағат институтының сырттай бөлімінде оқып, оны үздік бітірді. 1965 жылдан 1988 жылға дейін ШҚО мемлекеттік мұрағатына басшылық жасады.

Туған өлке тарихының жыршысы

Тұрақты түрде зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, «Простор», «Дальний Восток», «Молодая гвардия» сияқты, және басқа да облыстық, республикалық, одақтық деңгейдегі көптеген журналдарға жарияланып жүрді. «Қазақстандық Совет Одағының батырлары», «Қазақстандық Социалистік Еңбек ерлері», «Кенді Алтай тарихи очерктері» жинақтарын әзірлеп, баспаға дайындауға атсалысты. Оның жетекшілігімен «Олар Отан үшін шайқасты, «Жұмысшы мәртебесінің қаласы», «Зыряновск» және басқа да жинақтар әзірленіп, жарыққа шықты. Журналдар мен жинақтарда оның 150-ге жуық, ал газеттерде 1000-ға тарта еңбектері жарияланды.

Көп жылдар С.Е.Черных деректі проза саласында еңбек етті. 1981 жылы оның «Ертіс жағалауынан» деп аталатын алғашқы тарихи-деректі очерктер кітабы жарық көрді. Одан кейін «Жалындаған бір ғана сезім» және көркем өмірбаяндық жанрда жазылған «Алтай аспанының астында» кітаптары жарыққа шықты. Ол кітаптар П.Васильев, А.Волков, Е.Пермитин, А.Иванов, Н.Горбачев, П.Кузнецов, Н.Анов, ағайынды Белослюдовтардың және басқа да танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылық қызметтеріне арналған. Ол Абай Құнанбаев, Қаныш Сәтпаев, Сәрсен Аманжоловтың өмірлерінен бұған дейін белгісіз болып келген көптеген деректерді тауып, жариялады. С.Е.Черных талантты совет ақыны П.Н.Васильевтің өмірі мен шығармашылық жолын зерттеуге 20 жылдан аса уақыт жұмсады. Көп жылғы еңбегінің нәтижесі - 1989 жылы жарыққа шыққан «Павел Васильев туралы естеліктер» кітабы.

Оның жұмыс істеген кезінде облыстың мұрағат мекемелері соңғы орындардан республикадағы жетекші мекемелер қатарына көтеріліп, көптеген озық бастамалар мен жарқын істердің ұйтқысы болды.

1991 жылғы 14 желтоқсанда ұзаққа созылған сырқаттан соң С.Е.Черных фәни дүниеден озды.

С.Е.Черныхты еске алу кешінде облыстық мемлекеттік мұрағат директоры Алдияр Әубәкіров, Риддер мұрағатының директоры М. Күзембаева, Зырян қалалық мұрағатының қызметкері С Тілеубергенова,марқұмның жары Галина Николаевна, қызы Татьяна, немересі Максим, жазушы Б.Щербаков, ақын Г.Пуссеп және басқалар сөз сөйлеп, еске алу кешіне қатысқан туыстарының, достары мен Өскемен, Семей, Зырян, Риддер қалалары мемлекеттік мұрағаттарынан келген әріптестерінің жүрекжарды, ақжарма тілектерін жеткізді.

Айтмұхамбет Қасымов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар