Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің алғашқы құрылу кезеңі

(Дауыстар: 1)
Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің алғашқы құрылу кезеңі

Қасиетті Алаш ордасына ат басын бұрған барлық қонақтардың рухани байлық алуға келетін киелі орнының бірі - «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы. Мұражай қазақ даласын өз өлеңдерімен сусындатып, шығыс пен батыс әдебиетін қазақ сахарасына өзіндік ерекшелігімен жеткізе білген Абайды, оның шығармаларын келешек ұрпаққа шашауын шашпай жеткізуді негізгі мақсаты етті.

Сан ғасырлық тарихы болмаса да, жетпіс төрт жылдық тарихы бар мұражай Абай мұрасы мен ақын шәкірттері туралы деректерді жан-жақты зерттеп, жинақтап отырған қара шаңырақ. Жетпіс төрт жыл деген аз уақыт емес, осы кезеңде мұражай тарихында талай ел мақтанышына айналған ағаларымыз бен апайларымыз ерен еңбек етіп, Абай шығармашылығына байланысты мақалалар жазылып, диссертациялар қорғалып, кітаптар шығарылды, ел-елге насихатталды және бүгінгі таңда жалғасын табуда. Мұның барлығы өткен тарих және бүгінгі күнде де қызметкерлердің атқарып жүрген істері.

Ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді, өнерімізді ұлықтайтын орта - музей екенін жақсы білеміз. Осы мақсатта Абайдың әдеби музейінің тарихы 1939 жылы 19 желтоқсанда «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына - 95 жыл толу мерейтойын өткізу жөніндегі» Семей қаласында комиссия отырысынан бастау алады. Жиналыс А.Ақшаловтың төрағалығымен, комиссия мүшелері: Ә.Жиреншин, Н.Баймұратов, Ә.Ысқақұлы, Ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы П. Миронов қатысуымен өтеді. Жиын барысында Ә.Жиреншин әзірлеген «Семей қаласындағы Абай үйін ұстау және Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 95-жылдық мерейтойын өткізу шығындары туралы сметаға түсіндірме хатын» ұсынады. Түсіндірме хатта және жоспарда Абай музей-үйін қажетті жабдықтар мен әдебиеттер, экспонаттар және архивтік-фотосуреттік материалдармен қамтамасыз ету жайы айтылады. Комиссия мүшелері Абайдың үйі ұлы жазушының әдеби мұраларын жинақтау және сақтау орталығы болуы қажет деп есептеп, музейді жабдықтауға кететін қаржы есебі, яғни Абайға тиесілі заттарды алуға, Абай оқыған орыс және әлемдік классиктер мен ғалымдарының кітаптарын алуға жұмсалатын қаражат қарастырылған. Музей ашылған кезде жұмысшылар, ғылыми-педагогикалық қызметкерлерге, колхозшыларға, жазушылар мен қала қонақтарына үнемі кеңес беріп отыратын штат мәселелері қарастыруды жөн деп санайды. Сонымен қатар 95-жылдық мерейтойды өткізу жоспарында Шыңғыстау ауданында (қазіргі Абай ауданы) Абайдың зиратын жөндеп мемориалдық тақта орнату, Абайдың өмірі мен шәкірттері: Мағауия, Ақылбай, Әубәкір, Көкбайға және тағы басқа да материалдарды ғылыми тұрғыда қарастырып, жинақ шығару, Семей қаласының мектептері мен мекемелерде баяндамалар, лекциялар өткізуді жоспарлаған. Абай үйінде жинақталған жаңа архивтік материалдар мен фотосуреттерді қою және жинақтау Мұхтар Әуезовке, Әбусағит Жиреншинге, Әрхам Ысқақұлына жүктеледі. Бұл жиналыс нәтижесінде «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына - 95 жыл толу мерейтойына дайындық және өткізу жоспарын» бекітіп, Абайдың ескерткіші 1942 жылы орнатылу керек деп есептейді. Ә.Жиреншин, Н.Құрманбаев жолдастарға Абайдың мерейтойын өткізуге қатысты шығындар сметасын толықтырып жасау жүктеледі де: «Просит план проведения юбилея Абая утвердить не позднее 20/ХІІ. 39 года и предоставить в СНК Каз ССР» - деген қаулы шығарады (№1 хаттама, 19.12.1939 ж. Іс № 3).

1939 жылы 20 желтоқсандағы Семей облысы бойынша Қаз.ССР-нің Жоғарғы Кеңес Президиумының Ұйымдастыру комитетінің 274-қаулысы бойынша «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына - 95 жыл толу мерейтойына дайындық және өткізу жоспарын бекіту» туралы ұсыныстары бекітіледі. Семей қалалық кеңесіне Абай көшесі 83 үй мекен-жайындағы үйді 1940 жылдың 15 қаңтарына дейін босатуды және қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуді міндеттейді. Осы шараларды өткізуге ҚазССР Халық Комиссарлар кеңесінен 110 000 рубль бөлуді өтінеді (№ 274 қаулы, 20.12.1939 ж. Іс № 3). Яғни Абай көшесі 83 Бекбай Бәйісовтың үйі - Абайдың Семейге келгенде түсіп жүретін үйлердің бірі болатын.

1939 жылы 20 желтоқсанда Семей облысы бойынша Қаз.ССР-нің Жоғарғы Кеңес Президиумының Ұйымдастыру комитетінің «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына - 95 жыл толу мерейтойына дайындық және өткізу құрамы туралы» 275 қаулысы бойынша бұрынғы комиссия мүшелерінің шығып кетуіне байланысты комиссия құрамы жаңадан бекітіледі. Комиссия төрағасы: А.Ақшалов. Комиссия мүшелері: халық ақыны – Н. Баймұратов; М. Әуезов – жазушы; Ж.Сыздықов – облыстық «Екпінді» газетінің редакторы; В.Трифонов - «Прииртышская правда» газетінің редакторы, Н.Құрманбаев – облисполком комиссиясының мүшесі, Ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы П. Миронов. Осы кезеңнен бастап Абай мұрасын насихаттауға арналған жұмыстар қарқын алды.

Абайтанушы М.Әуезов және сол кездегі Ғылым Академиясының президенті Қ.Сәтбаев Абай музейінің құрылуына ықпалы етеді. М.О.Әуезовтің «Абай юбилейі туралы» («Қазақ әдебиеті», 5 қаңтар 1940 жыл) және «Зерттеушілерге» («Екпінді», 17 маусым 1940 жыл) деген мақалалары да абайтанушыларға ой-түрткі болды.

Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің алғашқы құрылу кезеңі
Абай республикалық әдеби музейі 1940-1944 жылдары Бекбай Байысов үйінде орналасты

Семей облыстық Еңбекші депутаттар Кеңесінің атқарушы комитетінің 1940 жылы 19 майдағы № 493 шешімі бойынша Абай музейіне абайтанушы-экскурсовод болып Әрхам Ысқақұлы тағайындалады. Осы жұмыстардың нәтижесінде Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы ұлы ақынның туғанына 95 жыл толу мерекесінің қарсаңында 1940 жылы 1 сәуірде Қазақ ССР-нің Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы бойынша «Абайдың әдеби-мемориалдық музейі» ұйымдастырылып, Абайға қатысты құжаттар, көзкөрген адамдардың, ұрпақтарының естеліктері жинақталып, қазан айының 16 күні мұражай салтанатты түрде ашылып, алғашқы көрермендерін қабылдады.

Абайдың туғанына 95 жыл толуына өткізілген мерейтойы - Абайдың 100 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткізу шараларының дайындық кезеңі еді.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, Абай ұрпақтарының да қан майданға аттанған кезі. 1941-1945 жылдардағы соғыс қай салада болмасын өз кедергісін тигізді. Осы қиын-қыстау кезеңге қарамастан Абайға қатысты деректер жинау қарқынды жүргізіліп, атқарылған істер бойынша үнемі есептер беріліп, үкімет және абайтанушылар тарапынан тексерулер жиі жүргізіліп отырған. Осындай тексерудің бірі - 13.12.1941 жылғы тексеру. Тексеру актісінде: «1. Музей имеет двух этажное здание из 8 комнат, на которых 4 комнаты заняты под экспозицию, 2 комнаты библиотечной-читальней и 2 комнаты под канцелярию. Состояние помещений санитарном отношении хорошое. 2. Экспозиция музея построена в основном из фотографических снимок и вещей, имеющих определенную связь с жизнью и деятельностью Абая. На все экспонаты имеются карточки с указанием названия, даты приобретения, цены и источника. Расположение экспонатов пока что не имеет твердую структуру, а экспонаты расположены примерно по таким темам: «Эпоха Абая», «Кочевой быт казахов», «Быт самого Абая», «Литературная школа Абая» и другие», - деп жаңадан жасалған музей экспозициясында атқарылған істерді, Қазақстанда алғаш ашылған әдеби музей болса да белгілі бір жүймен жүргізілген жұмыс барысын көрсетеді. Абай шығармаларын жинау, жариялау, дүниетанымын бағдарлаумен қатар музей педагогикасын жолға қою мәселелері де туындаған еді. Жәдігерлерді жинастырумен бірге оларды ғылыми тұрғыда зерттеудің, сақтау, жинақталған және жиналатын құнды кітаптар мен қолжазбалар қорын қалыпқа келтіру жұмыстары назардан қалмады. Сол кездегі Москва жерінде орналасқан «Пушкин» музейі және басқа да музейлермен музей ісі туралы хат алмасып отырады. Ол хаттар музей архивінде сақтаулы.

1942 жылы директор Ж.Тлеков жолдастың «О работе литературного музея Абая» атты 1941 жылы жасалған жұмыстар туралы есебінде 1940 жылғы алғашқы директоры жолдас Р.Айтбосыновтың жұмысын қорытындылап, 1941 жылдың бес айында музейге алынған Абайға тиесілі заттар тізімін ұсынады: ер, тоғызқұмалақ, сағат, тіс, Абайдың белбеуі, ожау, әбдіре, кебеже, Абайдың әйелінің шкафы, Құнанбайдың тақиясы, Абайдың ұлы Мағауияның кір шомбалы, Берікбай бақсының қобызы, Турағұлдың ері, аңшылық заттары және 1909 жылы Петроградта шыққан Абай шығармаларының алғашқы жинағы, 60 жуық Абай туралы естеліктер, Абайдың орыс досы Михаэлис архиві және т.б. («О работе литературного музея Абая» Іс № 3, 93 бет).

Соғыс жылдарындағы кадр мәселесі де көкейкесті болған, директорлары да үнемі ауысып отырған, алғашқы жылдары барлығы 6 штат бөлініп, қосымша абайтанушы 45 корреспондент жұмыс істеді, 1942-1943 жылдары штаттан 2 қысқартылды. Штат мәселесінің қысқаруына қарамастан жұмыс абайтанушы корреспонденттердің жұмыстарымен жалғасты. 1944 жылы республикалық музей қатарына енгізілуіне және 100 жылдық мерейтой қарсаңында мекеме жұмысының ауқымдылығына орай 14 бірлік штат бөлінеді.

Ақын Шәкір Әбенұлы 1941 жылдың 1-ші мамырынан шілденің ортасына дейін Абай мұражайында экскурсовод болып қызмет атқарады. 1941 жылдың аяғында Шәкір Әбенұлы ұсталып, Фрунзе қаласының түрмесінде қамалады. 1942 жылы майданға сұранып соғысқа аттанады.

1941-1945 жылдардағы соғыс уақытына қарамастан ауыл-ауылдарда дәрістер оқылып, жылжымалы көрмелер ұйымдастырылды. Абайдың медреседе оқыған кітаптары алынып, Абай шығарамаларының библиографиясын жасау жұмыстары жүргізілді. Материалдарды жинақтау үшін кітапхана, түрлі мұрағаттарда жұмыс істеп, қолөнер туындыларын іздесітірді. Семей облыстық Еңбекші депутаттар Кеңесінің атқару комитетінің шешімі бойынша НКВД архивінен, ел ішіндегі қариялардан Абайдың ақын шәкірттері туралы материалдарды іздестіру және жинау Қайым Мұхамедхановқа жүктеледі. Абай мұражайы архивінде Көкбайдың шәкірті Есентай Бердиннің Қ.Мұхамедхановқа жазған хаты сақталған. Онда ол мұражай тапсырысы бойынша Көкбайдың өмірбаянын жазып жатқанын баяндайды.

Абайдың 100 жылдық мерейтойына дайындық және өткізуге байланысты Семей облысының арнайы комиссиясы құрылып, оның төрағасына Ә.Жүсіпов, ғылыми хатшылыққа Қ.Мұхамедханов тағайындалды. Абай мерейтойына дайындық жұмыстарының жоспары жасалды. Атқарылатын шаралардың ауқымдылығына назар аударып, жаңа ғимаратқа көшіру қажеттілігі жөнінде мәселе көтерді: «Музей - Қазақстандағы тұңғыш әдеби музейі. Абайға, тіпті қазақ әдебиеті тарихына байланысты жұмыс жүргізетін ғылыми-зерттеу орны деп қараймыз. Жаңа үйге көшіру осыған байланысты. Музей өзінің экспозициялық планын өзгертіп, кеңейтіп Абай өмірін, Абай тұрмысын көрсету керек», - деп жазылған. Жоспардағы шаралардың ішінде Абай мұражайын Комиссар көшесіндегі Әнияр Молдабаев үйіне көшіру, сол ғимараттың ауласын абаттандыру, Абай даңғылында жөндеу жұмыстарын жүргізу және тағы да басқа шаралар жүзеге асады.

Сол жылы Абай мұражайының экспозициялық жоспарында келесі тақырыптар қамтылды:
I.Абай заманы
II.Абайдың балалық шағы (1845-1855)
III.Оқу жылдары
IY. Қырдағы өмірі (1859-1873)
Y. Білім толықтыру кезеңі (1873-1886)
YI. Абай шығармашылығы

Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің алғашқы құрылу кезеңі
Абай музейі 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаев үйінде жұмыс істеді

Осы жылдары музей 8 ғылыми еңбек бастыруға келім-шартқа отырады. Ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша музейге «Абайдың ақындық мектебі» «Абай шәкірттері: Ақылбай, Турағұл, Кәкітай, Әубәкір шығармалар жинағы», «Әріп», «Көкбай», «Абайдың орыс достары», «Абай туралы естелік», «Абай заманындағы Семей қаласының мәдени өмірі», «Абай және ақын-жазушылардың шығармашылығы», «Абай туралы естеліктер», «Абай ауданы» (тарихи-географиялық және мәдени-экономикалық очерк), Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми жинақтар дайындау жұмыстары жоспарланған еді.

Музейдің ғылыми қызметкері Борис Аккерман жергілікті мұрағаттан Абайдың орыс достары туралы материалдар жинақтауды қолға алып, Абайдың досы Михаэлистің қызы Людмила Евгеньевна Хотимскаямен байланысып, әкесі туралы естелік жазуды, оған қатысты құжаттарды музейге тапсыру жөнінде өтініш білдіреді.

Жидебайдағы ақынның тұрған үйін қалпына келтіру және жабдықтау мақсатында қыстау, киіз үйдің және тобықты елінде сол заманда пайдаланған заттарының ғылыми сипаттамасы жасалды.

1944 жылы 7 тамызда Қ.Мұхамедханов Қазақстан Ғылым Академиясының тапсырысы бойынша «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына «Қазақ халқының тарихи әндері» атты көлемі 2,5 баспа табақ мақаласын дайындап, ғылыми мекемеге өткізді.

Мерейтойға шақырылатын Абай туыстарының, зиялы қауымның және мерейтой қарсаңында Абай және оның ақындық айналысына арналған музей қызметкерлерінің жарияланатын зерттеу мақалаларының тізімі де әзірленеді.

1945 жыл Отан соғысы аяқталып, бейбітшілік орнады. Музейдің жаңа экспозициялық жұмыстары да аяқталды. Жидебайдағы ақын қыстауы қалпына келтіріліп, Абай заманындағы заттармен жабдықталды. Абай тойын өткізу жоспары да жасалып, нақты мерзімі анықталып, Семей облыстық Абай мерекесін өткізу комитеті құрылды. Оның төрағасы Семей облысы атқару комитетінің председателі Х.Байұзақов, орынбасары болып Қ.Мұхамедханов тағайындалды. Абай тойы тамыз айының 26-30 күндері аралығында өтеді.

1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуы халықтық мерекеге айналып, қазан төңкерісінен кейін жан-жаққа жер аударылған Абай ұрпақтарыда қатысады. 100-жылдық мерейтойға келген Абай ұрпақтары мен туыстарының фотосуреті мұражайда сақтаулы. Мерейтой қарсаңында Абай ұрпақтары музейге өз заттарын сыйға тартады.

Қазақ жеріндегі ашылған алғашқы әдеби-мемориалдық музейдің қазақтың сөз өнерінің сұлтаны атанған Абай мұрасын жинақтап, бір арнаға түсуіне жасаған алғашқы қадамдары осындай. Абай музейінің тарихы мұнымен аяқталмайды, бірақ музейдің құрылуына негіз болған жағдайлар мен себепкер болған адамдар еңбектерін екшеп көрсету қажет. 1940-1945 жылдардың қиыншылығына қарамастан қара шаңырақта жұмыс істеген асыл тұяқ ағаларымыздың еңбектерінің арқасы. Қайнар бұлақтың көзін ашып, музейді бүгінгі күнге жеткізуде орнатылған діңгектің негізі осындай.

Абайдың мемлекеттік-қорық мұражайының
аға ғылыми қызметкері Раушан Елекенова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz

Пікірлер:

Сіздің пікіріңіз
Ең танымал
Twitter Facebook Vkontakte
Пікірлер
Сауалнама
Өлім жазасы - керек пе?
Мақұлдаймын, ауыр қылмысты жазалау керек.
Заңды жаңарту керек, кінәсіздерді жазаламау үшін.
Қарсымын, басқа жаза түрі болу керек.
Қарсымын, бұл адамгершіліксіз.
Маған бәрібір.


Барлық сауалнамалар
Қазақстан Өскемен


Күнтізбе
«    Желтоқсан 2016    »
ДүйСейСәрБейЖұмСенЖек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Жаңалықтар